Home » Балабақша » Тәрбиешілердің педагогикалық шеберлігін арттыру жолдары

Тәрбиешілердің педагогикалық шеберлігін арттыру жолдары

Қазіргі таңда мектепке дейінгі педагогика қарқынды дамып келеді. Мұндай өзгеріс мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие саласы қалыптасқылы бері болған емес.  Қазақстан Республикасы білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі педагог кадрларының сапалық құрамын жақсарту және педагог беделін арттыруға баса назар аударылып отыр.

Педагогтардың сапалық құрамын, беделін арттыру ең алдымен педагогтардың педагогикалық шеберлігін арттыру болып табылады. Педагогикалық шеберлік үнемі жетіліп отыруды қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу өнері. Педагогикалық шеберлік негізі неде? Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман.

Педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттыру қай кезде болмасын өзекті мәселе болып қала береді. Аталған мәселені шешудің бірден бір жолы  мектепке дейінгі мекемедегі әдістемелік жұмыстың дұрыс әрі сауатты жүргізілуі. Әдістемелік жұмыс тәрбиешілердің қызметіндегі қателіктерді түзету үшін ғана емес, оларға дер кезінде әдістемелік көмек көрсететіндей ұйымдастырылуы қажет.

Әдістемелік жұмысты ұйымдастыру балабақша әдіскері мен меңгерушінің шығармашылығын талап етеді. Қазіргі таңда  әдістемелік жұмысты түрлі формада ұйымдастыруға болады. Бұрыннан қолданып келе жатқан баяндама сияқты дәстүрлі әдістерде кері байланыстың жеткіліксіздігінен тиімділігін жоғалтып, оның орнын мастер-класс, іскерлік ойын, тренинг, интелектуалды ойын сияқты формадағы әдістер басты.

Іскерлік ойын  «Мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу қабілетін дамыту»

Мақсаты: тәрбиешілердің педагогикалық құзыреттілігін, коммуникативтік қасиеттерін, ұжымда жұмыс жасау дағдыларын дамыту; мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу қабілетін дамыту мәселесі бойынша білімдерін тиянақтау.

(Педагогтар 3 топқа бөлінеді. Ойын барысында әрбір дұрыс жауапқа топ текшелер алып отырады).

Эксперт комиссиясының құрамына меңгеруші, музыка жетекшісі, логопед кіреді. Олар орындалған тапсырмаларға баға беріп отырады.

Жүргізуші ойын ережесімен таныстырады:

  • -сұраққа ортақ шешім қабылдау;
  • -ойынға белсене араласу;
  • әділқазылардың шешіміне қарсылық білдірмеу;
  • сөйлеу мәдениеті мен әдептілік сақтау;
  • регламент сақтау.

1 бөлім.

  1. «Тәрбиешілердің білімі мен дағдыларын анықтауға арналған ойын түріндегі тест»

1-топқа арналған сұрақ:  екі не бірнеше адамның кезектесіп сөйлесуі арқылы берілетін ауызекі тілдегі ерекше форма (диалог).

-кейіпкердің көпшілікке қарата немесе өзіне арнап айтқан сөзі, толғанысы, өсиет-уағызы (монолог).

— оқиғаны ретімен баяндайтын мәтін (әңгімелеу мәтіні)

-зат немесе құбылысты суреттеп, сипаттайтын мәтін (сипаттау)

2-топқа арналған сұрақ.

  • Мектеп жасына дейінгі балаларды монолог сөзге үйрету қай жастан бастап жүргізіледі? (ортаңғы)
  • Баланың мәтінді әңгімелеу кезінде кездесетін үзілістер кезінде бала қобалжымас үшін педагог қандай тәсілді қолданады? (педагог баланың айтқанын қайталап, толықтырады)
  • Ортаңғы топта сурет бойынша әңгіме құрау кезіндегі жиі қолданылатын жетекші тәсіл (тәрбиешінің үлгісі)
  • Баланың ойлауын және тілін жетілдірудегі жетекші әдіс (сұрақ-жауап)

3-топқа арналған сұрақ.

