Home » Жаңалықтар » Тәрбие көкжиегі

Тәрбие көкжиегі

Тәрбие – қашан да өскелең ұрпақтың тағдырын айқындайтын құндылық бедерін жоғалтқан емес. Отбасындағы тәрбие баланың ата-анасының еншісінде дейтін болсақ, ал мектептегі тәрбиенің шәкірт өмірінде алатын орын ерекше. Білім мен тәрбиені егіз ұғым деп қарайтын болсақ, екі арнаны бір жерге тоғыстырудың да өзіндік күнгейі мен көлеңкелі тұстары болатыны анық. Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы қаламыздағы іргелі білім ошақтарының бірі. Ұстаздар қауымы әрқашан жаңалықты жатырқамай қабылдап, мемлекеттік саясатын жүзеге асыру бағытында аянбай тер төгіп келе жатыр. Ал осындай әдемі үйлесімділікті сақтау – кемеңгер басшы мен жаңашыл қосшыға тән қасиет.

Бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған кейіпкер Өтегенова Лайла Сағиқызы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Өзінің 20 жылдық еңбек жолында ұйымдастырушылық, ізденгіш, жаңашыл тұлға ретінде танылып келеді. Өзгелерден де шығармашылықты, нәтижелі болуды талап етеді. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын әр түрлі байқаулар мен шараларға мектеп ұжымын тұрақты қатыстырып отырады.

Биыл аталмыш білім ордасына 100 жыл және қаламыздың 200 жылдығына да дайындық жұмыстарын бастап кетті. Осыған орай мектептегі 5-7 сынып оқушылары арасында тарихи тақырыптар аясында көңілді тапқыштар алаңы ұйымдастырылды. Оқушылар тарихи мекеніміздің өткені, бүгінгісі мен келешегі туралы өз болжамдарын астарлы әзілмен жеткізді. Нәтижесінде 6ә, 7в сынып оқушылары жеңімпаз деп танылса, 6б, 7а сынып оқушылары 2-орын, ал 5б, 6в сынып оқушылары 3 — орынды иеленді.

Мектеп – тұлға қалыптастыратын іргелі орындардың бірі. Ал ұстаз оның жүрегі. Олай болса болашақ ел тізгінін ұстайтын тұлға тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегінің өнбегі боларына сенім мол.

Қуанышбаева Зәуретай Бозғұланқызы,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№1 мектеп-гимназиясының әлеуметтік педагогы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.