«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл саналар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»
Ш. Құдайбердіұлы
Шын жүрекпен қалаған кәсіп арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдындағы құрметіңді еселей аласың. Отбасында жеті бала өстік. Ең кішкентай сіңілімді ойнатып жүргенде «Кейін өскенде тәрбиеші болсам, көп балаларды ойнатсам..» деген ойдың тұңғиығына батып кетуші едім. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамға үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін.
Тәрбиешінің педогогикалық шеберлігі тәрбие жұмысының әрбір кезеңінде не істейтінін, не үшін істейтінін, қандай нәтижеге жеткісі келетінін саналы, анық және дәл білуіне байланысты болмақ. Жұмыс бөлмелері педагогикалық және эстетикалық талаптарға сай жабдықталуы, тәрбие жұмысына қажетті көрнекі құралдарының әрі педогогикалық мақсатқа сәйкестелінген болуы шарт. Олардың өз орнында тұруы жемісті еңбек етуге жағдай жасайды. Шебер тәрбиешінің негізгі қасеттерінің бірі – педогогикалық әдептілік. Педагогикалық әдептілік бала психологиясын және оның жас ерекшеліктерін жете білуді талап етеді. Әдептіліктің қайнар көзі – балаларды сүю және қадірлей білу. Педагогикалық әдептіліктің бір көрінісі – шамамен сезу қасиеті. Сонда тәрбие әдістерінің көпшілігі нәтижелі болады. Қолайлы әдісті таба білу шеберлік пен әдептіліктің көрінісі. Шеберлік үйретумен, үйренумен, өз ісіне деген сүйіспеншілікпен, тәжірибемен, жұмысқа ұқыпты қараумен саналы, ойлы еңбекпен қалыптасады.
Тәрбиеші қызметінің ерекшелігі: педагогтік әдепті игеру, ел үшін ерлікпен еңбек ету, педогогтік бедел, педагогтің артистігі, педагогтік оптимизм, кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап отыру, т.б.
Отбасы – бұл баланың өмір сүру ортасы: қамқорлықтың тұрақты көзі, тәрбиелеумен, қарапайым біліммен қаруландыру және шешім қабылдай білуге үйрететін ең жақын адамдардың мейірім шуағын сезінетін орын. Отбасында барлығы жақсы болған жағдайда балалар жақсы жетістіктерге жетіп, өзінің даму әлеуметіне көтеріле алады.
Отбасымен педагогикалық ынтымақтастық – баланың қанағаттану деңгейі мен тәрбиешінің жұмысының сапасын арттырады, ол төмендегі жағдайларға негізделеді: өзара сапалы қарым-қатынас, өзара сыйластық, әлемге деген түсіністік көзқарас және оның тиімділігі ықпалын ұзақ уақыт бойы сезіну, бір-біріне серіктестік барлық қатысушыларға жағымды әсер ететіндей болуы тиіс, сонда ғана тәрбие мен білім беру өз нәтижесіне жетеді. Осы орайда, балабақшаның ата-аналармен жұмысының мазмұны төмендегідей:
а) Ата-аналардың педагогикалық, психологиялық білімдерін көтеру (Дәрістер оқу, семинарлар ұйымдастру, жеке және топтық кеңестер, тәжірибелік жұмыстар, т.б.);
б) Ата-аналарды оқу-тәрбие жұмыстарына қатыстыру (Ата-аналар жиналысы, бірлескен шығармашылық жұмыстар, материалдық-техникалық база жасауға көмектесу);
в) Мектеп әкімшілігімен бірлескен жұмыстар (Ата-аналар комитеті, ата-аналар кеңесі, аталар алқасы, әжелер клубы).
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың формасы мен әдістері олардың пеагогикалық мәдениетін көтеруге балабақша және мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығына және тәрбие жұмысының әлеуметін арттыруға бағытталған болуы керек. Өзімнің ата-аналармен жұмыс барысында бақылау, әңгіме, пікірлесу, тест және сауалнамалар жүргіземін.
Ал, тәрбиеші болу айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, қыр-сырын үйрену қиын екен. Көп жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім, тәрбиешілік мамандыққа әбден қалыптасып қалыппын. Таңғажайып балалар әлемімен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәніне айналды. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ балғындардың сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін.
Осы бір «балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала – пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген мен – бақытты тәрбиешімін. Баланың мектепке дайындығын балабақша мен мектептегі әдіс-тәсілдерді ұштастыру арқылы жүзеге асыру – басты мақсатым.
Бугенбаева Тажида Асанбайқызы
№19 орта мектеп тәрбиешісі
Қостанай облысы, Рудный қаласы