Home » Жаңалықтар » Тұлғасы биік көшбасшы

Тұлғасы биік көшбасшы

Байтақ әрі дархан даламызды мекендеген бабаларымыз басқыншылықты  басынан өткеріп зардабын тартып келді. Қаншама  көрікті жерлер мен тарихи жәдігерлер аяқ асты болып тапталды.  Ата- бабамыз кең байтақ  жерді ақ найзасының ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан- ұрпаққа мұра етті

Ұлы бір сенім мен  үлгі боларлық рухы биік батырлықтың арқасында әділдік орнады.  Ұлттық салт-сана,  діліміз бен тіліміздің жойылу  қаупі алдында тұрған қазақ халқына жиырмасыншы ғасырдың соңы әрі сәтті, әрі ерекше болды. Ғасырлар бойы тыныш өмірді аңсап,  тәуелсіз болуды  көксеген рухы биік тұлғаларымыз  бен көшбасшыларымыздың асқақ арманы орындалды.Тағдыр бізге  көпшіліктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған Н. Ә.  Назарбаевтай кемеңгер  көшбасшыны берді.

Тәуелсіздіктің табалдырығынан аттап, егемендікті еркін сезінген тұста

Н.  Назарбаев сынды елжанды   азамат халқын кемел болашаққа бастап, өзінің көрегендігі мен білгірлігін көрсетті. Әлемді мойындатқан кемеңгер саясаткер екендігін дәлелдеді.

Өткен күнге көз жүгіртсек,  1991 жылғы 1 желтоқсанында, алғашқы  жалпыхалықтық сайлау өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78%-ы  дауыс берді. Бұл жауапты таңдау халқымыздың өз тағдырын сенімді тұлғаға сеніп тапсыруы еді. Егемендігімізді паш еткен бұл елеулі оқиға – тарихи бетбұрыс. Осы сәт — қазақ халқының, ата-бабамыздың зарыға күткен айтулы сәті еді.  Сондықтан біз үшін 1- желтоқсан маңызды күн болып есептелінеді. Бұл мерекелі күнді еліміз  аса жауапкершілікпен күтіп,  барша қазақ атсалысуда.  Бұл ретте, Алматы қаласы, Алатау ауданы №179 жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары да мерекелі күнге өз үлестерін қосып, Қазақстанның болашағы —  жас ұрпақ  оқушылардың бойына егемендігіміз бен еркіндігіміздің маңыздылығы туралы тәрбиені сіңіруде. Мектеп директоры Иманбекова Шара Талғатқызының қолдауымен және тәрбие ісінің меңгерушісі Абдекеева Арай Дюсенбековнаның  ұйымдастыруымен 2018 жылдың 1-желтоқсан күніне орай әр түрлі іс-шаралар жоспары құрылып, көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бірі, 23-қараша күні 6-сынып жетекшілері Шопиева Акмарал Рисбековна мен  Сембай Аида Нұртайқызы 6-сынып оқушылары арасында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында сыныптан тыс ашық тәрбие сағатын өткізді. Іс-шара барысында Елбасының өмір деректері баяндалды, патриоттық әндер орындалып, жыр шумақтары арналды.  Президенттің балалық шағынан көрініс қоюда оқушылар Софиянова Абаят, Жадыра Қуаныш, Махмұт Нұрдәулет, Кеңес Қайыржанның қосқан үлесі зор болды. Сонымен қатар тартылған күй мен айтылған әндер қойылым мазмұнымен үндесіп жатты. Іс-шара барысында өз шығармашылығынан Елбасына арнау өлең оқыған Тұрсынжан Әли, Қанатбек Мағжан, Саламатов Ильяс болды.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың салт-дәстүріне де кезек берілді.  6 «а», 6 «ә» -сынып оқушыларының барлығы да бұл мерекелік шараға өз үлестерін қосты.

Келешектің жарқын болуы жастарымыздың, қазіргі ұл-қыздарымыздың, қолында. «… құдіретті төрт ананы» сыйлап қастерлеу туралы ұғымды бала тәрбиесіне сіңіру – қазіргі таңдағы ең маңызды істердің бірі. Тарихты білу, тілді құрметтеу, ата-салтымыздың құндылығын саралау, туған жерді сүю — баршамыздың борышымыз. Сіңірілген тәрбиенің арқасында егемендігіміздің қадір-қасиетін терең  сезініп, азаттығымыздың ауасымен еркін тыныстайық! Қазағым мәңгі жасасын!

  Шопиева А. Р.
Алматы қаласы, Алатау ауданы
№179 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.