Егеменді еліміздің, тәуелсіз мемлекеттің тұтқасын ұстар мықты, білімді, саналы, намысшыл азаматтарды тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше. Бала тәрбиесі ата-ана мен мектептің ортақ жемісі. Дана халқымызда: « Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар. Бұл ата-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орнын, атқаратын қызметінің ұшан-теңіз екенінің дәлелі.
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл- Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Ол оның алдағы өміріне апат әкеледі» — дегендей бала тәрбиесі өзекті мәселе.
Ата- ана болу оңай, бірақ баланы тәрбиелеу кез келген ата-анаға оңай соқпайды. Баланы дұрыс, өз ортасында өзін ыңғайлы сезінетіндей тәрбиелеу үшін әр бір ата-ана өзінің бойында адамгершілік, жауапкершілік, табандылық, еңбекқорлық, мейірімділік қасиеттерін дамытып, соның элементтерін бала бойына сіңіруі қажет. Отбасында балаға мейірім шуағын төгу, бойындағы барлық жақсы асыл қасиеттерін ұрпағына дарыту ата- ананың өз перзенті алдында борышының өтелуінің алғы шарттарының бірі. Мектептегі әрбір оқушының алдағы өмірінде өз орнын табуға, жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазының ықпалы ерекше.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман», «Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ойы, азаматтардың алдаспаны» — деп өскелең ұрпақ, ұстаздардың алдына үлкен міндет қойды.
Заман талабына лайықты азамат тәрбиелеп, білім беру кез келген ұстаздың ұрпақ алдындағы қасиетті борышы. Осы ортақ міндетті іске асыруда әрбір ата-ана мектептің алғашқы,сенімді көмекшісі, қолдаушысы болу тиіс. Өкінішке орай, кейде ата- аналар бала тәрбиесіне де, білім сапасына да ұстазы жауапты деген оймен барлық жауапкершілікті мектепке артуға ыңғай танытады. Тұрақты жұмысының болмауы, отбасындағы сәтсіз жағдайлары тұрақсыз неке т.б. баланың білім сапасына тікелей әсер етеді.Тұрақты мекен-жайы жоқ, ашқұрсақ немесе ұйқысы қанбаған оқушының сабаққа ынтасы қайдан болсын? Әрине «Үйлену оңай, үй болу қиын». Осы даналықтың астарында: өмірге әкелген ұрпағына жағдай жасау, қатарынан кем етпей тәрбиелеу, бақытты балалық шақ сыйлау, оңы мен солын таныту жатқан жоқ па?
Қазіргі таңда оқушының білім алуына жан – жақты жағдайлар жасалған. Мектепте барлық кабинеттерде ақпараттық коммуникативтік технологиялар (АКТ), робототехника бәсекеге қабілетті, сапалы біліммен қаруланған оқушының білім алуына мүмкіндік береді.
Ұстаздық еңбек жолындағы тәжірибеме сүйенсем, мектепте қандай ұстаз оқытса да, қаншалықты мағыналы тәрбие сағаттары өткізілсе де оқушы отбасындағы тәрбиесінен алшақ кете алмайтынына көзім жетті. Сондықтан ата- ана бала тәрбиесінде шалыс қадам жасамауы тиіс.
«Баланың бас ұстазы ата-ана» екенін бір сәтте естен шығармағаны жөн. Ата-ана баласына отбасында қандай тәрбие берсе, келешегі соның жемісін көреді. Әрине, келешектен жақсы үміт күтетініміз анық. Сол себепті бала тәрбиесіне селсоқ қарамай ортақ пікірге келіп, мектеппен тығыз байланыста болып, баланың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өзі ұнататын іспен айналысуына жағдай жасауы керек. Оқушы мектеп қабырғасында 9 немесе 11 жыл ғана тәрбиеленеді. Бұл оның өміріндегі аз ғана, бірақ шешуші кезең. Осы кезеңде ата-ана мектепке қолдау көрсетіп, оқушыға сәтті, бақытты кезеңнен бүкіл өміріне азық болатын тәрбие алуына ықпал жасауға міндетті.
Білім саласындағы өзгерістер оқушы психологиясына әсер етпей қоймайды. Мектепте жағымды психологиялық орта қалыптастыру, білім берушілерге жағдай жасау мектеп әкімшілігі, ата-аналар ұйымы, қамқоршылық кеңес тарапынан қолдау табуда.
Заңғар жазушы М.О. Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деп тәрбиенің отбасындағы рөлін баса көрсеткен. Ал орыс педагогы А.С.Макаренко «бала тәрбиесінің ана құрсағынан басталатынын» дәлелдеген болатын. Осы пікірлерді ескере отырып ұрпақ тәрбиесіне ата-аналардың жауапкершілікпен қарауы бала болашағының сенімді кепілі екені даусыз.
Жұмагелдиева Гүлдариха Жаппарқұлқызы,
Түркістан облысы, Кентау қаласы
Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы
орта мектебінің директоры