Home » Мақалалар » Тәрбие – тал бесіктен басталады

Тәрбие – тал бесіктен басталады

 

«Бала тәрбиесі — бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер,
жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер»
Мағжан Жұмабаев.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Сондықтан адам өмірінің мәні болатын ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, алдымен отбасының міндеті болса, екіншіден мектептің міндеті.

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі-өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Бала «социум» ретінде дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне  таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек.

Кейбіреулер бақыт деген құдіретті сөздің мағынасы, өмірінің жалғасы ұрпағы екеніне мән бермеуі де мүмкін. Бақытты байлықтан, атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді де, ұрпағының тәрбиесін босатын алады.

Қазіргі кезде жастарды тәрбиелеу ең күрделі әлеуметтік мәселе. Себебі бүгінгі ғылым мен технологияның құшақ жайып дамыған кезінде, баланың санасын ұландырмай, ұлттық тұрғыда тәрбиелеу міндетті тұр. «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле. Рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деген дана сөзде терең мағына жатыр. Сондықтан жастарымыздың ұұттық сана- езімін тәрбиелеуде отбасының, мектептің және жүрген ортасының рөлі зор.

Халқымыздың  даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылар еді.

Қазіргі өз аузымызға, өз қолымыз жеткен заманда, тәуелсіздігіміздің тұғыры көтерілген шақта ең алғашқы алға қояр міндеттердің бірі – бала тәрбиесі, еліміздің болашағын жалғастырушы білімді, білікті, ибалы да инабатты ұрпақ тәрбиелеу.

Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Балаға өз ата-анасынанжақын, адал, сүйікті жан жоқ. Өкінішке орай, қазіргі кезде толық отбасылардың саны азаюда.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясының «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» деп аталатын басымды бағытында: «Біздің елімізде толық емес отбасылар көп… Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы.  Өкінішке орай, бұл жаймен қоғамымыз күресіп келеді, бірақ, олардың саны толастар емес…

Елбасымыз өзінің Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа үлкен инвестиция» деп жалғастыра келе, жалғыз басты аналарға қамқорлық көрсету мәселесін де қозғады. Себебі бүгінгі таңда әкесіз өсіп жатқан балалр жетерлік.

Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға кері әсерін тигізетін бағыттар көбейіп кетті. Қоғамымызда осындай үдерістердің ұлғаюы салдарынан салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады.
Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құнды­лықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.

«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» дегендей, бала тәрбиесіндегі маңызды орын алатын орын  – мектеп. Жеке тұлға мен қоғам құндылықтарының жандануы адам өмірінің негізгі тамыры болып саналатын адамгершілік, ұқыптылық, ар мен намыс, парыз бен жауапкершілікті қалыптастыратын да, осы мектеп. Сондықтан да бүгінгі таңдағы мектеп заман талабына сай білім ордасы ретінде жан-жақты біліммен қатар, тәрбие кешені болуы керек.

Қазіргі кезде жеткіншектер араасындағы қылмыс ең күрделі де қиын әлеуметтік мәселеге айналды. Бір-біріне қастандық жасау, өз-өзіне қол салу сияқты теріс қылықтар жиі белең алуда. Мұндай мінез құлық ауытқушылығы мәселесі педагогикалық психологияның басты әрі маңызды мәселелерінің бірі.

Тәрбиедегі олқылық пен мінезінің нашарлығы баланы тәртіпсіздікке итермелейді. Осындай жағдайда мектепте тәртібі нашар балалармен коррекциялық жұмыстар жүргізудің өз ерекшелігі бар. Жеткіншекпен жүргізілетін жеке жұмыс пайдасы мол. Алдымен, отбасымен тығыз байланыста болу қажет. Отбасылық қарым-қатынас диагностикасынан кейін, психокоррекциялық жұмысты жеке және топтық түрінде жүргізуге болады.

Көп жағдайда ұстаз жас жеткіншекті өзіне жақын тартып, оның жан дүниесіне үңіле отырып, тығырықтан шығудың жолын бірге іздеу керек. Осы тұрғыдағы балалар бойында агрессия басым болып, көз жасымен, ашумен жауап қайтарады. Бала есейе келе бұл жат қылықтар біртіндеп азая түседі, егер балаға дер кезінде дұрыс көмек көрсетілсе.

Халқымыздың ұлы ақыны Абай атамыз баланың өмірді танып-білуіне, оның бойын­да қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Себебі бала алдындағы абырой оның өзіне үлгі тұтатын тұлғасына айналады.

Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз. Бұл ойдың тармағы бүгінгі тәрбиешінің кәсіптік шеберлігінде, шығармашылық дамуына әкеліп соғады.

Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Сондықтан халқымыздың ұлттық тәлім-тәрбиесіне қатынасты сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерімен  туындаған салт-дәстұр, әдет-ғұрыптары бала тәрбиесінде негізгі орын алады.

Тәрбие – тал бесіктен басталады деген ұғымның мағынасы өте тереңде жатыр. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.

Бүгінгі күнгі педагогтардың, отбасы мен жұртшылықтың күш-жігерін үйлестіріп отыру – сынып жетекшісінің міндеті. Баланың алғашқы тәрбиешісі ата-ана десек, баланың көзқарасы және нанымы, мінез-құлық дағдылары мен әдеттері отбасында қалыптасады. Ал бала тәрбиелеуде, оқытуда мектеп шешуші роль атқарады. Мемлекет балаларды тәрбиелеуде отбасыға мектеп арқылы көмектесіп, отбасылық тәрбиенің мазмұны мен ұйымдастырылуына әсер етіп отырады. Яғни мектеп мемлекеттік мекеме есебінде жасөспірімдер мен жастарды дұрыс тәрбиелеуде отбасына жәрдемдесуге, ата-аналар арасында педагогикалық насихатты белсене жүргізуге міндетті.

Мектеп пен отбасы бірлесіп күш-жігер жұмсамай отырып, жеткіншек ұрпақтың жан-жақты дамуына ат салысулары тиіс. Кемелденген ел жағдайында мектептің отбасы өміріне белсене араласудың үлкен маңызы бар. Бұл ең алдымен балалардың адамгершілік кемелдігін қамтамасыз ету үшін керек. Ендеше білім ордасының отбасымен және жұртшылықпен байланысы, негізінен, сынып жетекшілері арқылы жүзеге асады. Төменгі сыныптарда мұғалімдер ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен үнемі байланыста болады. Ата-аналармен кездескенді оларды мектептің талабымен таныстырып, оқушыларға әсер етудің формалары мен әдістері жөнінде келісіп алады

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы жасөспірім тәрбесінде – ортақ мақсатты бірлесе талдау, өзара пікір алмасу, сезім әлеміне бірлесіп, қуанышта ортақтас болу секілді кең ауқымды эмоция түрлерін қамтиды. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ортақ келісімде іс-әрекеттер, өзара түсіністік қалыптасады. Бұл жерде мектеп ұжымының ынтымақтастығы, жасөспірімдердің бірі-бірімен ынтымақтастығы және отбасы мүшелерінің ішкі ынтымақтастығы да аса маңызды факторлар екендігі айту керек.

Қорыта келе айтарым, «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген дана сөздерді өзіне ұран ететін ұрпақты тәрбиелеу, сіз бен біздің міндетіміз.

 

 

Накупова Бақыт Барашқызы,
Павлодар қаласы № 30 жалпы орта
білім беру мектебінің тарих пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.