Мақаламыздың кезекті қаһарманы 1958 жылы 28 қазанда, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ащысай елді-мекенінде өмірге келген Тоқтасынова Бақытқыз Сатылғанқызы. Қазіргі таңда №156 жалпы білім беретін мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүрген Бақытқыз Сатылғанқызы өзінің еңбек жолын туған жеріндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде бастаған. 1995 жылы Алматы қаласының маңындағы Өжет елді-мекеніне келіп, жергілікті мектепте өзінің ұстаздық өмірін жалғастырған екен. Жеміссіз емес, әрине…
-Бақытқыз Сатылғанқызы, ұстаздық етіп жүргеніңізге 30 жылдан асыпты. Осы жылдары педагогикада қандай жетістіктерге жеттіңіз?
-Бұл салада соншама жыл жүрсек те, өзімді айрықша дүние жасадым айта алмаймын. Дегенмен, ұстаз болған соң дарынды оқушылармен жұмыс жасап, оларға бағыт-бағдар беріп, жетістікке жетуіне септесемін. Шүкір, өзімнің тәлім берген шәкірттерім осы күнге дейін аудандық, республикалық жарыстардың ешқайсысынан жүлдесіз қайтып көрген жоқ. Қалалық ғылыми жоба жарыстарында оқушыларым ылғи да І, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталып отырады. Биылғы жылдың өзінде 5 шәкіртім «Қашықтықтан оқыту» олимпиадасның жүлдегері атанды.Сондай еңбектерімді ескерсе керек, 2011 жылы маған ҚР Білім бру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісін табыс етті. Жұмыс жасау аймағымыз тек шәкірттермен де шектеліп қалмайды. Қазіргі таңда мектебіміздегі 13 ұстаздан құралған «Тарих пәні бірлестігінің» жетекшісі болып жүрмін. 2009 жылы біздің бірлестігіміз Алматы қаласындағы пән бірлестіктерінің арасында үздік ондықтан көрінді.
-Жетістіктеріңіз еселене берсін деймін ,Бақыт апай. Келесі сұрағымды қойсам. Оқушыларға тарихты оқу жеңіл әрі ыңғайлы болуы үшін қандай тәсілдерді қолданасыз?
— Мен көзбен көріп, қолмен ұстаған дүниеге сенетін адаммын. Оқушылардың да танымын жетілдіру үшін мен түрлі тарихшылармен, танымал тұлғалармен кездесуді жиі ұйымдастырып отырамын. Мәселен, жақында «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихшылары қатысқан үлкен конференция өткіздік. Ол жерде хандық дәуірдегі Қазақ елі тарихының ақтаңдақтары жайлы көптеген деректермен таныс болдық. Тиісінше, оқушыларға да өз пайдасын тигізді. Одан бөлек, атақты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовамен, бала ақын Жамбылмен кездесулер ұйымдастырдым. Ондағы мақсатым, біздің өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз осындай талантты, дарынды, танымал тұлғаларға еліктеп өссе деген ой болды. Себебі, бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Сосын, «Желтоқсан» оқиғасының зерттеушісі Коммунар Табеиевпен кездесу жасадым. Ол кісі оқушыларға сол оқиға жайындағы барлық көрген-түйгенін айтып берді… Жалпы, мұндай кездесулердің үлкен мәні бар ғой. Тек қана оқушылар емес, біздің ізбасарымыз болып келе жатқан жас тарихшы мамандар үшін де берері мол. Айтылғандардан бөлек, жыл сайын аудандық семинарларға да мұрындық болып отырамыз. Мәселен, биылғы жылы «Кеңес әскерлерінің Ауғанстанға кіргізілуі мен шығарылуы» атты тақырыпта өткен аудандық семинарға басшылық жасадым. Кездесулер мен семинарлар өз саласының мамандарының қатысуымен өткізілетіндіктен көптеген тың деректерге қол жеткізіп жатамыз. Жоғарыда айтып өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған кездесуде қатысушылар сол заман тарихы жайындағы оқулықтарда бұлыңғырлау сипатта берілген көптеген ақтаңдарға жауап тапты…
— Осы жерде бір сұрақ қоя кетсем. Сонда, қазіргі оқулықтардағы ақпарлар қате ме?
— Қалай айтсам болады… Біздің қазіргі мектеп бағдарламасында 8 сынып оқушылары тарихты 2 оқулықпен, 9 сынып оқушылары 3 оқулықпен оқуға мәжбүр. Себебі, бір жүйеге келтірілген, тарихи даталар мен фактілерді бір ізділікке салған оқулық жоқ. Мәселен, бір ғана Тәуке хан өлген жылды алайық. Оның өмірден қайтқан жылы үш кітапта үш түрлі датамен: 1)1718 жыл; 2)1716 жыл; 3)1715 жыл деп беріледі. Тарихшылармен болған кездесуде біз оларға осы сұрақты қойдық. Олар 1715 жылдың дұрыс екендігін айтты. Өйткені, дәл сол жылы Қайып хан таққа отырған. Міне, осындай екіұдай даталар мен фактілер оқулықта өріп жүр. Бұл, әрбірден соң, оқушыларды шатасуға алып келеді…
-Ойыңызбен келісемін Бақыт Сабдығанқызы. Оқулықтар мәселесі қазір республикалық деңгейде де көтеріліп жүр… Енді, әңгіме ауанын сізге қарай бұрсақ. Менің білуімше сіз тек мұғалім ғана емес, кітап авторысыз…
-Йә. Мен Өжетке көшіп келгеннен кейін елді-мекенннің атауын зерттеуге деген қызығушылығым оянды. Естіген құлаққа ерекше әсер беретін атауды зерттеуіме түрткі болған себеп, университет профессоры Өжетбай ағайымыздың атымен үндестігі еді (күлді). Сосын жергілікті жердің тарихын зерттеуге білек сыбанып кірісіп кеттім. Кітаптың негізіне осы жердің байырғы тұрғындары жайындағы, тыл және соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және т.б. жайындағы деректер алынды. Кітап жазуға шешім қабылдағаннан кейін Өжетті бір жыл бойы араладым. Осылайша тұрған жерімнің тарихына арнап жазылған «Өжетім өркенді елім» атты зерттеу кітабым дүниеге келді…
-Кітабыңыз дара мақалаға сұранып, бөлек жерде әңгімелеуге сұранып тұрған сыңайлы. Сондықтан, қарсы болмасаңыз, жалпылама сұрақтарды жалғастырсам. Сіз тарихшы ретінде айтыңызшы, қазақ тарихы түгенделді ме?
