Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едік. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды. Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса — міне, нәтиже.
Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала өзінше бір әлем… Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс-бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!
Ерке Есіл жағасында орналасқан Астана қаласының төріндегі балалрдың бал мекені №79 «Шабыт» балабақшасы бүлдіршіндердің екінші үйі, тәрбие алатын ордасы. Ендеше осы ордада балғындарды баланың жас ерекшеліктеріне сай сабақтар: ағылшын, қазақ тілі, орыс тілі, тіл дамыту, қоршаған ортамен таныстыру, валеология, сауат ашу секілді пәндері арқылы танымдарын оятады. Дене тәрбиесі мен ән-күй, би өнеріне де баулиды.
Ал осы бөбектердің қасында анасындай болып жүрген тәжірибелі тәрбиешілер туралы айтсақ, олар бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп қана қоймай, бірлікке, ынтымаққа, достыққа, бір-біріне деген жанашырлыққа үйретеді. Олардың бойында туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін оятып, өз елінің патриоты ретінде тәрбиелеуде. Балабақша әкімшілігі алдымен бүлдіршіндердің денсаулығына, тазалығына, сауаттылығы мен өнерлі болуына ықпалды жұмыстар жүргізуде. Сондықтан да болар, үнемі шығармашыл бағытты ұстанатын балабақшаның жетістіктері де көп.
Мағжан Жұмабаев атамыз өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген: «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек». Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Осы орайда Астана қаласының №79 «Шабыт» балабақшасындағы 28 бүлдіршіннен тұратын «Сыбызғы» тобында жетекшілік етіп жүрген өз ісінің шебері бүлдіршіндердің ажырамас жан досы әрі серіктері Абишова Алия Ералықызы туралы айтсақ.
Алия Ералықызы – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағалар психолог. Алия апай әрбір бүлдіршінмен жеке және топтық жұмыс жасау негізінде олардың жеке тұлғалық дарыны мен шығармашылық әлеуетін және адамгершілік пен инабаттылық қасиеттерін де ашуда.
Ай сайын өткізіп отыратын тәрбие сағаттары мен концерттік бағдарламаларда бүлдіршіндеріміз ән айтып, би билеп, қазақ, орыс, ағылшын тілінде өлең шумақтарын жаттап, мәнерлеп оқу арқасында ата – аналар мен бүлдіршіндер білім және тәрбие бұлағында талай жетістіктерге жетті. Осы сөздердің дәлелі ретінде 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған топ аралық бойынша өткен ән – жарыс сайысынан «Сыбызғы» тобымыз жүлделі І орынға ие болды. 8 ақпан күні «Бала тәрбиесі – жауапты іс» атты дөнгелек үстел «Сыбызғы» тобының ата – аналарымен өтті. Жиналыс өте қызықты болды, ата-аналар мен «Ойын терапиясы» атты ойын өтті. Бұл жемісіміздің бірден бір себепкері біздің тәрбиешіміз, ұлағатты ұстазымыз Алия Ералықызы. Апайымызға алғысымыз шексіз, үлкен рахметімізді айтамыз.
«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молайуына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші апайымыздың еңбегі жана берсін демекпіз!
Ел ертеңін өсіріп, өндіріп отырған № 79 «Шабыт» балабақша ұжымына, әсіресе, балабақша меңгерушісі Абдыхаликова Шолпан Мүсақызына ерекше алғысымызды білдіре отырып, денсаулық, шығармашылық табыс пен белес биіктерден көрінулеріңізді тілейміз!
«Сыбызғы» тобының ата-аналары