Home » Мақалалар »    Тұлға – біртұтас ұлттың жетістік іргетасы

   Тұлға – біртұтас ұлттың жетістік іргетасы

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылы «Айшуақ» бөбекжай балабақшасында Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған білім беру жүйесінде педагогтарды жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіруге бағыттап, ұлттық құндылықтарды жаңғырту арқылы өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын, өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «Тұлға – біртұтас ұлттың жетістік іргетасы» тақырыбындағы республикалық семинар өтті. Семинарды ұйымдастыруға ұсыныс білдірген «Өрлеу» БАҰО» АҚФ ОҚО педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына аудандық білім бөлімінің  басшылығына айрықша алғыс білдіреміз. Көпшілік ұстаздар атап өткеніндей, яғни ОҚМПУ «Мектепке дейінгі тәрбие және дефектология» кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к.,доцент Масалиева Жанар Амалбаевна балабақшада үштілділік пен салт-дәстүр сабақтастығы тиісті дәрежесінде орындалып жатқанын ұжым жаңа форматта білім беру үдерісіне сай мектепке дейінгі білім ордасы болып қызмет атқаруда деп өз пікірінде білдірді. Балабақша басшылығының арнайы қарсы алуы және қонақтарды күтуі ерекше болғандығын атап айтты. Ал, балабақшада бүлдіршіндер оқу қызметі басталғанда үш тілде амандасып,  соңынан да үш тілде аяқтайды екен. Бұл дегеніміз жаңа бағдарламаны нақты қолдаудың белгісі деп білемін. Бір жағынан қарасаң қарапайым ауылда орналасқан балабақша, ал ұжымы мен басшысының атқарған еңбегі үлгі тұтарлық дәрежеде деді.

Ал, балабақшаның Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру»   бағдарламасы аясында, ел астанасы Астана қаласының 20 жылдығы және Созақ ауданының 90 жылдығына арналған «Нұрлы өлке кең далам» тақырыбындағы көрме көпшілікке ұсынылып, Созақ ауданының тарихи жерлерімен таныстырылды. Семинардағы ең маңызды атап өтетін мәселе ол балабақша  басшылығының ұжыммен бір отбасындай болып қарым-қатынас жасауы және жаңашылдыққа бейімділігі деп атап өтер едім. Осындай ұжымдық сыйластық білім ордасын жаңа белестерді бағындыруға негізгі себеп болады. Семинар қорытындысындағы «Тербетілген Теріскейдің құшағында» тақырыбындағы концерттік бағдарламада бүлдіршіндердің үш тілде жүргізуі семинар ерекшелігін көрсетті. Бағдарламада орындалған патриоттық әндер, Қазақстан туралы орындалған композиция, бүлдіршіндерден құралған «Достар» ансамблі әсіресе, қонақтарға әсері ерекше болып білім мекемесі және Теріскей жері туралы өзгеше ойлауына серпіліс бере білді. Бір жағынан білім мекемесінде семинар өткізу дегеніміз ол өзінді таныстыру және өзгені тану. Яғни, тәжірибе арқылы ұстаз шыңдалады және кәсібилігі артады.

«Айшуақ» бөбекжай балабақшасында өткізілген семинар жаңашылдығымен және кәсібилігімен есте қалды. Алдағы уақытта өткізілетін семинарларға үлгі ретінде көрсетуімізге болады. Семинар қорытындысы ОҚО «Өрлеу» БАҰО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында болып Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін және мемлекеттік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда танытқан жоғары кәсіби жетістіктері үшін балабақша меңгерушісі Есмұратова Гүлшат Есбергенқызы Құрмет грамотасымен, балабақша тәрбиешілері семинар жұмысында шығармашылық ізденістері мен кәсіби шеберлігі үшін Мадақтамамен марапатталды.

 

Арайлым Мадилханқызы
ОҚО Созақ ауданы,
Шолаққорған ауылы
«Айшуақ» бөбекжай
балабақшасының әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.