Home » Мақалалар » ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Бекей Бахытгүл
Өскемен қазақ-түрік лицейінің
кітапханашысы

Қазақ халқы әр перзентін көзінің қарашығындай қорғап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген. Адамның тұлға ретінде қалыптасуында отбасының алатын орны ерекше. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», — деген екен. Расында да бесік жырын білмейтін аналар көп.  Жылаған баланы бесік жырын айтып тербеткен қазақ әйелін сирек кездестіремін. Медицинада іште жатқан сәбидің өз ата-анасының даусын танитыны, олардың емірене сөйлегенін ажырата алатыны дәлелденген. Шетел ғалымдары іште жатқан балаға тәжірибе жасап бес айынан бастап,  өз елінің ұлттық музыкасын тындатып өсірген. Кейін әлгі сәби дүние есігін ашқанда, сол музыкаға елеңдеп, өзгеше тебіреніспен тыңдағаны айтылады. Міне бала тәрбиесі бесіктен деген осы да. Туған елдің ұлттық құндылығын құлағына сіңіріп өсірген  абыз аталар, қайран аналар?! Өз баласын өскенше, немересін өлгенше бағатын әжелер де азайып барады. Заман көшінен қалмай, күнкөріс қамымен жұмыс жасайтын ата- аналар  балаларды балабақшаға беруге, одан қала берсе күтушіге сеніп тапсыруға мәжбүр. Балам дейтін әже болмаса, ата-әжем дейтін немере қайдан шықсын. Немерелеріне тәлім-тәрбие, өнеге, шежіре үйретеді деген аталар айқайшы шалға айналды. Бесік жырын айтатын аналарымыз ғаламтордың шырмауына байланса, ертегі айтар әжелеріміз шетелдің сериалдарын көруден босамайтын болды.

Ата-әжелеріміз немерелеріне ертегі айта ма!? Әрине, санаулы-ақ…  Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бес саусақ бірдей емес. Егер ата-әжелер өзінің бала кезінде ертегі, дастандарға қанып өссе, өзінің немересіне де ертегі айтып берер еді. Мысалы, дана Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зере Абайға халық ауыз әдебиетін, ертегі, дастандармен қанаттандырып, сөз өнері өлеңге қанат сілтетті. Ұлы Абайдың Абай болып танылуына, рухани кемелденуіне әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның қосқан үлесі мол.   «Ел болам десең бесігіңді түзе», — деп Мұхтар Әуезов айтқандай аналарымыз баласына бесік жырын жырласа, ата-әжелеріміз ертегі, дастандарын құраса нұр үстіне нұр болар еді. Көненің көзі, асылдың сынығы дегендей көне дастан жырлар жүрекке жетіп жан дүниемізді рухани байлыққа бөлейді. Ата-бабаларының ғибратты істерін, аңыз әңгімелерін тыңдап өскен баланың ақыл-ойы да бай болмақ.

Өз үйінде атасы мен әжесінің «айналайынына» қанып, туған әкесі мен анасының аялы алақаны мен мейірімін көріп өскен ұрпақтың саналы, тәрбиелі, көргенді болып өсері ақиқат. Сол себепті ұлттық құндылықтарымызды қолға алуымыз қажет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.