  • Сөйлеу формаларын атаңыздар (ауызша және жазбаша)
  • Диалог арқылы қандай дағды, іскерлік дамиды? (қарсыласын тыңдау, сұрақ қоя білу, жауап беру).
  • Балаларды байланыстырып сөйлеуге үйрету кезінде қандай әдіс-тәсілдер қолданылады? (әңгімелеу, ойыншықты немесе сюжетті суретті сипаттау, өз тәжірибесінен әңгімелеу, шығармашылық әңгіме).
  • Әңгімелеу мәтінінің құрлысын атаңыздар (оқиғаның басталуы, оқиғаның өрбуі, оқиғаның аяқталуы)

2 бөлім.

Жүргізуші топтарға келесі сұрақтарға жауап беруді ұсынады:
1. Мектеп жасына дейінгі баланың сөйлеуін дамыту дегенді қалай түсінесіздер?

Сөйлеу-баланың үлкендердің сөйлеуін қабылдауына, оның сөйлеу белсенділігі мен қарапайым тіл және сөз туралы ұғынуына байланысты  дамитын  шығармашылық үрдіс.

  1. «Коммуникация» білім беру саласының мазмұны қандай?
    «Коммуникация» білім беру саласының мазмұны ересектермен және балалармен еркін араласу дағдыларын дамытуға; зейінділікке, сөйлеуге, балалар әдебиетіне қызықтыруға бағытталған.
  2. Балаларды көркем әдебиетпен таныстырудың 3 тәсілі бар: ауызша, практикалық, көрнекі). Сіздерге келесі берілетін тапсырма осы аталған тәсілдерге әдістер таңдап жазу.

(топтар алдын ала дайындалған билеттерді алып, әр тәсілде қолданылатын әдістерді теріп жазады)
Ауызша

шығарманы оқып беру
мәтін желісі бойынша сұрақтар қою
шығарманы әңгімелеп беру
жаттау
мәнерлеп оқу
шығарма бойынша әңгіме
аудиожазба тыңдау

Практикалық

сахналау
дидактикалық ойындар
театрландырылған ойындар
Көрнекі

сюжетті суреттер, ойыншықтар көрсету
сахналау
саусақтармен, қолмен қимылдар жасау
Схемалар
видеофильмдер, диафильмдер тамашалау
көрме ұйымдастыру

  1. Баланың тілі қандай іс-әрекеттерде дамиды?

— дидактикалық ойындарда;

— сюжетті ойындарда;

— рөлді ойындарда;

— күн тәртібінің кезеңдерінде;

— серуенде;

— оқу қызметінде.

  1. Мектеп жасына дейінгі бала тілінің дамуын зерттеумен айналысқан қандай ғалымдарды білесіздер? (Н.Құлжанова мен Б.Баймуратова А.К.Менжанова, К.Д. Ушинский, Е.И. Тихеева, Е.А. Флерина, Р.И. Жуковская, А.П. Усова, Е.М. Струнина, Ф.А. Сохин т.б)
  2. Мектеп жасына дейінгі баланың сөйлеуін дамытуда тиімді заманауи технологияларды атаңыздар.
  3. ӨТШТ (ТРИЗ)- Бұл ең жас, әрі кең тараған таныс педагогикалық инновациялық жүйе. Ол – тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясына және шығармашылық тұлға дамыту теориясына негізделген. Оны Ресейлік ғалым және қиялшыл – жазушы Генрих Альтшуллер жасаған.
    ТРИЗ — дің мақсаты — тек қана балалардың қиялын ғана емес, сонымен қатар шынайылықты түсініп жүйелі ойлауға, өзін — өзі тануға, қоршаған ортаның қиындығын байқауға және де өздерінің шағын қиындықтарын шешуге баулу болып табылады.
    Тризшылардың ұраны – «Барлығын айтуға болады!».
  4. Ертегі терапиясы– психотерапияның құрамдас бөлігі. Баланың ертегі сюжетіне әсерленуі, кейіпкердің қиыншылықтарына алаңдауы оның келешекте өз алдында пайда болатын кедергілерден қиналмай өтуіне іштей дайындығын туындатады. Практикалық психологияның ертегілік терапия бағыты – баланың жақсылық пен жамандықты айыруына, мінез-құлықтық стереотиптерді тануына көмектесіп, адамдардың өмірде алдынан шығатын сан түрлі қиыншылықты ең соңында жеңе аларына деген сенімін нығайтады.
  5. Мнемотехника — тіл дамытуда тиімді есте сақтау,оны дұрыс жеткізе білудегі әдіс пен тәсілдер жүйесі. Қазіргі кезде мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда мнемотехниканы қолдану өзекті болып тұр. Бұл мақсатты іске асыру үшін, баланың тілін дамытуға әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолдану қажет. Қойылған мақсатты нәтижелі етуге қолданылатын тәсілдер:

