Home » Бастауыш » Тәрбие – тал бесіктен басталады. Отбасы, балабақша тәрбиесі

Тәрбие – тал бесіктен басталады. Отбасы, балабақша тәрбиесі

Тәрбие тал бесіктен басталады. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.

Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиенің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, мәдениетіне, ынтымақтастығына, отбасында бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына, көзқарастары мен мақсаттарының бірлігіне байланысты.

Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек.

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, яғни, қоғамға, өзі- өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс-тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс-әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады.

Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы! Қай заманда болсын, ата-ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Бала дүниеге келген күннен бастап ұлттық тәрбиені санасына сіңіре берсе, өсе келе бала зиянды нәрселерден аулақ болады. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек.

Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі.

Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Отбасындағы тағылым мен үлгі өнегенің, балабақшадағы тәлім тәрбиенің жүйелі бірізді жүргізулерінен бастау алатыны баршаға белгілі. Халқымыз: «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні дәл осы кезде іске асатынын меңзесе керек.

Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.

Балабақшаға барғанда өз жасындағы балалармен бірге ойнайды, сөйлеседі. Бұл жерде тіл алғыш, айтқанды істемейтін, жылауық, сабырлы балалардың ортасына, яғни, аралас ортаға барады. Балабақшада осылардың әртүрлігіне мән беріп, жалпы ортақ тәрбие – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Ол тәрбиешінің қатысуымен іске асады.

Қазір мектеп жасына дейінгі балалар бірыңғай бұрынғыдай тыңдаушы ғана емес, оқырман да. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында оқу қызметін меңгерту басты бағыты болып саналады. Ересек адам мектепке дейінгі балаға күшті педагогикалық әсер етеді, ол өзара әрекет үрдісінде кешенді әдістер мен тәсілдердің көмегімен танымдық белсенділікті қалыптастыруға, балалардың психикалық ойлау, қабылдау, ес, зейін, сөйлеуді, өзіне сенімділікті және ынталықты дамыта отырып, олардың белсенді танымдық іс-әрекетпен шығармашылыққа бой алуына көмектеседі.

Халқымыздың даналығында «Баланы жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылар еді. Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.Бұл ойдың тармағы бүгінгі тәрбиешінің кәсіптік шеберлігінде, шығармашылық дамуына әкеліп соғады.

Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген парасатты азамат тәрбиелеп өсіру—әрбір отбасының, балабақшаның, барша елдің міндеті. Осы міндетті орындауда мектепке дейінгі тәрбие мекемесі – балабақшаның рөлі өте зор. Әр үйдің кішкене балбөбектері білім ордасына дейін ата-анасының тәлімді тәрбиесімен қатар мейірімге толы ізгілікпен құшақ жайып, өнер,білімге баулитын балабақша саясында өсетіні анық. Бала біздің болашағымыз.Олай болса мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол-үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Балабақшада бала тәрбие мен білімді ала отырып, шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыра алады. Бұл жерде баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ойын түрлерін ұйымдастыру мен еңбексүйгіштікке тәрбиелеу бағыты жоғары нәтиже береді. Балалардың өзі-өзіне қызмет ету, үлкендерге көмектесуі олардың жеке тұлға ретінде дамуының көрсеткіші боп табылады. Балабақшаның мақсаты: Балаларды жалпыға міндетті білім беру стандартына сай оқыту мен тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстанатын, денсаулығы мықты, парасатты да, инабатты ұрпақ тәрбиелеу.Әр баланы бүлдіршін кезінен адамгершілікке, имандылықпен мәдени-гигиеналық машықтарды қалыптастыруға, Отанын сүюге баулу. Мектепке дейінгі балаларға оқу қызметтерінен тыс дамыту формалары өз әсерін тигізеді. Әр түрлі мерекелік ертеңгіліктер бала сезіміне ерекше әсер ететін, оны игілікті мінез-құлыққа тәрбиелейтін қайырымдылық әрекеттерге бағыттайтын маңызды форма болып саналады. Қазіргі дамыған заманда ешбір жас ұрпақ білімсіз қалмауы керек, бүгінгі жас ұрпақ бойына білім нәрін сусындатып, алға қарай қызығушылығын арттыру басты міндетіміз. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел болашағы, біз әрқашан заманауи білімді балаға беріп отырсақ, біздің балаларымыздың болашағы жарқын болмақ. Айта кетсек ЖШС «Премиум -Талғар» бөбекжай балабақшасында балалардың жан-жақты тәрбиесіне,біліміне және шығармашылығын ашуға септігін тигізуде деп  айта аламын. Балабақшамызда жыл бойына өткізілетін мерекелер, семинарлар, ашық оқу қызметтері яғни, «Тәуелсіздік күні»,«Жаңа-жыл мерекесі», «Аналар мейрамы», «Алтын күз», «Наурыз тойы», «Балабақшамен қоштасу», «9 мамыр Жеңіс күні»  іс-шаралары т.б мерекелерді өткізу кезеңінде ән, тақпақ, би билеу балалардың рухани дамуына оның кемел жетілуіне, олардың бойына адамгершілік құндылықтардың терең тамыр жаюына ықпал етеді.Әрине, мұндай тәрбиелік шаралар, ертеңгіліктер үнемі ата-аналардың қолдауымен,  қатысуымен өткізіледі. Балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста болған жағдайда ғана талапқа сай жұмыстар жүргізуге болады. Осындай тәрбиелік іс-шараларды өткізе отырып, бала бойына жастай өз ұлтымыздың тәрбиесін қалыптастыратынымызға сеніміміз мол. «Жақсы өнеге  көрсе бала бүгінде, еңбегімен қуантады түбінде» немесе «Ертең өзің қалмау үшін табаға, жақсы өнеге көрсете біл балаға» деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың аталы да баталы сөзін бағдар етіп ұстансақ бала тәрбиесінде баршамыздың жоғарғы жетістіктерге жететінімізге ешкімнің күмәні жоқ. Келешекте олай болса, осы берілген тәрбие ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

 

 

   Бейсен Жазира Бейсенқызы,

Талғар қаласы

ЖШС «Премиум — Талғар»

балабақша меңгерушісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.