Home » Жаңалықтар » Тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту

Тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту

Омарханова Светлана Имангалиевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
Қоғаммен байланыс және баспа
қызметі бойынша бөлімінің жетекші маманы

  Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру, ізгілікті білім беру ортасын құру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін, оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың»-деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан — тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді.

Қай заманда болмасын өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің бірі. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында денсаулық, салауатты өмір салты – бақытты өмірдің міндетті шарты; өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарау адамның ішкі табиғи қажеттілігі болуы тиіс деп тәрбие құндылықтары ретінде көрсетілген. Елбасының «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына Жолдауында – денсаулық республиканың стратегиялық дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі болып танылады.

Рухани адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын «Өзін-өзі тану» пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Рухани-адамгершілік тәрбиесі өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның  қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. «Өзiн – өзi тану» –  бұл өзiнiң әлеуеті мен жеке бас қасиетiн, көшбасшылық ерекшелiгiн, мiнез-құлқын, өзiнiң қатынасын өзге адамдар арқылы танытатын үрдіс. Өзiн-өзi танудың ғылыми тұрғыдан қарастырғанда, психологияда кеңiнен ашылып көрсетiледi:

  • өзiн-өзi тану – психологиялық кемелдi және iшкi үйлесiмдiлiктi қабылдау құралы.
  • өзiн-өзi тану — тұлғаның психикалық және психологиялық денсаулықты қабылдау жағдайы.
  • өзiн-өзi тану — тұлғаның өзiндiк дамуының бiрден-бiр жолы және оның жүзеге асырылуы.

Бұл пәндер өзара тығыз байланыста болып келедi және олар бiр-бiрiн толықтырып отырады. Олай болса, өмір оқулығындай ғажап дәрістерге толы бұл пәннен сабақ беретін ұстазға қойылар талап та ерекше. «Мұғалім өзінің білімділігі және жүріс – тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішінімен, киген киімімен де оқушысына жақсы мағанада қатты әсер етеді», — деп Мәлік Ғабдуллин айтқандай пән мұғалімінен баланың жүрегіне жол тауып, олардың көңіліне адамгершілік рухын себе білу шеберлігі талап етіледі. Аталған мақсатқа жету үшін келесідей міндеттерді шешу қажет:

  1. «Өзін-өзі тану» пәнінің қазіргі таңдағы жағдайын зерттеу және келешегіне болжау жасау;
  2. «Өзін-өзі тану» пәнінің оқу бағдарламасында алатын орнын анықтау;
  3. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының рухани – адамгершілік тәрбие жүиесіндегі маңыздылығын зерттеу;
  4. «Өзін-өзі тану» мен өзін-өзі тәрбиелеудің психологиялық мәнін зерделеу;
  5. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты мен міндеті және принциптерін жіктеу;
  6. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері, формаларының тиімді жолдарын анықтау.

Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай адамын тәрбиелеу басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының Президенті С.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсатының өзі ерекше. «Өзін-өзі тану» оқушыны өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, қоғамда және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт-бағдарын анықтауына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.

Елдегі оң өзгерістер білім беру ұйымдарындағы тәрбие қызметінің жүйесінен көрініс тапты. Қазақстандық патриотизмнің, азаматтықтың, руханилықтың саяси және адамгершілік мәнін түсіну, адамгершілік бағдарлы, әлеуметтік белсенді, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Ұлттың жалпы қазақстандық ділін, мәдени, ұлттық-тарихи дәстүрлерін ескере отыра, зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жаңғырту үшін жағдайлар жасалуда.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Жаңа формация мұғалімі жетістіктері, іскерлігі мен құзыреттілігі арқылы көрінеді.

Нәтижеге бағытталған білім моделі мен басқарудың жаңа парадигмасы аясында жекелеген ұғымдар мен нормаларды және тиімді педагогикалық технологияларды меңгеру үшін педагогтардың кәсіби мәдениетін дамытуға бағытталған оқу қажеттіліктері туындылап отыр. Жас жеткіншектердің бойындағы ерекше қабілеттілікті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар беру, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Ұлы ойшыл Плутарх кезінде: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Сондықтан әрбір ұстаз бұған жол бермеуі керек», — деген екен. ХХI ғасыр – білімділер ғасыры. Сол себептен де білім сапасын арттыру, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті. ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыруда білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Осы тұрғыда мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр.

Егеменді елімізді дүние жүзі елдерімен терезесі тең болатын дәрежеде өркендететін, негізгі тұтқасын ұстайтын, дүние әлемін шарлайтын біздің дарынды да қабілетті ұландарымыз. Олардың бойындағы дарынын қабілетін дамыту – ұстаз, ата-ана және қоғам қауымының міндеті.

Жеке тұлғаны өздігінен білім алуға баулу – оны ғылым мен мәдениетке үйрету, білім, қарым-қатынас ережелерін, әлеуметтік тәжірибені меңгерту. Бұл аталған мiндеттердi iске асыру үшiн тілдік тұлғаның құндылық бағдарын қалыптастыру маңызды.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.