2019 жылғы 17 сәуірде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстандағы президенттік институттың тарихына арналған Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» атты экскурсия жобасының он күндігінің ашылуы өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы Елбасының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, келушілерді Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы мен қызметімен таныстырады.
«Тұңғыш» жобасы экскурсиясына келушілер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті–Елбасының тарихи жолын ашатын бейнехрониканың сирек кездесетін кадрларынан, фотосуреттер мен архивтік құжаттардан тұратын бірегей материалдардың бірыңғай кешенін тамашалады. Экскурсиялар мына тақырыптар бойынша өткізілді: «Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Атамекен», «Қазақстанның спорт даңқы».
«Қазақстанда президенттік институттың құрылуы және даму тарихы» (Елбасы жеке архивының құжаттары бойынша) көрмесінің ашылу салтанаты басталардан бұрын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет Қызметі Президенттік оркестрінің әскери дефилесі өтті.
Жоғарғы оқу орнының ұжымы мен іс-шара қонақтарын құттықтаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов бүгінгі Қазақстанның тарихында елдің, қоғамның, Көшбасшының тарихи таңдауын анықтаған маңызды межелер бар екендігін атап өтті:
– 24 сәуір, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Осыдан тура 29 жыл бұрын Қазақстанда президенттік институт енгізіліп, ел тарихында қазақтың бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғаш рет Президент болып сайланды. Біздің көрмелік жобамыз Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасу және даму тарихын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көпвекторлы саясаты мен жаһандық бастамалары арқылы көрсетуге арналған. Бүгін, сіздерге ұсынылып отырған бірегей жәдігерлер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлін ашып көрсетеді. Біз президенттік институттың Қазақстандық моделі пәрменді механизм екеніне және Тәуелсіздік жолындағы дұрыс таңдау болып табылғанына көз жеткізіп отырмыз. Сөзсіз, бұл үдерісте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде алдағы уақытта ерекше рөл атқара беретін болады.
Ә.М. Рахымжанов С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне Елбасы кітапханасы атынан сый ретінде кітаптар жинағын тарту етті. Олардың арасында – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері, Елбасы туралы отандық және шетелдік авторлардың кітаптары.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев көрменің ұйымдастырылуына ұйытқы болған Елбасы кітапханасына ризашылығын білдіріп, Елбасы саясатының арқасында мүмкін болған университет жетістіктерін атап өтті.
– Бүгінгі іс-шара жастардың болашаққа деген сенімін, еліне деген сүйіспеншілігі мен мақтанышын еселей түсері сөзсіз. Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз идеялары мен озық бастамалары арқасында көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламалар жүзеге асырылды. Оның нақты нәтижесін біздің университетімізден көруге болады. Атап айтар болсақ, Елбасының тікелей қолдауымен оқу орнымызда 2016-2017 оқу жылында 800 орындық жаңа жатақхана іске қосылып, бүгінде студенттеріміздің 90 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіш. Соңғы жылдары жас ғалымдарымызға, оқытушыларымызға Есілдің сол жағалауында үш қызметтік үй салынып, оқытушылар құрамы толықтай тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Былтырғы жылдың соңында оқытушыларымыздың жалақысы 20 пайызға өсті. Қазақстан бойынша ең арзан асхана жұмыс істейді, өзіміздің студенттік емханамыз, әлеуметтік дәріханамыз және әлеуметтік дүкеніміз бар. Мұның барлығы еліміздің, Елбасымыздың саясатының нәтижесінде жүзеге асырылған жетістіктер деп есептейміз, – деді А.Күрішбаев.
Көрменің ашылу салтанатынан кейін Елбасы кітапханасының директоры Ә.М.Рахымжанов университеттің құрылымы мен жұмыс бағыттарымен танысты. Студенттермен кездесу барысында ол жастарға Тұңғыш Президенттің жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларының маңыздылығын түсіндіріп, бұл бағыттағаы Елбасы кітапханасының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Студенттер көрмемен танысу барысында Н.Ә.Назарбаевтың жеке қолданысында болған заттарды жақыннан көріп, көптеген жәдігерлерді қолдарымен ұстап көрді.
«Тұңғыш» көшпелі экскурсия жобасы 2019 жылғы 30 сәуірге дейін жалғасады. Аталған жоғарғы оқу орнымен қатар, көрме Нұр-Сұлтан қаласының екі мекемесінде жалғасады: №62 мектеп-лицей (25 сәуір, 10.30) мен Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебі (30 сәуір, 10.30).