«Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі
қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу»
А.С. Макаренко
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған негізгі міндет ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетті өзара сабақтастыра отырып бүгінгі ХХІ ғасыр ағымына лайықты интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру. «Қазақстан — 2050» стратегиясында қарастырылған бағыттар, негізгі идеялар ұлттық жобасында қамтылған қағидалармен, инновациялық тұрғыда дамыту, жалпы қоғамдық ақпараттандыру, болашақ ұрпақтың ұлттық мәдени құндылықтарын қалыптастыруға негізделген рухани-адамгершілік тәрбие беру стратегиялық бағыттарымен ұштасып, сабақтасып жатыр.
Тұлғаны қалыптастыруда үздіксіз білім беру жүйесінің, бәсекеге қабілетті зияткер тұлғаны қалыптастыруда ұстаздың орны ерекше.
Бүгінгі еліміздің елдігі мен бірлігі ұстаз тәрбиелеген жас ұрпақтың рухының биіктігінде, біліктілігі мен білімінде екені әлемдегі жаһандану үдерісі көрсетіп отыр.
Осы орайда Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелейтін сіздер. Ендеше өздеріңіз де көп оқыңыздар, ізденіспен, ілгерілеуден жалықпаңыздар. Ең бастысы рухани тоқыраудан сақтаныңыздар. Өйткені елдің ертеңгі тірегі жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс»,- деген сөздерін жадымыздан шығармауымыз қажет.
Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты МКҚК «№169 бөбекжай-балабақшасы» 2011 жылы ашылып, жергілікті тұрғындардың балаларын қабылдап, тәрбие мен білім нәрімен сусындатуда. Балабақшада қазіргі таңда 6 топ жұмыс жүргізіп, 167 бала тәрбиеленуде. Мұндағы оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі. Мекемеде тәлім-тәрбие жұмыстары талапқа, мектепке дейінгі білім беру мен оқытудың мемлекеттік стандарты негізінде, үлгілік оқу бағдарламасына сай жүргізіледі.
Біздің алға қойған мақсатымыз – тәрбиелі, иманды, өз елін сүйетін, дені сау бүлдіршіндерді тәрбиелеу.
Ұжымдағы өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі педагогтар атап айтсақ, әдіскер Алханова Айнұр, педагог-психолог Сейтова Алтынкүл, музыка жетекшісі Сарыбаева Тамара, тәрбиешілер Абыханова Жеңіскүл, Айбекова Алмагүл, Свыткулова Гаухар жас мамандарға тәлімгер болып, олардың шеберлігін шыңдауға үнемі қол ұшын беріп отырады.
Балабақшамыз уақыт өткен сайын өсіп өркендеп, көптеген жетістіктерге жетуде. Қалалық, ауданаралық тәжірибе алмасу семинарларын өткізіп, педагогтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұйымдастырылған оқу қызметтерін, мерекелік бағдарламаларын ұсынуда.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа мұра» тақырыбында аудандық тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылып, өткізілді. Семинарда «Коммуникаци» білім беру саласындағы драма бөлімі бойынша «Ою хан мен Жою хан» аңыз-ертегі желісі бойынша сахналық қойылым және көлеңке театрының элементтері көрсетіліп, балалардың сөздік қоры мен ойлау шеберліктері арта түсті. Балаларды сахна мәдениетіне үйретті. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды бала тәрбиесіне тиімді пайдаланып, аудан педагог мамандардың ой-пікірлерімен бөлісті.
Жетісу ауданы бойынша «Алматы қаласындағы алғашқы балабақшаның ашылуына 100 жыл» мерекесіне арналған мектеп жасына дейінгі балалардың музыкалық-шығармашылық VІІІ «Балапан» байқауынан І орынды иеленсе, Алматы қаласы бойынша ІІ орынды жеңіп алды.