-Жоқ, әрине.
-Не себеп?
— Біздің тарихшыларымыздың өзінің арасында ауызбіршілік жоқ. Бірінің айтқан дерегін екінші мойындамайды. Біздің алдымызда тұрған ғалымдарымыз бір-біріне кереғар позиция ұстанып тұрған кезде тарих та бір ізділікке түспейді. Олар өзара келісімге келіп, бір үстел басында тарихтың әр бөлімін мәмілелесу арқылы жазбаса, өзі де там-тұм болып тұрған қазақ тарихы нақсыз даталар мен фактілердің қойыртпағы болып қана қала береді. Бұл бір. Екіншіден, тарихты, тарихи оқулықтарды жазуға тәжірибесіз немесе қалыптаспаған тарихшыларды тартқанды қою керек. Әлгінде ғана тарих кітабына көшеден эстрадаға топ ете қалған әншісымақты енгізіп тест құрастырған жас тарихшы әлеуметтік желіні де, қоғамды да бір шулатып алды. Осындай сорақылықтарға жол бермес үшін, біздің тарихты, тек қана тарихты емес, басқа да оқулықтарды жазуға тек кәсібилерді тартқанымыз абзал.
— Білім жүйесіндегі бұл кінәраттардың себебі не деп ойлайсыз?
— Сөзсіз жемқорлық. Мектептен бастап барлық ЖОО шырмаған жемқорлықты жеңбей, сапалы, білімді азаматтарды даярлап шыға алмаймыз. Оны тыймай білімді студенттер, білімді мұғалімдер, білім оқушылар шықпайды…
— Әңгімеден байқадым, өмірде ұстанымға адал адам секілдісіз…
-Дүрыс айтасың, ұстанымнан айнымаймын. Басты ұстанымым: «Ана тілім әрқашан биік тұрсын». Осы үшін де талай жерде топқа түсуіме тура келді. Жалпы, біздің еліміздегі тіл саясаты өзін ұлтшыл санайтын әр қазақтың көңілінен шықпайды ғой. Мен үшін де солай. Халқының басым көпшілігі жергілікті ұлттан тұратын елімізде ана тіліміз лайықты орынын ала алмай келе жатқаны көңілімді қынжылтады. Дағыстанның дарабоз ақыны Расул Ғамзатов : «Егер тілім ертең болса құрымақ , мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» -, деп жырлаған екен. Мен әрдайым осы ұстанымнан, осы сөзден айнымауға тырысамын.
— Елу жылдан кейін Қазақ Елін қалай елестетесіз?
— «Елу жылда ел жаңа» дейді халық. Мен ойлаймын, жарты ғасырдан соң жететін жаңа ұрпақ тарихы түгенделген, тілі бүтінделген, әлеуеті артқан, абыройы асқақ жаңа мемлекеттің куәгерлері болар деп. Қалай десек те, болашаққа тек сеніммен және үлкен үмітпен қараған дұрыс шығар…
— Өмірде бірінші орынға нені қоясыз?
— Егер, отбасымды қоспасақ (күлді) әрине, туған жерім мен елімнің амандығы. Тағдырдың сан қилы теперішін көріп, осындай байтақ даланың қожасы болып отырған халқымыз тек биіктен көрінсе деген ниет.
— Өмірде өзіңізді кім ретінде көресіз?
— Қазақ болған соң еліктегіш халықпыз ғой. Мектепте жүргенде математика пәніне беретін ұстазымызға еліктеп ұстаз болғым келді. Шүкір, болдым да. Бірақ, мақсатсыз емес мақсатты түрде мұғалім болдым. Осы жолға келерде өзіме « туған елімнің тарихын өзім тәлім берген әр баланың жетесіне жеткізіп , тарихын санасына құйып тұрып үйретем» деп сөз бердім. Оның түрлі жолын да қарастырдым. Әйтпесе, 45 минут бір орында отырып, уақытын құр өлтіргеннен басқа ештеңеге жеткізбейтін мұғалімдік, мен үшін — бекер мұғалімдік. Сол үшін өзімді, ең әуелі, ұлағатты ұстаз ретінде көремін. Екінші – аяулы ана ретінде, әрине…
— Салиқалы сұхбатыңызға рахмет, апай.
Дінмұхамед Мұхаметжан,
«Білім айнасы»,
Алматы қаласы