Иа, мамандық таңдау бұл өміріңдегі ең маңызды қадам десем артық болмас. Себебі әрбір адам өзінің болашақ өмірін жоспарлап, армандап алдын ала ойлап, жоспар құрады. Мен де барлық балалар сияқты армандап , мектепте оқып жүрген кезден ақ, ұстаз болатынымды нақты айтып, сол мамандық иесі болатыныма кәміл сенгенмін. Бірақтан мектеп бітіріп, сүйікті еркелеп жүріп білім алған алтын ұямыздан қанат қақтырған соң, алдымызда дәл осы мамандық таңдау белесі күтіп тұрды. Қостанай педагогикалық колледжіне жол салып, тәрбиеші мамандығына таңдау жасап, өмірімнің жаңа белесіне өттім. Бірақтан тәрбиеші мен мектепте жұмыс жасайтын ұстаздардың айырмашылы жер мен көктей екендігі көрінді. Мен армандап келген ұстаздық мамандығы әлдеқайда тәрбиешіден басқа екендігіне көзім жетті. Тәрбиеші мамандығын оқи келе, осы мамандыққа етене кіре келе бұл мамандықтың менің жүрігіме жақын екендігіне сездім. Себебі мектептегі ұстаздық басқа, ал балабақшадағы тәрбиеші мүлде басқа әлем екендігіне етене кіріп, сезе бастадым. Осы сәттен бастап мен армандап, жүрегімнің қалаған мамандығы – тәрбиеші мамандығы екендігіне көзім жетті. Балалармен жұмыс жасап, олардың көңілдерін көтеріп, өмірге енді ғана қадам басқан балақайларға бағыт-бағдар беріп және ең бастысы саналы тәрбие беру бұл менікі екендігін білдім. Басында мен мамандық таңдап келген жай ғана жас түлек, болашақ студент болсам, ал қазір мен жүрегімнің қалауын таңдағанымды сезгендеймін.
Өмірімнің келесі белесі, диплом алып, өз мамандығымның иесіне айналып тәрбиеші болып балабақшаға жұмысқа орналастым. Дәл осы кезеңде мен балалармен көзбе-көз жұмыс жасап, теориялық білімімді практикаға айналдырдым. Осы ісіме жақсы көңіл күймен жүрегіммен келгендігімнен ба?, менің алдымда балаларға тәрбие беру жолым қиын болмады. Әр баламен тіл табысып қана қоймай, олардың ата-аналарымен де жұмыс жасау оңай болды. Осылайша менің еңбек жолым басталып күннен күнге жалғасып келеді.
Жалпы адам баласы тәрбиеші болу үшін өзі тәрбие көрген, тәрбиені ұғынған жөн. Тәрбиенің отанында тәрбиеленген адам ғана айналаны, қоршаған ортаны тәрбиелей алады. Тәрбиелі ұрпақ елімізге ауадай қажет. Себебі тәрбиелі ұлттың тамыры тереңге бойлап, қаланған іргесі қандай ауыртпалық түсседе құламайды.
Бұл мамандықпен жайқалған, гүлденген, іргесі, нақ бекіген балашағымды көре аламын. Буыны қатпаған жас жеткіншектерді жетілдіру үлкендер мына біздердің парызымыз. Саналы да зиялы және білімді буындарды биіктету біздің қолымызда. Елімнің арқасы асқақ, мерейі үстем болуына азда болса өз үлесімді қосып жатсам, ол мен үшін үлкен абырой! Мен балаларды жанымдай жақсы көрем… Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Көздері мөлдіреген,
жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы… Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді… Әр бала өзінше бір әлем… Жаны жақсылыққа құмар, арманшыл… Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс — бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?! Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін… Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс — әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?.. Әрине әрбір оқу іс-әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін. Әрбір оқу әрекеттерім жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай боламын. Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты. Жас өспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс — әрекетіне аударту, баламен оқу іс — әрекеті үстіндегі әрбір қарым — қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз, бақытты жанмын деп білемін. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама А.Құнанбаев. Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Төрт жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік еңбекке мен басыбүтін бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді еш уақытта естен шығармаймын. Француз ағартушысы,жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзі осы мектеп жасына дейіңгі балаларға арналғандай. Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары
сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын тәрбиеші оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады. Оқу, жазу, санаудың берік дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектеп алды оқушысын мектеп өміріне енгізудің өзі таңдаулы технология мен асқан шеберлікті талап етеді.
Баланың мектепке дайындығын балабақша мен мектептегі әдіс-тәсілдерді ұштастыру арқылы жүзеге асыру – басты мақсатым. Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Тәрбиешінің жұмысын дәрігермен салыстырамын. Емші адам бойындағы ауру-сырқатпен алысса, тәрбиеші оның ойындағы надандықпен күреседі. Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Оның мұқалмас жігері балаға бұйрық беруге жұмсалмасын деңіз. Тәрбиеші жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді. Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса, құрметті тәрбиешілер, мамандығымызды шексіз сүйе отырып,
әрбір ізденіс, әрбір қимыл тек балаға, баланыңбіліміне, болашағына арналса ғана
тәрбиеленушілерімізді сол білімі жоғары дәрежеде көрсете аларыкүмәнсіз.Тәрбиеші сөзінің ұғымы мен үшін кең дүние. Оның ең негізгі мәні – жақсылыққа тәрбиелеу, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізуге үйрету дегендібілдіреді.Тәрбиеленуші сүйіспеншілігі адам баласының қатынастарының ең бір абзалы,әрі мағыналы, мәнді түрі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымның артқан сенімін ақтау жолында, бала бойына күніне түймедей болса да, жаңа бір білімді сіңіртіп, бірақ осы аздау-ау, ертең тағы қандай жаңалық алғым келсе екен деген ой, мазалап, ертеңгі күн жоспарына тағы бір нәрсені түртіп қоюына себеп бар болса, тәрбиешінің шығармашылығы сарқылмас.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені
ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп,
тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да тәрбиешілерге борыштар деп ойлаймын.
Сонымен ойымды қорытындылай келе, тәрбиеші деген сөз ұстаз ғана емес, жана ғана қанаты қатайып келе жатқан балапандарға қанаттарын қатты болуға , келешекте алысқа, биіктерге самғай аларлықтай тәрбие беруші жан. Бұл іс мен үшін тек мамандығым ғана емес ең бастысы жүрек қалауым мен сүйікті ісім. Және де осы ісімді мен тоқтатпай ары қарай өзімді дамытып, білім алумен айналысып жүрмін. Әрбір жанға өз жүректеріңізді тыңдап, құлақ салып , мамандық таңдауда аса мән бергеніңізді қалаймын.
Егер дәл мендей жүрегіңізбен, жан-тәніңізбен өз ісіңізді, мамандығыңызды сүйетін болсаңыз, сол кезде ғана өміріңіз мәнді де сәнді боларына кәміл сенемін. Жүректеріңіздің қалауын ешқашан тыс қоймаңыз. Өз мамандығыңыздың тек жұмыс қана емес сонымен қатар сүйікті ісіңіз болса осыдан басқа асқан бақыттың да керегі жоқ шығар сірә?!
Ж.О.Коргамбекова
№ 9 бөбекжай бақшасы» МКҚК
Тәрбиеші
Қостанай қаласы