— Көрнекіліктер, дидактикалық ойындар; суреттер; буындық кестелер; тірек-сызба; үлгілер т.б/
— жаңылтпаштар, тақпақтар, жұмбақтар, саусақ гимнастикасы, тыныс алу жаттығулары, т.б.

3 бөлім (Сергіту сәті)

  1. Ертегілер парағы.

Сылдырмақты бірінші болып соққан топ жауап береді:

  1. Қазақ халқының ертегілерінің қандай жанрларын білесіздер? (жануарлар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, хикаялық, сатиралық ертегілер, тұрмыс-салт ертегілері).
  2. «Алтын сақа» ертегісі ертегілердің қандай жанрына жатады? (қиял-ғажайып).
  3. «Мақта қыз бен мысық» ертегісінің авторы кім? (Ы.Алтынсарин)
  4. Орыс халқының «Теремок» ертегісінің желісіне ұқсас украин халқының ертегісін атаңыздар («Қолғап»).
  5. Қазақ балалар әдебиетінің негізін салған кім? (Ы.Алтынсарин).
  6. Ы.Алтынсариннің қандай ертегілерін білесіздер?
  7. Халықтың «Алтын,күміс-тас екен, арпа, бидай ас екен» деген нақыл сөзі қай ертегіде айтылған? («Бір үзім нан»)
  8. Қазақ ертегілеріндегі ең кішкентай кейіпкер қалай аталады? (Құйыршық)
  9. Үш дәуді алдап соққан ертегі кейіпкерін атаңыздар (Қаңбақ шал).
  10. Мақал-мәтелдер парағы

Әр топқа тапсырмалар беріледі. Әрбір дұрыс жауапқа бір балдан есептеледі.

1.Төмендегі сөздерді мақал-мәтелдермен алмастырыңыздар

— Ата-тегіңді біл (Жеті атасын білмеген ұл жетесіз).

— Қыз баланы қатал ұстау (Қызға қырық үйден тыю).

— Көп сөйлеме (Аз сөз-алтын, көп сөз-көмір).

— Асықпай, баппен істе (Асыққан шайтанның ісі).

— Жұмыс істе, ерінбе (Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей)

— Арыстанның баласы да арыстан болады – (Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер).
— Тұңғыш бала – (Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді).

  1. Төмендегі жаңылтпаштардың мазмұнына қарай ертегілер таңдап, атаңыздар.
    1. Бұлаң бұлаң еткен бұл аң, бұлаң десем екен қылаң (Түлкі мен ешкі).
  2. Сен өлше, ол өлшер, сол өлшем, сол мөлшер (Жеті рет өлшеп, бір рет кес).
    3. Гүлім гүлге қарап күлімдеді (Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі). 4. Тұз — мұздай, мұз – тұздай (Астың дәмін тұз келтірер).
  3. Ерді ел елер, ер елге еркелер ( Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар).

4 бөлім

Шығармашылық шеберхана

  1. Топтарға кез-келген бір мақал-мәтелді схема арқылы сызу ұсынылады.

Қарсылас топтар мақал-мәтелді табады.

  1. Мектеп жасына дейінгі баланың сөйлеуін дамытуда педагогикалық ұсыныстар дайындаңыздар.

Сөз әділқазылар алқасына беріледі. Әділқазылар қорытынды шығарады.

 

Скабылова Айгуль Нурымовна
Алматы облысы Талғар қаласы
«Жақсылық» бөбекжай-бақшасының  меңгерушісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.