«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», — деп дана халқымыз бекер айтпаған. Құнарлы жерде өскен мәуелі ағаш тамыры секілді осы жаста берілген ұлттық тәрбиенің сөлі мен нәрін бойына сіңіріп, қуат алып өскен баланың өмірге деген бейімділігі де, зерделілігі де анағұрлым жоғары тұрмақ. Ал, баланы тәрбиелеу мен оқыту — ұзақ жылдарға созылатын, инемен құдық қазғандай, бейнеті ауыр еңбек екенін ескерсек, бұл орайда, тәрбиешінің орны ерекше екені талассыз.
Балабақша — бала бағбандарының мекені. Ал, ата-ана үшін балабақша балаларымыз жұмыс жасауға кедергі болмасын, деген ниетпен қалдыратын орын. Тәрбиеші — жеке тұлғаны қалыптастырушы, тәлім тәрбие мен өнегелі саналы ұрпақ тәрбиелеуші, бала арманын қанағаттандырушы тұлға. Сондықтан да, әрбір тәрбиеші өз білімін жетілдіріп, шыңдап отыруы керек.
Тәрбие — балабақшадан басталады. Тәрбиешінің шеберлігі — бұл балалардың ыңғайын тауып, оларға ықпал ете білу. Әрбір баланы бауырына баса білу. Балаларға тәрбиелік ықпалдың тиімділігі олармен көбінде дұрыс қарым-қатынас жасай білуге байланысты. Ол әрине оңай емес. Сол себепті де тәрбиешінің міндеті — тәрбиеленушілердің қоғамдық өмірде өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландыра білу, өмірге, болашаққа деген сенімдерін бекіту. Бала тәрбиесі — тәрбиешіге байланысты, яғни тәрбиеші тәрбиеленушіге дұрыс тәрбие бере білсе мектепте де, үлкен өмірде де бала өз орнын таба біледі, — деп сенемін. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беретін мекемелер баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп, дүниетанымын кеңейтіп, тәрбиелеу мен оқытуда дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, әрбір баламен жеке жұмыс жасау міндеті жүктеледі. Өйткені, баланың физиологиялық жағынан мықты, адамершілігі, мәдениеттілігі, еңбексүйгіштілік қасиеттілігі, ер жігері күшті болы керек. Мектепке дейінгі мекеменің және ата-аналардың басты міндеті — баланы мектептегі оқуға, мектеп өміріне даярлау, өйткені мектепке бару — бала өміріндегі үлкен жаңалық әрі шешуші кезең. Балалақ шақтан мектепке өту — баланың өмір сүру салтын түбірімен өзгертеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің алғашқы баспалдағы балабақша екені белгілі. Әрбір елдің әуелгі ойлайтыны — өз ұрпағының жай-күиі болмақ. Ертеңгі болашағымыздың тағдыры жас ұрпақтың бүгінгі тәрбиесіне байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Жан — жақты білім алған, тәлім тәрбие алған, парасатты, саналы азаматты тәрбиелеп шығару, олардың жан дүниесін әлемдік өркениетке сай рухани қазыналармен байыту, халықтық педагогика дәстүрлерінің озық өнегелерін ой — санасына орнықтыру — бүкіл ел жұрт, ауыл — аймақ, отбасы, қоғамдық мекемелер болып бірлесе атқаратын аса жауапты міндет. Сол себепті, тәрбиешілеріміз үнемі шығармашылық ізденіс жолында, жас ұрпақты ұлттық рухта, мемлекеттік ана тілінде, халқымыздың ата — салтында тәрбиелеп, еліміздің мемлекеттік жалпыға міндетті тәрбие мен білім беру стандарт талаптарына лайықты деңгейде, сапалы оқыту, міндетіміз болып саналады.
Баланың көп уақыты сәби шағынан бастап балабақшада өтеді. Бала дегеніміз — болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз да солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз».
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, әр тәрбиесіз берілген білім — адамзатың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» — дейді Әл — Фараби. Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім — тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы ата-аналар болып қолға алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата-баба салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.
ТУСИПОВА Дина Казбековна,
Павлодар қаласы
№33 сәбилер бақшасының тәрбиешісі