«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар, алар белестерім әлі алда, деп жүремін. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек. Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар.
Абай атамыз айтқандай «жас бала анасынан туғанда екі мінезбен туады, біріншісі- «ішсем, жесем, ұйықтасам, ойнасам» болса, ал екіншісі, «білсем, көрсем, қарасам, ұстасам, ол немене? Ол кім екен?» деген қызығушылығы тұрады. Мұның бәрін білгісі келген балаға тәрбиеші бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетіп, тексеру, нұсқау тәрбиешінің тікелей міндеті.
Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады.
Қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады.
Бұл көздеген мақсатқа жету үшін жаңа технологияларды оқу үрдісінде пайдалана отырып, иновациялық деңгейдегі педагогикалық шеберлік қажет. Отанымыздың жас буынын саналы, тәрбиелі, білімді, сауатты азамат етіп тәрбиелеу — әр тәрбиешінің арманы шығар. Шын жүрекпен қалаған кәсіп пен таза тер төгілген еңбек арқылы өмірлік абырой-беделді, қоғам алдыңдағы құрмет сыйға ие болуға болады. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандар ғана түсінеді. Бір мезетте алдындағы жиырма – жиырма бес балаға қарау, көңіл бөлу, олармен тілдесу тек сырт көзге ғана оңай жұмыс.
Тәрбиешінің алдына келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі — жан дегенде жалғызы, бірі — ерке, бірі — қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын таңшолпандай жарқыратып, жан дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін шыдамдылық, қажымас қайрат пен батырлық қажет. Ең алдымен осы үш асыл қасиетті серік ету керек. «Білімді болуға — оқу керек. Бай болуға — кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек» деген А.Байтұрсынов саралаған әдемі жолдардың ізімен жүріп өтсек бірлігіміз бен кәсібіміз одан әрі жандана түсетіні анық. Әр тірбиеші бала үшін балабақша — екінші үйі болса, ал тәрбиешілер бүлдіршіндердің екінші анасы деп білу керек . Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату тәрбиеші деген ұлы тұлғаның парызы.Ұстаз болып жұмыс істей отыра, әр бала жеке дара тұлға екенін сезіну және ұстаз ретінде әр баланың жүрегіне кілт таба білу, тек қана балаларға емес, оның ата – анасының жүрегіне жол табу нағыз шеберлік.Тәрбиеші – екінші ана.
Тәрбиешілер елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуші. Өйткені, жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін анасынан кейінгі сіңірушісі, үйретушісі. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды дарытушы.
«Баланы ең әуелі мейірім-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай. Олай болса әріптестер жас ұрпаққа мейірім шапағатпен , еңбекке баулу мен қоса Отанға деген, Ана тілге деген, жас ұрпаққа деген махаббатын нығайта отырып, оларға тура бағыт бағдар беру біздің тікелей міндетіміз болып табылады.
СУЛТАНОВА Айгерім Асқарқызы,
Павлодар қаласы
№33 сәбилер бақшасының тәрбиешісі