Home » Жаңалықтар » ТҰЛҒА ДАМУЫНДАҒЫ ІЗГІЛІКТІ БІЛІМНІҢ МАҢЫЗЫ

ТҰЛҒА ДАМУЫНДАҒЫ ІЗГІЛІКТІ БІЛІМНІҢ МАҢЫЗЫ

Деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері

 Қоғамдық қатынастардың өзгеруіне байланысты білім беру жүйесінде әр кезеңде жаңа, күрделі өзгерістердің туындайтыны белгілі. Қазіргі кезеңдегі тәрбиенің басты мақсаты – жастардың тұлғалық қасиеттерін гуманистік бағытта дамыту. Гуманизм жалпы алғанда дүниетаным қағидасы десек, адам мүмкіншілігінің шексіз екендігін мойындау, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын және абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету – қоғамның түпкілікті мақсаты. Педагогикалық және психологиялық тұрғыдан қарасақ, адамдар арасындағы қатынастардың сүйіспеншілікке негізделуі, олардың ар-намысын, абыройын, ұжданын құрметтеу, адамгершілік, парасаттылық тұрғыда қамқорлық жасау, адамды сүйе білу, қадірлеу де гуманизмге жатады.

Гуманистік педагогика тұлғалық-бағдарлы тәрбие теориясына ерекше назар аударады. Тұлғалық бағдарлы тәрбиеде басшылыққа алынатын басты құрылымдар мыналар:

  • тәрбие мазмұнының құндылықтық, дүниетанымдық бағыты немесе құндылықтар жүйесі, яғни, өмірдің мәні;
  • халықтық және жалпыадамзаттық мәдениетті игеру;
  • әлеуметтендіру, қоғамдық тәжірибені жинақтап, тұлғаның азаматтық іс-әрекет тәжірибесін дамыту;
  • тұлғалық бағдарын (тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі басқару, өз өмірін ұйымдастыру қабілетін) дамыту;
  • тұлғаның денсаулығы мен тән түзілісіне байланысты табиғи бағдарын бекіту.

Тәрбиедегі басты мәселе – жастарды рухани тұрғыдан дамыту. Рухани даму дегеніміз – өзінің өмірдегі орнын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін, дүниенің күрделі құрылымын түсіну және өзін-өзі үздіксіз, бірқалыпты жетілдіру. Адамның тәндік, физиологиялық, психикалық және әлеуметтік дамуын рухани дамудың өлшемі ретінде алуға болады. Рухани даму тұлғаны қалыптастырудың өзегі болып табылады.

Педагогикада адамның ішкі жан дүниесі мен іс-әрекетін білдіретін атаулар жиі қолданылуда, мәселен, өзін-өзі тану, өзін-өзі тәрбиелеу, өздігінен білім алу. Осы бағдарларды жүзеге асыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған
Мемлекеттік бағдарламасының мақсат, міндеттерін орындауға ықпал етеді.

Жеке тұлғаның тәрбиелілігі, өзін-өзі тәрбиелеудің нәтижесі және өзін-өзі іске асырудың себебі ретінде көрінеді.

В.В. Байлук алғаш рет тұлғаның өз бетінше білім алуын, оның тұтастай өзін-өзі іске асыруының негізгі заңы ретінде және тікелей өзін-өзі тану негізі ретінде зерттеді және өзін-өзі тәрбиелеудің қағидалары мен әдістерін, олардың өзара байланысын анықтады.

Баланың ойлау дербестігін, сыни ақылын, эстетикалық талғанмын, жоғары адамгершілік сезімін және физикалық денсаулығын қаматамасыз етудің маңызы туралы француздық философ-пелагог Мишель Монтень (1533-1592) өз еңбектерінде талдаулар жасады.

Шәкәрiм Құдайбердiұлы «Адамның жақсы өмiр сүруiне үш қасиет негiз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мiнсiз ақыл, таза жүрек. Бала кезден бастап адам бойында жоғары ар-ұят, өзін-өзі сыйлау сезімдерін тәрбиелеу айуандық инстинкттен аулақ болуға, зиянды құмарлықтарды жоюға көмектеседі» — деп санады.

