Home » Балабақша » Тәрбие отбасынан басталады

Тәрбие отбасынан басталады

 

Отбасы-адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатыр. Бала өмірінің алғашқы күннен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.

Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы. Ал, балалары алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатыр. Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналар алдында үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі «ең алдымен дені сау, ұлттың сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттар қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген. Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Балалар ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп, оны түсінуге тырысады. Ата-аналар да балаларының күн сайынғы әрекеттерін қадағалап жағдайларын біліп отырады. Отбасының берік негізі міне, осы рухани мүддесінің бірлігінде. Оның біртұтас ынтымақта болуы,  береке бірлігі ең алдымен ата-ана мүддесінің мәнімен мағынасында әке мен шешенің бір-біріне балаларына, олардың достары мен жолдастарына  деген қарым-қатынасына байланысты болады.

Босағасы берік отбасында әрбір адам өзара қамқарлық пен татулыққа, үй іші жұмыстарын жұмыла кірісіп орындауға, жақсы мен жаман туралы пікірлерін ортаға салып ұштастыруға қаражатын дұрыс бөліп тұтынуға үйренеді. Отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы балалардың еңбекқор болуы, қарауы, адамды құрметтеуі сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Баланың адамдармен қарым-қатынас жасауы, қоғамға енуі отбасынан басталады. Сондай-ақ, отбасының баланың дамуы мен қалыптасуы процесіндегі рөлі ерекше. Отбасында тұрмыстың белгілі жағдайларыжасалады, мәдени орта қалыптасады.

«Ұяда не көрсең ұшқанда соны аласың» дегендей бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Бала өскен сайын оның негізгі отбасында мектепке дейінгі жаста қаланады.

Бала жақсы адам болып өсуі үшін ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды ең әділетті қарым-қатынастардың куәсі болуы керек. Ол ата-анасының өзіне қандай қамқоршы сүйеніш екенін сезінуі керек. Анасы баласына әкесін өз әрекеттері арқылы қуанып сыйлап құрметтеуді, оның жұмысын жеңілдетіп, оған қолқанат болып жүруін талап етіп түсіндіріп отырады.

Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығынан, тіпті бірегей саяси көзқарасты ұстануы соған орай ерлі-зайыптылық және ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен байқалады.

Отбасының негізгі міндеті-баланы еңбек етуге, жарқын сезімдер мен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бұл қасиеттердің бәрі негізінен отбасы-ошақ қасында қалыптасып нығаяды. Өз ата-анасын сыйлап, құрметтеп үйренген бала өзге ата-аналарды да құрметтей біледі. Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес, ол үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Қазақтың ұлы ақыны Абай да отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-аналар тарапынан кемшіліктерді ескере отырып, отбасы тәрбиесін ұйымдастыруға кеңестер береді. Нақтырақ айтатын болсақ Абай өзінің 10 сөзінде: «Әуелі баланың өзің алдайсың: әне оны берем, міне мұны берем деп баста баланың алдағаныңа мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса кімнен көресің?» -деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды.

Қазақ ағартушыларынан С.Көбеевте отбасы тәрбиесі мәселелеріне аса үлкен мән берген. Ол өзінің  «Баланы семьяда тәрбиелеу» деген еңбегінде ата-аналардың балалары алдындағы беделі отбасындағы тәрбие нәтижесі екендігін атап көрсетеді.  Ұзақ жылдар бойы отбасы тәрбиесі баланы тәрбиелеудің бірден бір формасы болып келеді. Қазіргі қоғамдағы отбасы баланың шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін тәрбиелік ықпал жасайтын негізгі ошақ болып отыр. Адамзат тарихындағы   отбасы тәрбиесінің тәжірибесі көптеген педагогикалық теориялардың пайда болуына алып келеді. Бала негізгі тәрбиені алдымен отбасында ата-анасынан алады. Әрине, әркім өзінің баласын жаман болсын демейді, оның тәрбиелі, білімді болғанын қалайды, әрі еңбек сүйгіш жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасы тигізетіндей бір маман иесі, үлкен дәрежелі қызмет иесі болса екен деп те тілеіді. Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын ата-ананың өзі. Бала тәрбиесі бесіктен басталады демей ме? Балаға дүниеге келісімен  көңіл аударып, «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» дегендей оның өнегелі қасиеттерін отбасында қалыптастырған жөн. Балаға білім беру үшін ең алдымен оны тәрбиелеген жөн, тәрбиесіз берілген білім, ол ертең бір апатқа әкеп соғады. Баламызды балабақшаға жіберіп, бақша тәрбие береді, білім береді деп бар ауыртпалықты тәрбиешіге салып қойғанымыз жеткіліксіз. Баланы балабақшаға берген соң ата-ана тәрбиеші мен тығыз қарым-қатынаста болып, оның дұрыс тәрбие мен білім алуына бірлесе әрекет етуі тиіс. Еліміздің өркендеуі, дамуы, болашағы қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелімжан-жақты білімді болуына көп байланысты.

Кейбір ата-аналар жұмыстан шаршап келгенін сылтауратып, баланың тәрбиесіне 30 минутта көңіл аударуға уақыт бөле алмайды немесе тәрбие ісімен айналысуға ерінеді. Баланың күнделікті өмірінде бірден-бір әрекетін ата-ана ескерусіз қалдырмаған жөн. Жақсы нәрсесін мақтап, білмегенін айтып түсіндіріп үйретіп отыру көп жетістікке қол жеткізеді.

Бекибаева Акболдык Карагуловна

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы

«Болашақ»бөбекжайы» МКҚК

 Әдіскер

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.