Home » Білім және тарих » Тұңғыш Президент күні – өте қадірлі мереке

Тұңғыш Президент күні – өте қадірлі мереке

Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақстан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны белгілі. Ал бұл сайлаудың ерекшелігі неде еді? Расында, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық сайлау КСРО шеңберінде өткен алғашқы халықтық үдерістің бірін білдірген болатын. Дәл осы 1991 жылдың 1-желтоқсанындағы сайлау арқылы Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын таныды. Бұған дейінгі Кеңестік кезеңнің барлық сайлауынан өзгеше өткен осы сайлау арқылы қазақ елі ендігәрі Қазақстан басшысы тек орталықтың пәрменімен тағайындалмайтынын, халықтың өзі билікке, өзінің көшбасшысын сайлау арқылы тікелей араласып, таңдау жасау құқығын жүзеге асыратынын сезінді. Нәтижесінде 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Елбасыға жүктеді. Расында бұл сайлау халық үшін аса жауапты кезеңде өтті. Өйткені, бұл «мызғымас» делінетін Кеңестер Одағының ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұс еді. Ал ондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, бірақ жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын уәде еткен. Кейіннен халық та өзінің сонау жылы желтоқсандағы сайлауда жасаған таңдауы алдамағанына талай рет куә болды, әлі де куә болып келе жатыр.

Бүгінде бүкіл елдің қолдауымен сеніміне ие болып, елді сындарлы жолмен болашаққа айқын бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тойланатын – Тұңғыш Президент күні біз үшін де өте қадірлі мереке. Ендеше мерекелеріңіз құтты болсын, қазақ елі!

Батырхан КАРАШИНОВ

№10 жалпы орта білім беретін мектебіндегі

«Нұр Отан» бастауыш партиясының жетекшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.