Рухани-адамгершілік бағытта әңгіме өткізу, рөлдік ойындар жүргізу, кішігірім топтармен жұмыс істей білуге үйрету, өмірлік жағдайлар туралы әңгімелер құрастыру сурет арқылы бейнелеу, әңгіме оқу, оқыған мәтінді және көрген фильмді талдау арқылы іске асыруға болады. Адамгершілік тәрбиеле басты мәселе баланың назарын үнемі өз өміріндегі елеулі өзгерістерге бұрып, оны саналы саналы түсінуіне баулу көзделеді.

Гуманитарлық танымдық жүйедегі білімдік бағдар төмендегідей болады:

  • адамның өзін-өзі тануы, өз мүмкіндіктерін іске асыруы, өздігінен даму құқығын ең жоғары құндылық деп тануы;
  • өзін-өзі басқаруға, өзінің ішкі мүмкіндіктерін, «Мен»-ін табуға бағыттау;
  • өмірлік философияның мәнін іздеудің жайын жасау.

Осы мәселелер өмірлік шындықты танумен бірге, әлеуметтік қажеттілікті де қанағаттандырады. Сондықтан, адамның өмірін бағалау және оның іс-әрекетінің алуан қырын, тұлғаның материалдық және оның іс-әрекетінің алуан қырын,  тұлғаның материалдық және рухани құндылықтарды саналы түсінуін және олардың мәнін біліп пайдалануы, жеке тұлғаның мәдениетін жетілдіреді.

Оқушыны дүниені заттық және құндылық тұрғысынан қабылдауға тәрбиелеудің маңызы орасан зор. Дүниені заттық тұрғысынан қабылдау дегеніміз адам санасында айналадағы объектілердің нақты материалдық нысанда қабылдануы. Мысалы, заттың түсі, көлемі, құны, атқаратын қызметі, салмағы, биіктігі, жас мөлшері, атауы, адамның өміріндегі қолданысы.

Дүниені құндылықтық тұрғыдан қабылдау дегеніміз – айналадағы шындықты адам өміріне қажетті құндылық қатынас арқылы қабылдау. Субъект дүниені қабылдауда назарын заттың адам өмірінде атқаратын құндылығына, объектінің жабық тұрған ішкі мәнін сезініп қабылдауына аударып, оған мән бере білуі тиіс. Мәдениетті адам айналадағы шындықты заттық және құндылықтық қабылдаумен толысып, заттың адам өміріндегі мәні құндылықтық мазмұнмен жетілуі тиіс. Дүниені құндылықтық тұрғысынан қабылдаудың маңызын түсіну үшін, оны заттық тұрғыда қабылдаумен салыстыруға болады.

Мысалы, затты құндылықтық тұрғыдан қабылдау: нақты, шектеулі, үнемі жаңа затты қажет етеді, қызығушылық тез жойылады, пайда көзделеді, адамды бұзады, руханилықты жояды, бағалау көркемдікке тәуелді болады.

Құндылықтық тұрғысынан қабылдау: абстрактылы, қозғалмалы, шектеусіз, өзіндік құндылығын жоймайды, қызығушылығы тыйылмайды, пайда көзделмейді, жасампаз, қооррғауы, рухани көпшіліктің пікіріне тәуелсіз.