2017 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» атты республикалық балалар байқауында «Вокал» аталымы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін балабақшаның «Балауса» хор тобы «Бас жүлдемен» марапатталды. Сондай-ақ, «Вокал» номинациясы бойынша Арманқызы Айзере мен Ермуханбет Назерке ІІ орынды иеленді. Уалитхан Адина жеке орындаудан ІІІ орынды иеленді.
2018 жылдың мамыр айында «Жеңіспен келген көктем» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Нұрлы жастар – өнер орталығы» ұйымдастырған Республикалық байқауда «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, патриоттық тақырыптағы шығармаларды орындауда ерекше дайындығымен көрінгені үшін «№169 бөбекжай-балабақшасының вокал тобы» ІІ дәрежелі мақтау қағазымен марапатталды.
«Денсаулық» білім беру саласы бойынша балалар дене шынықтыру оқу қызметінде негізгі қимыл-қозғалыс арқылы тепе-теңдікті, ептілікті, кеңістікті бағдарлауды және жылдам қимылдап әрекет етуге үйретілуде. Негізгі және жалпы дамыту жаттығуларында қимылдарды өздігінен, дұрыс орындауға дағдыланады. Балалар ұйымдастырылған жарыстарда команда болып достарымен ұйымшыл, ынтымақта жеңіске жетуге тырысады.
Мамандармен жұмыс: Кәсіби шеберлікті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар, соның ішінде: жылдық жоспарға сәйкес 5 педагогикалық кеңес, семинар, тәрбиешілерге кеңестер, педагогтардың өз білімін көтеру жұмыстары жүргізілді.
№1 педагогикалық кеңесте «Жаңа оқу жылындағы балабақша қызметінің негізгі бағыттары» тақырыбы бойынша педагог мамандар дөңгелек үстелге жиналып, жаңа оқу жылының жылдық жоспарымен таныстырылып, тақырыптық-күнтізбелік жоспарлары мен ұйымдастырылған оқу қызметтер кестесі, вариативтік компонент жоспарлары бекітілді.
Мақсаты: МДҰ жылдық жоспарын қабылдау, алдағы оқу жылына МДБМ дамуының нақты жолдарын белгілеу.
№2 педагогикалық кеңесте «Сахна өнері – тіл жетпейтін құдіретті өмір» тақырыбы бойынша баяндама оқылып, №1 педагогикалық кеңес шешімдерінің орындалуына анықтама жүргізілді. Жылдық міндеттемеге сәйкес «Коммуникация» білім беру саласы бойынша ұйымдастырылған ашық оқу қызметтері жоспарға сай екендігіне көз жеткіздік.
Мақсаты: Сахналық қойылымдар арқылы балалардың сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын және ойлау шеберліктерін арттыру, сахна мәдениетіне тәрбиелеу.
№3 педагогикалық кеңесте «І жартыжылдық жұмыстың қорытынды есебі» тақырыбы бойынша педагог мамандар І жартыжылдық жұмыстарына есеп берді. Педагог мамандар І жартыжылдық жұмысты слайд түрінде көрсетіп, ұсыныс, ой-пікірлерімен бөлісті.
Мақсаты: Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу, білім сапасын анықтау.
№4 педагогикалық кеңесте «Балалардың таным үрдістерін дамытуға арналған дәстүрлі инновациялық әдістер» тақырыбы бойынша педагог мамандармен зерттеу, талдау жұмыстары жүргізілді. «Таным» білім беру саласы бойынша тақырыптық ашық оқу қызметтері барлық топтарда өткізіліп, зерттеу, талдау жұмыстары қарастырылды.
Мақсаты: Балалардың ақыл-ой әрекетінің тәсілдерін жаттықтыру (талдау, салыстыру, зерттеу», табиғат әлеміне деген танымдық қызығушылықты арттыру.
