Қазіргі кезде мемлекетіміз үшін кәсібилік деңгейі жоғары мамандар дайындап шығару қандай өзекті мәселе болса, жас мамандарға қолдау көрсету дәл сондай көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл мақсатқа жетудің тиімді тетіктерінің бірі алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқынды тәрбиелеу ісі екендігінде дау жоқ.
Сондай-ақ, тәлімгерлерді бекіту тәртібі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 11 «Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді белгілеудің тәртібін бекіту туралы» бұйрығымен реттелген.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлер бекіту нормасы қарастырылған.
Сөз төркініне үңіле қарасақ тәлімгер сөзінің астарында үлкен мағына жатыр. Сөздікте «Тәлімгер — басқа жұмыскерлер кеңес, ұсыныс, қолдау ала алатын білікті, тәжірибелі, кәсіби маман»- деп анықтама берілген.
Өмірге алғаш қадам басқан сәтте, біздің тәлімгеріміз ата-анамыз болды. Сол кісілер бізге қиын кездерде қол ұшын беріп, көмектесті. Ал мектеп табалдырығын аттаған кезде біздің тәлімгеріміз ретінде ұстаздарымыз болды.Бір мамандық иесі атанып алғаш үлкен орта, жұмыс ұжымына қабылданған сәтте тағыда сол тәлімгердің тәрбиесіне мұқтаж боларың сөзсіз. Бұл орайда Қарағанды қаласындағы №27 жалпы білім беретін орта мектепте әр жас маманға еңбек жолында кездескен қиындықтарды өткеруге, өзінің кеңесі мен қолдауын аямайтын тамаша жанның бірі тәлімгер Кузнецова Людмила Ивановна.
Кузнецова Людмила Ивановна кәсіби-білікті маман ғана емес, терең ойдың иесі, пейілі кең педагог, сонымен қатар көмекші, дос, кеңесші.
Людмила Ивановна ашық жарқын мінезді, қарапайым жан.Ұжымның қоғамдық өміріне белсене қатысады, өзінің жалпы мәдени және кәсіптік шеберлігін дамытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап және кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіріп отырады.
Өзін-өзі тануға және оқыту мен тәрбиелеудің инновациялық технологияларын игеруге үнемі ұмтылады.
Тәлімгерлік жүргізу барысында жаңадан келген әріптестеріне Людмила Ивановна кәсіби бейімделуіне және лауазымдық міндеттерді орындау кезінде туындаған кәсіби қиындықтарды жеңуде көмек көрсетуден жалыққан емес. Қызметтік борышын үлгілі орындап, жаңадан кірген қызметшінің кәсіби қалыптасуы мен тәрбиесіне елеулі үлесін қосып келе жатыр. Жоғары аталған барлық қызметтерді қазіргі таңда адал және мінсіз атқаруда.
Тәлімгер, Кузнецова Людмила Ивановна – қиялы ұшқыр, тың ойлар айта білетін тапқыр, тәрбиеге қатысты жұмыс түрлерін дер кезінде ұйымдастырушы, балалардың оңы мен солына дұрыс бағыт сілтеп, жақсы мен жаманды саралап тәлім-тәрбие берер тәрбиеші.
Людмила Ивановна туралы №27 мектептегі әр ұстаз осындай пікірде десек артық айтқандық емес.
Әсел Құсайынқызы,
Қарағанды облысы,
«Білім айнасы»