Тәпсір Сәулегүл,
Астана қаласы,
«SPECTRUM» халықаралық
мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
«Қарлығаштың ұясы»-сахналық шағын көрініс
Сахна төрі, киіз үй, киіз үйдің шаңырағында қарлығаштың ұясы, үйдің ішкі көрінісі бойынша слайд, тәуелсіздікке байналысты видео роликтер.
Сахнада «Адай» — күйі баяу орындалып тұрады.
Слайдта –Төле би.
Киіз үйдің төрінде Төле би жантайып, терең ой үстінде жатады.. Шымылдықтың арғы жағынан 6-сынып оқушысы яғни автор:
Автор: -Төле би ел арасында «Қарлығаш әулие» атанып кеткен екен. Аңыз бойынша, қазақ еліне жоңғарлар шауып, ауыл адамдары үйлерін тастай қашқан. Осы уақытта тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орнында отыра беріпті. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайжысы түтінін тұтатқан жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып,бір тықыртса, көшпеуінің себебін айтып, екінші тықыртқан екен. Жұртпен бірге бас сауғалап, үйін тастамағанының себебін би былай түсіндірген екен:
(Далада жоңғар әскерлерінің «Давшаад, давшаад, давшаад»- деген сөздері -айқай шу, сәлден соң үйге баса көктеп жоңғар басшысы Хонтайжы кіріп келіп:
Хонтайжы-(Али) «Ей, Төле би! Елің көшіп кетіп жатыр. Сен неге көшпейсің? Неге мынау үйіңді жықпайсың? Көшпей қалуыңның сыры неде?» — деп ызғарлы дауыспен тебіте сұрапты.
Төле би – (Сырым):- «Биылғы жылы шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарын шырылдатқым келмеді.
Қарлығаш – жер бетін топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі төнгенде қызғыштай қорғаған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым. Сендердің де үйлеріңді ойран етіп, бала –шағаларынды шырылдатса, қалай болар едіңдер?-дейді байыппен.
Сонда жоңғар әскерлерінің бірі: — «Бұл өзі ғажайып даналық қой. Бір ауыз сөзінің өзі мың ауыз сөзге татиды екен. Өте әділ шешім, жарайсыз Төле би!»- дейді.
Сонда Жоңғар басшысы: (Али)- «Шын әулиенің өзі екен, жүріңдер қайтайық, бұларға көз алартуға болмайды!- деп Жоңғар әскерлері аттарына мініп «Буцаад, буцаад, буцаад!»-деп шаба жөнеледі).
Автор:- «Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын жүйрік таныған қалмақ басшысы: Шын әулиенің өзі екен-деп өзіне де, еліне де көз алартпапты.