Осыған орай, екеуінің де тәрбиелік әдістері де алуан түрлі болады:

  • дүниені заттық тұрғыдан қабылдау әлемді «көрсете», дүниені құндылықтық тұрғыдан қабылдау дүниені шәкірттерге «бейнелейді»;
  • біріншісі шәкірттерді белгілі нұсқаны орындауға бағыттаса, екіншісі оларды ойландыруға бағыттайды;
  • біріншісі шәкірттерді белгілі нұсқаны орындауға бағыттаса, екіншісі олардың белсенділігін арттырып, өзін-өзі бақылауға үйретеді;
  • біріншісі баға берсе, екіншісі өз «Мен»-ін іс-әрекет арқылы білдіреді;
  • біріншісі оқушылар бір-біріне ұқсас болсын десе, екіншісі балалардың даралық қасиетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Дүниені құндылықтық тұрғысынан қабылдау дегеніміз – кез-келген объектіні қабылдау барысында оның ішкі мәнін ашып, объектіні адам өмірімен байланыстырып, оның қазіргі өмірдегі қолданысына назар аудару.

Рухани-адамгершілік білімнің маңыздылығы жайында ұлы қазақ классиктері де айтып кеткен. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы ғалымдарға «Ар-ұждан ілімін» әзірлеп, оны барлық білім беру ұйымдарына міндетті пән ретінде енгізу жөнінде ұсыныс айтқан. Бүгінгі таңда Шәкәрім Құдайбердіұлының арманы жүзеге асты деуге болады, себебі, Қазақстанның барлық жалпы білім беретін мектептерінде өткізілетін өзін-өзі тану сабақтары – ар-ұждан сабақтары болып табылады.

Құндылықтық бағдарлы тәрбиені Н.Е. Щуркова зерттеп, оны топта іске асырудың пайдасы зор екендәгәне тоқталды:

  • топтағы әр бала ойланып, әрекет етуге күш жұмсайды;
  • топта қалыптасқан көңіл-күй ортасы баланың көңіл-күйіне де әсер етеді;
  • топ әлеуметтік орта ретінде шәкіртті қоғамдық қатынасқа түсіріп, әлеуметтік тәжірибесін арттырады;
  • топта әр балаға әлеуметтік кеңістік жасалып онда ол өзінің ерекшелік сипатын көрсете алады;
  • топ шәкірттің адамгершілік қасиетін қалыптастырып, түсінігін жетілдіріп, оны өмірде қолдана білуге тәрбиелейді.

Жоғарыда аталған ойларды оқу-тәрбие жүйесінде жүзеге асыру арқылы ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беруді жүзеге асыратын «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын айтуға болады. Бағдарламаға мазмұны төмендегідей сиапталады.

Рухани-адамгершілік білім беру – бұл білім мазмұнына оқушылардың жоғары рухани-адамгершілік болмысын ашуға және толық адам болып қалыптасуына ықпал ететін жалпыадамзаттық құндылықтарды енгізу арқылы оларды белсенді оқу-танымдық әрекетке ынталандыруды және оны ұйымдастыруды, сол сияқты ойы, сөзі және ісі бір жерден шығатын кемел мінезді адам тәрбиелеуді мақсат ететін педагогикалық үдеріс.

Рухани-адамгершілік білім беру оқушы-мұғалім өзара қарым-қатынасына негізделген, онда тек оқушыда ғана емес, өзіндік рухани ізденіс субъектісі ретінде мұғалімнің өзінде де өзгеру жүруі керек. Мұғалім өзінің жеке басының оқушыларға үлгі көрсетуі арқылы және олардың рухани-адамгершілік дамуына жағдай жасай отырып, шабыттандырады, ынталандырады – бұл рухани-адамгершілік білім беретін өзін-өзі тануды оқыту әдістемесінің негізі болып табылады.

Руханилықтың өлшемі негізгі педагогикалық ұғымдарға өзінің жасырын жатқан асыл мазмұнын қайтаруға көмектеседі. Ізгілік педагогикасының манифесінде әр педагог үшін шабыттандырушы шоқжұлдыз болып табылатын қасиетті ұғымдар берілген