№5 педагогикалық кеңесте «2017-2018 оқу жылына МДҰ негізгі міндеттер бойынша жұмыстарын қорытындылау» тақырыбы бойынша педагог мамандар өз ой-пікірлерін айтты. Және әдіскердің ұйымдастыруымен іскерлік ойын арқылы педагогтің жеке тұлғалық және кәсіби дамуына баға берілді.
Мақсаты: 2017-2018 оқу жылына МДҰ негізгі міндеттерін жүзеге асыру.
Мектепке дейінгі мекеме ұжымының зор табыстарға жетуіне, тәрбиеленушілердің сапалы білім, саналы тәрбие алуында педагогтардың үлесі орасан зор. Жыл сайын мектепалды даярлық топтарынан балалар өте жақсы дайындықпен мектепке 1-сыныпқа шығарып салынады. Мектепке жіберген түлектеріміздің ата-аналары балаларының алған білімдеріне ризашылықтарын білдіріп, тәрбиешілер мен жалпы балабақша ұжымына алғыстарын айтып жатады.
Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өмір сүрудің негіздерін беру және олардың психологиялық тұрғыда қалыптасу мәселесі де ең басты орында тұр. Әрбір баланы жеке тұлға деп танып, рухани мұраларды игертіп, шығармашылық ой-өрісі кең, сауатты, мәдениетті етіп тәрбиелеп қалыптастыру ең негізгі мақсаттарымыздың бірі.
Ол үшін аянбай еңбек ету, іздену жаңашыл үрдістерге көңіл бөліп, бала бойындағы жақсы қасиеттерді танып, оны дамыта білуіміз керек. Бала тәрбиесі өте күрделі үрдіс, өте төзімділік пен шыдамдылықты, білімділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білуді керек етеді. Педагогтар өз ісінің мақсат, міндеттерін іске асыру жолдарын, жұмысының маңызы мен жауапкершілігін анық білуі тиіс.
«Табиғат адам үшін жаралыпты,
Бар қызық табиғаттан таралыпты» — деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз жырлағандай табиғатқа деген сүйіспеншілікті, оның әсемдігін тану деп қана қоймай, оны – жасаушы, көркейтуші, қорғаушы болу екенін ұғындыру керек.
Балабақшадағы оқыту-тәрбиелеу процесіндегі баланың жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін серуеннің маңызы зор. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, айналадағы қоршаған орта, табиғат құбылыстары, тірі табиғат пен өлі табиғат арасындағы байланысты бала санасына ауызбен айтқаннан көрі, көзбен көріп, қолмен ұстағанда ғана тез сіңірері сөзсіз. Балабақшада ауладағы серуен жыл бойына үздіксіз жүргізіледі.
Мектепке дейінгі жас – бұл жас бүлдіршіндерді өнерге, шығармашылыққа, музыкаға деген сүйіспеншілік сезімін оятуға, баланы қатыстыруға өте қолайлы кездің бірі. Музыка – адам сезімінің нәзік тілі, яғни адамдардың бір-бірімен эстетикалық тәрбие беруінде музыканың атқаратын рөлі аса зор. Сондықтан, жастайынан балаларды музыка мәдениетіне тәрбиелеу ісін жан-жақты ойластырып, олардың музыкалық талғамын әрдайым дамытып отыруға көп көңіл бөлеміз. Музыка – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы. Ол тәрбиенің басты мақсаты болып табылатын жеке тұлғаның эстетикалық талғамын, идеалын қалыптастырады, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларындағы әсемдікті саналы түрде қабылдай білуге үйретеді және өзіндік шығармашылық қабілеттерін дамытады. Балабақшадағы музыка оқу қызметінде музыка жетекшісі Ширин Равшанбекқызы тек бағдарламада қарастырылған оқу материалымен шектелмей, жан-жақты ізденіп, қосымша оқулықтарда, көмекші құралдарда берілген материалдарды мейлінше терең меңгеріп, пайдаланып