Ұл жарытып ас бермес,
Әке өнегесін көрмесе.
Қыз ақылды ескермес,
Ана үлгісін көрмесе
(Халық даналығы)
Халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын балалардың бойына сіңдіру, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.
Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне назар аударған. Кішкентайынан бала бойына адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде.
Тәрбие тал бесіктен…
Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбие беру. Тәрбие тал бесіктен басталады. Баланы бесіктен тәрбиелеу қажет.
Баланы бесікке салу дәстүрі баланың жетіліп, өсуіне септігін тигізеді. Ата-бабамыздан қалған мұраны одан әрі жалғастыру біздің еншімізде. Баланы бесікке саларда ауылдың аса құрметті анасы таңдап алынады. Көп бала өсіріп, тәрбиелеп отырған ардақты анаға жас сәбиді бесікке салу рәсімі сеніп тапсырылады. Осылайша, қазақ халқы жас сәбиге асыл аналардың жолын берсін деген ниетпен ырымдаған.
Бесікке жатқан бала дені сау, ұйқысы тыныш, дүниетанымы кең, өмірге құштар болып өседі. Тілі де ерте шығып, балабақшаға барғанда қатарластарынан оқ бойы озық тұрады. Олай болуы орынды да. Өйткені, бесікте жатқан бала ана әлдиімен ұйықтап, ана әлдиімен оянады. Бала бесікте жатып әуезді әнді тыңдап қана қоймайды, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі. Айналаны бағдарлайды, өмір сүру қағидаларымен танысады, ата-анасын, атасы мен апасын, бауырларын таниды. Олармен тілдесуді бастайды. Алғашқы айлардан бастап-ақ бала жекелеген буындарды айтып, сөйлей бастайды. Анасың еркелеткенін, кейіген сәттерін ажырата алады. Әкесінің жұмыстан келіп, құшағына алған сәттердің бәрі бала зердесінен өтеді. Уақыт келе, бала өскен сайын, көп нәрсені үйренуге талпынып, айналадағы құбылыстарға зер сала бастайды. Баланы бесікке салып өсіру аналарға көп көмек. Кейде ана бар шаруаға үлгере алмай жататыны бар. Жас баланы тамақтандырып, бесікке салып қойып, әлдилей отырып, тамақ әзірлеуге уақыт табуға болады. Дер кезінде қажетті істерді атқарып қойып, сәбимен ұзақ тілдесуді дағдыға айналдырған жөн.
Халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Тәрбие берудің негізі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Әсіресе, кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Олар тек сүйіспеншілік, махаббатпен ғана өсіп — жетіледі деп айтсам артық болмас.
Ендеше, сүйіспеншілік – бала тәрбиесіндегі негізгі қағида. Ең алдымен, баланың пікіріне құлақ асу керек. Сөйлеген бала өзінің ішкі дүниесін ашып береді. Ол қандай қателік жасаса да, әуелі тыңдау керек. Мүмкін, ол балалықпен жасаған шығар. Оның ішкі жан дүниесімен сырласпай жатып, оған ұрысып, жазалау дұрыс емес. Баланы шектен тыс көп тыя бермеу керек. Ол балаға барлық жағынан үлкен зиянын тигізеді. Кейін баланың ынжық болып өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ата-ана қашан да баласының тілеуін тілеу керек. Оған әрқашанда сүйеу болып, өз көмегін тигізу қажет. «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады». (Абай)
Осы ұлағатты сөзді атам қазақ ерте заманнан бастап ұрпағына өсиет етіп қалдырған. Сөз қадірін білетін өнегелі әрі салиқалы адам бұл сөзді алтынға да сатпасы анық. Дүние есігін шыр етіп ашқан көшпендінің баласы ғана тал бесікте тербелген. Бұл бір жағынан, сәбиге «әлі ештеңе түсінбейді» деген сәбилік көзқараспен қарамау керек дегені де болар. Осы сәттен бала тәрбиесін қолға алу керектігін ата-бабаларымыз ескерткен. Шынын айту керек, біз, яғни еліміз егемендік алған тұстан бері тәрбиенің тізгінін босатып алдық. Күнделікті тіршіліктің жайын күйттеп жұмыс-жұмыс деп үйдегі бала тәрбиесін шетке шегеріп қойдық. Енді міне, соның «жемісін» көріп те жатырмыз.
Тәуелсіз Қазақстанға жаңа, тың тәрбиенің көздері қажет екенін уақыт өзі екшеп көрсетіп отыр. Дербес Қазақстан мемлекетіне елдің, жердің, қазақ ұлтының қамын күйттеп, намысын жанитын тәрбиенің жолдары қажет.
Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында да «қазақстандық патриотизм» тақырыбын қатаң әрі жауапкершілікпен қолға алу керектігін қадап айтты. Жаңа тәрбиенің жолдарын қарастыру тақырыбы өзінен-өзі пісіп жетілді.
Бала тәрбиесі – қиын да күрделі үдеріс. Баласының жақсы болғанын армандамайтын ата-ана жоқ. Тіпті баласының болашағы үшін отқа да, суға да түсіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген ата-аналар қаншама десеңізші?! Бала тәрбиесі туралы сөз ете қалғанда, алты айлық баласын тәрбиешіге әкелген ата-анаға «сіз балаңыздың бір жарым жыл тәрбиесін өткізіп алдыңыз, баланы іште жатқаннан бастап тәрбиелеу керек» деп аса кемелдікпен жауап берген жер бетінде қазақтан асқан балажан халық жоқ шығар. Неге десеңіз, «бала бауыр еті», «балалы үй базар» деген халықтың бір қызын бір ауыл болып тәрбиелейтін өзіндік үлгісі әлемнің өзге бірде бір жұртында кездеспейтін құбылыс десек артық айтқандық емес. Барлық ата-ана баласының дарынды да тәрбиелі болып өсіп, өз қатарының алды болғанын қалайды. Баланы осы мақсатқа сай тәрбиелеу тек оның білім алатын орны, яғни мектепте ғана деп ойлаймыз. Әлбетте, бұл бала тәрбиесі үшін жеткіліксіз. Өйткені бала тәрбиесі ерекше күш жігерді, еңбекті қажет ететіндігін бәріміз білсек те, көбінесе онымен айналысуға қолымыз тие бермейтіні де, тіпті, осы ғибратты іске мән бермей жататынымыз да жасырын емес. Кейін баламыз есейген кезде «сен маған тартпағансың», «ананы олай істемедің, мынаны бұлай істемедің» деп кінәлап жатамыз. Баланың әр қызығы – бал қылық, бірақ, сол қызыққа талғап, талдап қарамайтынымыз да белгілі. Кішкентай кезінде баламыздың біреуді дөрекі сөздермен балағаттағанын қызық көреміз, оны ересектерге айтақтап, қыздыра түсетініміз және бар. Баламызды «үлкендерді сыйла, құрметте» деп тәрбиелеудің орнына теріс жолға салып отырғанымызды бағамдай бермейміз. Кейін өскенде өзімізбен дөрекі сөйлессе, ренжіп, бірге шылым шексе, жекіп жатамыз, бала кішкентай кезінде кез келген істе ересектердің өзін қолдап, мақтайтынын сезсе сол іске тез бейімделіп, әдеттеніп кететінін жете ұғына бермейміз. Жалпы біз балажан халық болғанымызбен оны тұлға деп танып, ақыл иесі ретінде қабылдай бермейміз. Біздің ойымызша баламыз біздің айтқанымызды істеп, айдағанымызбен жүретін, әлі ақылы толыса қоймаған тіршілік иесі дейміз де, бірақ талап қоюға келгенде қатайып кететініміз рас. Сол талаптың үддесінен шыға білмесе, баламызды жер қылып жасытамыз. Балаға жекіріп, зекіген сайын жасыта беретінімізді аңғармаймыз. Мұндай отбасында тәрбиеленген балалар екі түрлі болып өседі. Біреулері – бөзөкпе, жасық болса, екіншілері- жекіп сөйлемесең сөз өтпейтін сабаздың өзі болып шығады. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттың кемел болашағын қамтамасыз етудің сенімді жолы бала тәрбиесіне айырықша көңіл бөлу болып табылатындығы сөзсіз.
Ата-ана тәрбиесі – қазақ халқы үшін толассыз таусылмайтын қазына.
Ата-бабаларымыз өзінің жүріп өткен сан ғасырлық өмір жолы арқылы ұрпағын тәрбиелейтін ұлттық педагогиканың сарқылмайтын мол қазынасын қалдырып отыр. Бүгінгі таңда нағыз ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды тәрбиелеу үшін ата-ана тәрбиесі ең басты, ең маңызды, ең қажетті тәрбие болып саналуы тиіс.
Сөзімнің соңын мына бір даналық сөзбен қортындылауды жөн көрдім.
«Адам тәрбиелеу, өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – азаматтың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы» деп В.А. Сухомлинский айтқандай, бала тәрбиесі отбасынан басталатынын ата-ана әрдайым жадында ұстауы тиіс. Сондықтан ұлт болашағы, ата-ана жалғасы болар ұрпағымызға саналы тәрбие, сапалы білім бере білейік.
Оразбекова Зайра Мухтаровна
№41 «Балдырған» балабақшасы,
тәрбиеші,
Астана қаласы