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасында тұтас тәрбие мен білім беру үдерісінің рухани негізін қалпына келтіру жүргізіледі. Қазіргі қоғамда адамзаттың дамуы үшін «руханилық» ұғымына материалық шынайылылықтан маңызы кем түспейтін оъективтік шынайылылық мәртебесін қайтарудың қажеттігі пісіп жетілді. Аксиологиялық және антропологиялық көзқарас тұрғысынан тұлғаның мотивациялық сферамен байланысты ішкі (руханилық) және сыртқы (адамгершілік және ізгілік) базалық, мәндік сипаттары руханилық, адамгершілік және ізгілік болып табылады. Жуық араға дейін адамгершіліктің әлеуметтік аспектілері адам мінез-құлқының бір-біріне және қоғамға қатысты қағидалары мен нормаларының жиынтығы ретінде жеткілікті түрде толық әрі терең зерттелінді (Е.В.Бондаревская, Т.И.Власова, Т.И. Петракова и др.), соңғы уақытта оның метафизикалық түбіріне деген қызығушылық арта түсуде. Адамгершілік (немесе әдеп) қоғамдық және жеке дүниеге көзқарастың бірден-бір неғұрлым универсалды формасын көрсетеді және адам мінез-құлқының бір-біріне және қоғамға қатысты қағидалар мен нормаларының жиынтығы болып табылады. Адамгершілік адамның сезімін, қалауын және мінез-құлқын нақты бір дүниетанымға сәйкес моральдық қағидалармен реттейді. Адамгершілік салт-дәстүр және әдет-ғұрыптармен шектелмейді, оның нормалары мен қағидалары ең алдымен, жақсылық пен жамандық мұраттарына идеялық негіздеме болып көрініс табады. Оған сондай-ақ құндылықтық түсінікте сәйкес көрініс табатын, адамның міндеті мен оның өмірінің мәнін түсіну жатады.

 «Руханилық» және «адамгершілік» түсініктері өзара тығыз байланысты: жақсылық пен жамандық мұраттары (идеал) руханилықтың категориясы (ұғымы) болып табылады. Руханилықты түсіну «Рух» түсінігінен шығады, абсолют сүйіспеншілік, абсолют тазалық дегенді білдіреді. Бұл түсінікте ашу-ыза, күнә жоқ. Ол-киелі. Сондықтан кімде-кім Мен кіммін? Шын мәнінде мен кіммін? дегенді барынша саналы түрде түйсіне алатын болса, сол рухани. Руханилық өзіне назар салып, көңіл бөлмесе мәнсіз, сондықтан өзінің ішкі жан дүниесіне үңілмеген адам руханилықтан ада болады, ондай адамда өзін-өзі кемелдендіруге, өзін-өзі түзетуге және өзін-өзі тануға стимулдар болмайды.

Руханилықтың негізгі сипаттамасы – ақиқатты тануға ұмтылу, шыдамдылық, қайырымдылық, сабырлылық, қиянат жасамау және сүйіспеншілік (адамның жоғары қабілеті мен қажеттігі ретінде). Осылайша, адамгершіліктің қайнар көзі – руханилық, аладамгершілік оның сыртқы көрінісі болып табылады. Педагогикалық түсінікте руханилық «адамның адамшылығының» көрінісі ретінде сипатталады. Руханилық – бұл, тұлғаны физиологиялық қажеттіліктерден, материалық есептен, рационалдық рефлексиядан биіктетеді, ол оның тұлғалық негізіне салынған адам жанының жоғары қабілеттілігі.

Бұл жерде Қазақстанның философиялық мектептерінің өкілдері А.Д.Нысанбаев, А.Г.Косиченко, Г.Г.Соловьева және басқалардың: «рухтылық адамның өмірлік іс-әрекеті формасынан туындамайды, ол адамның барлық іс-әрекетіне дейін бар; …рухтылық әлемнен шығарылмайды, алайда пендешілік болмыс қандай да бір рухани роль атқарады; білім мен даналық руханилықты басшылыққа алады. …Даналықты сүюші ретіндегі философтар адамның материалық және рухани құрамдастарының аражігінің ажырату фактісін белгілеу емес, алайда рух пен материяны, болмыс пен мағынаны, нағыз бен лайықтыны біріктіру ісін іске асыру; адамның барша болмысына рух сіңген және адамның өмірлік әрекеті рухтанған…» деген зерттеулерін атаған жөн.

