Home » Балабақша » Тәрбие басы – тал бесік

Тәрбие басы – тал бесік

Бабаларымыздан қалған «Тәрбие басы – тал бесік» — деген нақыл бар. Иә, данышпан ата-бабаларымыз бала тәрбиесін сол бесік жырынан тегін бастамаса керек. Бесікке бөленген сәби үшін тәрбие басы – Бесік жыры. Ананың бесік жырымен бесіктен шыққан бала әнге, өнерге сол құйттай кезінен жақын болады. Себебі ана сүтімен бірге құлағына сіңісті болған әсем ән ұрпақ үшін өмірлік серік болатынын ол кісілер жақсы білген. Қазақ халқының өлеңге, ақындыққа жақындығын ғалымдар осыдан деп түсіндіреді. Ол шындық та болар. Себебі бірер шумақ өлең құрай алмайтын қазақ жоқ. Ендеше бүгінгі заманауи кездің өзінде де сәбиді бесікке бөлеп өсірудің маңызы зор екенін ұмытпағанымыз ләзім. Бұл біріншіден, нәрестенің гигиеналық тазалығына, дене бітімінің жақсы қалыптасуына игі ықпалын тигізсе, ең бастысы, баланың бойына өнер дәнегін сіңіретіні тағы бар екен.

Сондықтан, бесіктен үркудің қажеті шамалы. Қайта бүгінгідей «Рухани жаңғыру» кезеңінде халқымыздың ұлттық салт-тұрмыстық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, заманына сай жаңартып, күнделікті өмірімізге енгізуге біріншіден балабақша тәрбиешілері ұйытқы болса, нұр үстіне нұр. Осы ретте, балабақшада бүлдіршіндерге тал бесікті көрсетіп, екі-үш жастан бастап-ақ таныстыра берудің еш сөкеттігі жоқ дер едік. Бір әдемі тал бесік балабақшада тұрса артық болмас. Ойын кезінде бүлдіршіндер оған қуыршақ-сәбилерін бөлеп үйренсе қандай ғанибет! Ұлттық салт-дәстүрге баулу дегеніміздің басы осы болмас па еді.

Негізі тәрбие баланың жасына қарамайды. Ғалымдардың айтуынша, сәби  үшін  үш   пен бес жастың арасында берілген тәлім-тәрбие мәңгілік болып қалады  екен. Аталарымыздың «Баланы – жастан» — деген қағидасы да осыған саятыны көрініп тұр. Демек кішкентай күннен көріп, біліп, көкейге тоқығаны  өмір-бақи ұмытылмайтын көрінеді.  Тағы бір данышпанымыздың: «Балалар сәбилік пен данышпандық арасында өмір сүреді» деген  ұлағатты сөзі бар екен. Міне, балабақша тәрбиешісінің асыл парызы мен басты міндеті – сәби бойындағы осы екі әлемнің құпиясын таба білу, тани білу, көре білу. Сөйтіп, тәлім-тәрбие жұмыстарын соған орай ұтымды ұйымдастырған тәлімгердің ұтары мол.

Балабақша жасындағы бүлдіршіндер үшін  берілер тәрбие мен білімнің көрнекілігі  тиімді. Яғни жүз рет естігенше, бір рет көрген артық дегендей, бала өзі көзімен көріп, қолымен ұстап, өзі жасап үйренсе, ұмытылмайды.  Ол үшін  баланы алдымен сол іске қызықтыра білу шарт. Қандай іске болса да (мейлі ол тәрбиелік, қолөнерлік болса да), бүлдіршін өз қызығушылығымен кіріссе, нәтижесі жоғары болмақ. Балабақшадағы тәрбие жұмысы «өйт,бүйт» немесе «өйтпе, бүйтпе» деген сияқты құрғақ ақыл, не, құрғақ тыйыммен емес, көрнекі мысалдармен, шағын   көрсетілім түрінде жүргізілсе құба-құп. Бұл ретте халық ертегілерін көптеп пайдалануға болады. Сол арқылы бүлдіршіндердің бойына жақсылық пен жамандық, жомарттық пен сараңдық, досқа деген адалдық  жайлы  ізгі ұғымдарды берік орнықтыруға болады. Және ол қысқа да нұсқа қойылым-көрсетілімдерді балалар  өздері «сахналауы» тиіс. Мұндай тәсілді ұтымды қолдана білген тәрбиеші-тәлімгерлердің «екі жеп, биге шығары» сөзсіз. Себебі, мұнда біріншіден, сәби бойында жамандықтан жиреніп, жақсылыққа еліктеу дәнегі қалыптасса, екіншіден, өнерге бейімделіп, талабын ұштай бастайды.

Ендігі бір мәселе балаларды еңбексүйгіштікке баулу. Бұл орайда, қазіргі кезде не көп, құрастырмалы ойыншықтар мен құрал-жабдықтар көп.Олар сәбилердің ой-өрісін кеңейтіп, икемділіктерін арттырары даусыз.

Біздің айтпағымыз, бүлдіршіндерді дәстүрлі халық өнеріне баулу. Оларға сол жайында мағлұматтар беріп, бабаларымыздың қолөнерімен жақынырақ таныстыру. Ертеде халқымыз тұтынған астау, торсық секілді ыдыстар мен алаша, сырмақ секілді  тұрмыстық бұйымдарды көрсетіп, олардың қалай жасалатынын (мүмкіндігіне қарай жасап) түсіндіру де балалар үшін маңызды тәлім.

Мәселен, қарапайым ғана жүннің өзінен қаншама дүние-мүліктер жасалатынын. Оның қалай түтіліп, иіріліп, боялып, дайын шикізатқа айналатынын өздерімен бірлесе отырып жасап, үйретудің еш қиындығы болмас деп ойлаймыз.

Қысқасы, «әлі кішкентай ғой, кезі келгенде үйренеді ғой» — деген қазақшылықты қойып, дәл осы балабақшадан бастап қыздарға ине, біз ұстап, түрлі тігін, тоқыма жұмыстарын үйрене берудің артықтығы жоқ. Ұлдарымыз қамшы өріп, ағаштан оның сабын дайындауды үйренсе, қол өнерге, ұлттық ата салтымызға деген сүйіспеншілігі оянары, ұлтжандылығының артары сөзсіз. Тек, жоғарыда айтқанымыздай, мұның бәрі ойын түрінде өткізілуі тиіс. Бастысы – балалардың қызығушылығын, әуестенуін оята білу. Тәрбие жұмысы сонда ғана өзінің нәтижелі жемісін бермек.

Сәния Жұманова,
Алматы қаласы,
МКҚК №67 балабақша тәрбиешісі.

      

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.