Жуырда Ақтөбе қаласында өткен «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді дамыту перспективалары мен мәселелері» атты тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған ІІІ республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып қайттық.
Еліміздің түкпір-түкпірінен педагогтар бас қосқан конференция жұмысы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өтті. Жиынды «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Бұл басқосуға менімен бірге әріптестерім Азаткүл Мусагалиева, Күнсұлу Сатибаева және Ботагөз Оразова қатысты. Біз конференцияға қатысқан өзге өңірлердегі педагогтармен бірге шеберлік сыныбын көрсетіп, екінші орынға қол жеткіздік. Сонымен қатар аймақтардағы мұғалімдермен тәжірибе алмасып, өз қорымызды молайттық. Конференцияда Ақтөбе облыстық арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернат-колледжінің оқушылары өз өнерлерімен тәнті етті. Басқа да көптеген пайдалы ақпараттарға қанығып, жақсы әсермен оралдық.
Біздің осындай үлкен алқалы жиынға қатысуымызға мүмкіндік жасаған Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі аудандық білім беру бөлімі мен мектебіміздің басшыларына алғысымыз шексіз. Конференцияны ұйымдастырушыларға да ризашылық білдіріп, алдағы уақытта осындай тағылымды кездесулер жалғасын табуына тілекшіміз.
Зульфия АККУЛОВА,
ЖББ Подстепный №1 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
І санатты ұстаз, Теректі ауданы, БҚО