«Өзін-өзі тану сабағы» ұғымын нақты анықтап көрейік.

Өзін-өзі тану – бұл өзіңді терең және тұтастықта тану, өзіңнің физикалық және психикалық табиғатыңды тану ғана емес, ең алдымен өзіңнің жоғары рухани табиғатыңды тану. Өзін-өзі тану барысында ақпарат жинау емес, тұлғаның өзгеруі маңызды.

Өзін-өзі тану сабағы – бұл оқушының ғана емес, ұстаздың да өзгеруі жүзеге асырылатын, бірлескен асқақ өмірдің айрықша кезеңі. Өсіп келе жатқан бала мұғалімнің ісі, сөзі және ойымен Нұрланады, өзінің шынайы рухани табиғатын ашады, шабыттана отырып, өзінің рухани сыйын әлемге таратады. Өзін-өзі тану сабағы оқушы мен мұғалімнің жүрегін ашуға мүмкіндік және рухына қорек береді.

Өзін-өзі тану, өзін-өзі тәрбиелеу, өздігінен білім алуды оқу-тәрбие үрдісінде жүзеге асыру Ж.Мейір, Б.Игенбаеваның «Креативтік тәрбие» оқу құралында нақты әдістер мен мысалдар арқылы ұсынылған. Бұл әдіс-тәілдер рухани адамгершілік білім беру мазмұнын, ондағы негізгі ұғымдарды түсініп қана қоймай, іс жүзінде қолданудың өмірлік мәнін түсінуге, ажыратуға, талдауға мүмкіндік береді.

Рухани дамыған тұлғаның көрсеткіштері:

  • басқаларға жанашырлық білдіру;
  • өзге адамдарға жақсылық тілеу;
  • адамдарға көмек көрсету;
  • айналадағы өмірді жасқартуға ұмтылу, оның жүзеге асыру
  • өмір туралы мәселелер жайында толғану;
  • өмірдің мәнін іздеу;
  • өзін-өзі дамыту, жетілу арқылы бүкіл дүниені жетілдіру.

Аталған мәселені объективті қарастыру үшін алайда, егер барлық жаратылыс иесіне және түптеп келгенде өз болмысына қарым-қатынасына қатысты адам табиғаты не деген сұрақты қарастырмайынша, адамгершілік және адамгершілікке жат қылықтар туралы ажырату мүмкін емес.

Өмір туралы, өмірлік құндылықтар жүйесі жайында толғануды кейде рухани қызмет деп атаса, педагогикада оны құндылықтық-бағдарлы қызмет деп атайды. Ол тұлғаны қалыптастыру жүйесінің ең маңызды құрылымы болып саналады. Педагог бағдарлама әдістерін пайдалануда ерекше ұқыптылық танытуы маңызды. Себебі, рухани-адамгершілік бағыттағы материалдарды таңдау, түсіну, оқушыға жеткізе білу, оның мәнін ұғыну педагогке үлкен шығармашылықты талап етеді.

 

Какенова Дидар Бериковна
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институты

Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.Астана.2016 ж.
  2. Мукажанова Р.А.,Омарова Г.А., Методика преподавания дисциплины «Самопознание» в школе: учебно-методическое пособие для учителей.-Алматы:ННПООЦ «Бобек»,2013.-176 с.
  3. Ізғұттынова Р.О. Мұқажанова Р.Ә. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасындағы мұғалімнің рөлі. – Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО, 2016. – 97 бет.
  4. Ж. Мейір, Б. Игенбаева. Креативтік тәрбие. Оқу құралы. «Фолиант» баспасы, Астана-2009, 182 б.
  5. Майғаранова Ш. Тұлғаны рухани дамыту мәселелері. Монография. – Алматы: «Арда» баспасы, 2016. – 220 бет.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.