отырады. Балалардың музыкаға деген қызығушылығын, қарым-қатынасын, бейімділіктерін және музыкалық даму деңгейлерін үнемі дамытып отырады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғасын қалыптастыру бойынша қазіргі мәселелерді, оқу-тәрбиелік үрдістің деңгейін бағалау және айқындау. Бағдарламаны жүзеге асыруда ұйымдастырушылық-педагогикалық жағдайларды айқындау, экспериментті ұйымдастыру үшін ғылыми-әдістемелік негізін құру. Педагогтардың теориялық және практикалық дайындығын жетілдіру. Мәселе бойынша мониторинг үшін диогностикалық әдістемелер жинағын айқындау. Практикалық материалдарды жинақтау және әдістемелік құрал жобасын құру. Тұлға – бұл күнделікті өмірде айқындалатын адамның психофизиологиялық қасиеттері мен ерекшеліктері, әлеуметтік-мәдени тәжірибе мен меңгерген білімі, психикалық жай-күйі және т.б. қасиеттерінің жиынтығы. Тұлғаның тұрақты мінезіне сәйкес шығармашылыққа қабілетті дарындылық деңгейі. Ал балалық шақ бала дамуындағы маңызы зор кезеңдердің бірі. Өйткені балабақша қабырғасында бала көп нәрсені үйреніп, қазіргі заман талабына сай зияткер тұлға ретінде қалыптасады. Ол көріп-білуге, сезінуге, сөйлеуге, қатарластарымен қарым-қатынас жасауға, ойлауға үйренеді. Осындай жетістіктерге жету үшін тәрбиеші баланың мінез-құлқын, сана-сезімінің жетілу дәрежесін таным үрдістерінің (түйсігі, қабылдауы, ес, ойлау, сөйлеу, зейінінің) дұрыс бағытта қалыптасып, дамуын қадағалап отыруы қажет.
Балабақшада білім беру моделін кезеңмен енгізу және өңдеу арқылы мектепке дейінгі балалардың табысты әлеуметтенуі және жоғары тілдік құзыреттіліктің негізінде бәсекеге қабілетті жоғарылату, білім берудің вариативті үрдісін дамыту (әртүрлі форма, технология, мазмұны), үш тілде оқу үрдісі табысты жүзеге асырылуда.
Балабақшада оқу тәрбие жұмысының сапалы болуы оның материалдық қорына байланысты. Мекеменің материалдық қоры баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Балабақшада музыка мен дене шынықтыру бөлмелерінде тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалысының дамуына барлық жағдай жасалынған, жабдықтар мен керекті құралдармен қамтамасыз етілген. Баланы оқыту мен тәрбиелеуге арналған құралдар, әдебиеттер, көрнекіліктермен жабдықталған әдістемелік бөлмелер бар. Балалардың танымдық шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстарын жүргізу барысында тәрбиешілер, педагог-психолог мамандар дамытушы ойындарды көптеп пайдаланады. Педагог мамандар ата-аналармен жұмыс істеу барысында танымдық ойындардың пайдасы жайлы кеңес беріп, әдістемелік құралдар жиынтығын дайындап, ой бөлісіп отырады. Топтарда театр түрлері, ойын бұрыштары, көркем тілдік, тәжірибелік, оқу қызметтеріне арналған орталықтар бар. Балаларға арналған дамытушы ойындар, әдебиет, шығармашылық, қимыл-қозғалыс, ойын әлемі орталықтары жұмыс жасайды.
«Ойдың реттілігі әдеттену сен үшін бақытқа жеткізетін бірден-бір жол, оған қол жеткізу үшін қалған нәрсенің бәрінде, тіпті ең бір немқұрайды нәрселерде де тәртіп болу қажет»,- деп Э. Делакруа айтқандай, біздің ұжымда жұмыстарымыз нәтижелі, жемісті болу үшін басты қағидамыз – жауапкершілік пен тәртіп сақтау.
Сауданова Нұргүл Әбдіуәлиқызы
МКҚК №169 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Алматы қаласы Жетісу ауданы