«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ базасында қазан айының 2-13 күндері аралығында қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдері үшін «Қазақстан Республикасында көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында біліктілік арттыру курсы өтті. Курс педагогтердің жаңартылған көп тілді білім беру жағдайында қажетті білімді игеруі бойынша кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, оқушыларды тілдік дағдылары жетілген, бәсекеге қабілетті тұлға есебінде қалыптастыруда тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы критериалды бағалауды жүргізу ерекшеліктеріне бағытталды.
Курс кезінде жаңартылған білім мазмұны бойынша тілдік дағдыларды байланыстыра оқытудың маңыздылығына тоқталып, көптілді білім беру жағдайында сабақтың интербелсенділігін арттыру әдіс-тәсілдеріне, белсенді оқыту стратегиялары арқылы коммуникативтік құзыреттіліктерді қалыптастыруда критериалды бағалау жүйесінің қолданылуын тәжірибеде көрсету де ескерілді. Бұл «Оқу қызметін критериалды бағалау жүйесі» тақырыбында өткізілген облыстық әдістемелік семинар сабақтары арқылы жүзеге асырылды.
Ақтау қаласының оқу орыс тілінде жүретін №17 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Н.К. Мамедова (2-сынып), А.А. Баймағанбетова (7-сынып) өткізген ашық сабақтарында критериалды бағалау жүйесінің қолдану тәжірибелерін көрсетті. Нұргүл Мамедова өз сабағын оқушылардың «Шаттық шеңберін» құруымен бастап, интербелсенді тақтадан отбасы мүшелерін көрсету арқылы сабақ тақырыбына болжау жасатты. Ойын әдістеріне негізделе құрылған «Менің отбасым» тақырыбындағы сабаққа оқушылар қызыға, белсенді қатысты. Бірнеше жұмыстарды орындаған топ оқушылары өзара бағалауын күлдіргіштер және «Түймедақ» арқылы жүргізді.
Келесі сабақ тақырыбы — «Уақыт — өмір». Жетінші сынып оқушылары Алтынгүл Баймағанбетова дайындаған тапсырмаларды бағалау критерийлеріне сай орындады. Мәтінмен жұмыс, сұхбат жүргізу, нақты ақпаратты табу жұмыстары бағалау парақшалары, бірін-бірі ауызша бағалау арқылы жүргізілді. «ПОПС» әдісі арқылы ой тұжырымдау, эссе жазу жұмыстарына оқушылар белсене қатысты. Сабақтарда заманауи оқытуға қойылатын талаптар сақталды, уақытты үнемдеу үшін дайын әдістемелік материалдар қолданылды, оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруға бағытталған интербелсенді әдістер, тапсырмалар, аудио және бейнежазба материалдары пайдаланылды.
Семинарға қатысушы пән мұғалімдері өз пайымдаулары бойынша жаңа бағдарлама ерекшеліктері, орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың сапалы оқытылуын қамтамасыз ету үшін тәжірибеде критериалды бағалауды тиімді қолдану туралы өз ойларын ортаға салды, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ж. Нығмет,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ-дың
аға оқытушысы