Home » Балабақша » Тәрбиешінің басты құралы – шыдамдылық пен оптимизм

Тәрбиешінің басты құралы – шыдамдылық пен оптимизм

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі менің болашағыма себебі тиер деп ойлаймын.

Жас ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.

Бақыт қуаныштан құралады. Бала бақыты бәрінен қымбат. Ел даналығы «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, ал онбестен асқан соң досыңдай сырлас» деген парасатты сөзі бар.

Оның негізгі мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адам қасиеттерін, тіршілікке қажетті дағдыларын қалыптастыру. Осының барлығы тәрбиенің басты құралы болып табылады.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» — дейді халық.

Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Баланың иманды, парасатты, қайырымды азамат болып ер жетуі ең алдымен, ата ананың, тәлім-тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілесің» деген сөз тегінен тегін айтылмаған.

Бала тәрбиесі бүгінгі таңның өзекті мәселесі. «Жас бала дегеніміз ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық, ал ұстаз болса жаңа күтуші болған»,-деп орыс әдебиетінің сыншысы В.Белинский айтқандай, біздің, яғни ұстаздар қауымның, жас ұрпақ үшін тәрбие мен білім беруінде рөлі зор. «Балаларды тәрбиелеу еңбек әрі борыш»-дегендей, жас баланы тәрбиелеп, біз болашаққа баспалдақ жасарымыз жеткілікті.

Осы міндетті әрине тіл мен оптимизм арқылы жүзеге асырамыз.

«Адамға ең бірінші керегі білім емес, тәрбие».

Тәрбиесіз берілген білім адамның қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі»,-деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, білім берудің негізгі саласының бірі тәрбие.

Қай халықта қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. Сондықтан тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдер қолданып, қарастыру әрбір ұжымның тапқырлығы мен іскерлігін, ізденімпаздығы мен шығармашылығын талап етеді. Мағжан Жұмабаев өзінің ұлағатты бір сөзінде былай деген болатын: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек». Иә, Мағжан атамыз айтқан даналық ойы бүгінгі күні білімді ұрпақ керек екенін айқындайды. Өйткені елдің ертеңгі тірегі жастар. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс.

Баланың тәрбиесі баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсаттары біреу, ол заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.

Балаға айналадағы өмір шыңдығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күй ерекшеліктері, жүріс тұрысы, еңбек әрекеті бәрі де үлгі өнеге.

Бала тәрбиесі өте ерте заманнан бастап адамзатты толғандырып жүрген өмірдің өзекті мәселелерінің бірі. Нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ата-ананың аялы алақанына, мейірім-шапағатына бөленеді, ата-ананың мейірімді жүзі, жылы жүрегі, ыстық құшағынан балаға дүние есігі ашылады, оның дүниеге танылып, өмірді білуі осыдан басталады. Баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлауда, оның ақыл ойы, адамгершілік-эстетикалық сезімдерін, логикалық ойлау қабілетін қалыптастыруда балаға құрметпен және шыдамдылықпен қарау қажет. Баланың қажеттілігі мен қызығушылығын түсіне білу ата-ананың, мұғалім мен тәрбиешінің басты міндеті.

Өз сөзімді ұлы Абай атамыз айтқандай «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»деп қорытындылаймын.

Кошманова Жадыра  Пулатовна

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылы,

ЖШС «Рауан» балабақшасының тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.