Home » Айтарым бар » Тәрбиеші – жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. (ЭССЕ)

Тәрбиеші – жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. (ЭССЕ)

Жалпы әрбір адам тәрбиеші болу үшін — өзі тәрбие көрген, сол тәрбиені өзі ұғынғаны жөн. Тәрбиенің отанында тәрбиеленген адам ғана айналаны, қоршаған ортаны тәрбиелей алады. Тәрбиелі ұрпақ елімізге ауадай қажет. Себебі тәрбиелі  ұлттың  тамыры тереңге  бойлап, қаланған іргесі  қандай ауыртпалық түсседе құламайды.

Қызылорда  қаласындағы  М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжінде  «3 жас пен 10 жас аралығындағы балаларға білім беру» мамандығында  білім алып, 2008 жылы Қармақшы ауданы, Төретам кентіндегі  № 4 «Күн нұры» балабақшасына  тәрбиеші  болып жұмысқа орналастым.  Жұмыс жасай  жүріп жоғары білім де алдым.

Қазір осы саладағы тәжірибем 10 жыл, төрт ай. Осы аралықта мен өте көп нәрсе үйрендім. Қаншама қызығы мен қиындығы қатар жүрген осы 10 жыл  ішінде мен тәрбиеші болып жұмыс жасағаныма еш өкініш танытқан емеспін. Менің ұғымымда,  алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десем, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, әр баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін танып, оның жүрегінен, жан дүниесінен  жол таба білу  – барлық тәрбиешілердің  борышы.  Бала тәрбиесі, оның ішінде балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу  үлкен мәртебе.

«Адамды тәрбиелеу — демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу»- демекші  біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз. Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстардың басты бағыты оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды ендіре отырып балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыру.

Міне осындай жұмыс жүйесі менің балабақшамда  қалыптасқан.
Балабақшадағы  балалармен жұмысқа жетекшілік ететін бірден — бір адам, ол — тәрбиеші.   Педагогикалық  үрдістің тиімділігі тәрбиешілердің өз ісін сапалы орындауымен анықталады. Сондықтанда тәрбиеші мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбие және дамыту әдістемелері жағынан білікті болуы керек. Тәрбиеші өз жұмысын ғылыми негізде теориялық тұрғыда сауатты жүргізе білсе, онда практикада жүйелілік, бірізділік қалыптасып, нәтижесі табысты болмақ. Тәрбиешінің өмірден алған тәжірибесі, қабілеті, адамгершілігі, қарапайымдылығы, мінез — құлқы әлдеқайда жоғары деңгейде болуы тиіс. Ол қандай қиын жағдай болсын, кедергілерге қарамастан балалармен тікелей тынымсыз жұмыс жасайды.
Тәрбиешінің бір бойында бірнеше қызмет бар. Ол жаңа үрдісте заманауи технологияларды енгізу арқылы ұйымдасқан оқу қызметі, семинарлар, ғылыми жұмыстар мен және тағы да басқа сайыс — байқауларды ұйымдастырып өткізуші, басқару арқылы нәтижелерге қол жеткізуін қолдаушы болып танылады.
Тәрбиеші – жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. Сол бойындағы барлық білім мен білікті, тәрбиені баланың жүрегіне жеткізу үлкен қасиет. Тәрбиеші тәрбиесін шын қабылдаған бала болашақта сөзсіз ұлы тұлғаға айналады. Ұлы Абай атамыз:
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға!» — деп жырлап кеткендей, әрбір ұстаз бұлақ түбінен асыл тас іздегендей балаға мән мен мағынаға толы білімді үйретуі керек. Бүлдіршіндерді тәрбиелеуде, тәрбиешілердің осындай қым — қуат тіршіліктен шаршамай, талмай еңбек етіп, кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сіңіріп, өз — өзіне деген сенімділікке тәрбиелеуде тәрбиешілер шешуші рөл атқарады.
Мен өзімнің әріптестеріме жаңа инновациялық, әдістемелік көмек беріп, оларға мейірімділікке, шыдамдылыққа, кешіре білуге бағыт беріп келемін. Қызметтестеріммен тең жағдайда сырласып, тыңдап, мен өз балабақшамның жұмысын жетілдіріп, жоғары деңгейде көтере алатыныма сенемін.  Менің тәрбиешілік қызметімнің нәтижелігі өзге де педагогтардың өзін – өзі тануға ықпал жасау. Әрбір маман шығармашылығын, шеберлігін, талантын жаңғыртып, өз ісінің шебері атанса және оны балалармен жұмыста көрсете алса мен оны еңбегімнің жемісі деп түсінемін. Педагогикалық озық технологияларды ұйымдасқан оқу қызметі барысында пайдаланып, балалардың шығармашылығын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырдым. Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті.

Менің өмірдегі ұстанымым:
1. Мейірімділік, шыдамдылық, ізденімпаздық;
2. Балалардың мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау;
3. Өз мамандығымды сүю және мақтан тұту.

Мен өз ісімді шеберлікпен атқарып, балабақшамдағы тәрбиеленушілердің заман талабына сай білімдерін жетілдіріп, шығармашылық қабілеттеерін дамыту қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Елімнің арқасы асқақ, мерейі үстем болуына азда болса өз үлесімді қосып жатсам, ол мен үшін үлкен абырой!

 

 

 

 

Нұртайлақова Бейбіткүл
«Күн нұры» балабақшасының  тәрбиешісі
Қызылорда облысы,
Қамақшы ауданы,
Төретам кенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.