Home » Жаңалықтар » Түркістан – түркі әлемінің бренді

Түркістан – түркі әлемінің бренді

Түркістан – тарихы тереңнен бастау алатын, еліміздің арғы-бергі тарихындағы тағдыры ерекше, сәулетті ескерткіштерімен ерекшеленетін қала.
Бұл өңір – түркі қағанаттарының туы тігілген орда, қазақтың 21 ханы, 26 биі, 49 батыры, 61 игі жақсылары жерленген киелі мекен.
Әуелде  Шауғар, Яссы атанған бұл қала қазақ жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше ықпал еткен. Ол бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды.. Халқымыздың тарихындағы талай тағдырлы шешімдер Үлкен Ақсарайда қабылданғаны  белгілі.

Тәуелсіз Қазақстанның байтағы, Астананың 20 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылды, оның  орталығы түркі жұртының түпқазығы Түркістан қаласына көшірілді.
Бұл рухани шешім әрі маңызды оқиға және облыстың Түркістан деп аталуы – тарихи әділеттілік деуге болады
Осы орайда әйгілі Жібек жолы бойында Батыс пен Шығыс өркениетін тоғыстырып, адамзаттық құндылықтарды қиюластырған Түркістанның енді ХХІ ғасырдағы тарихында жаңа парақ ашылғалы тұр.

Бұл шешім көне шаһардың қойнауында жатқан тарихи жәдігерлердің қайта жарқырап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көтерілуіне, жергілікті халықтың тұрмыс сапасының артуына оң ықпал жасайтыны сөзсіз.

Түркістан – Тәуелсіз Қазақстанның барлық рухани жаңғыруларына серпін берген, мәдени құндылықтар талқыланып, Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болып үлгерген орталық.

Түркістан атауы  Қазақстан үшін, жалпы  түркі әлемі үшін брендтік ұғым.

қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы ғана емес бүкіл адамзаттың игілігіне айналған тарихи-мәдени, туристік әлеуеті өте жоғары өңірдің тумасы екенімді мақтнышпен айта аламын.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі – адам санасындағы «Туған жер» ұғымы.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Елбасы «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп келетін жүрек тербейтін тіркеске ерекше тоқталып өткені есімізде. Бұл өте мағыналы сөздер. Өзім осы өңірдің тумасымын. Киелі Түркістан да, ажарлы Арыс та, қазыналы Қазығұрт та  да менің жүрегіме бірдей ыстық.

Ол жерлердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрқайсының атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.  Осының бәрін бізден кейінгі жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Осы орайда өзім сынды осы өңірден шыққан замандастарыма әлеуметтік желілерде, жастар арасында, алыс-жақын шетелде облыстың әрбір ауылы, киелі жерлері, туристік орындары туралы насихаттау жұмыстарын  қолға алсақ деген ұсыныс айтқым келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде өзіміздің өңірде туған, өскен, өнген, қалыптасқан ғалым, қайраткер ағаларым, замандастарым менің бастамама қолдау білдіреді деп ойлаймын.

Себебі Түркістанның түлеуі – Тұран рухының жаңғыруы!

 

Мұхамеджан БОЛЫСБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты,
«Астана жастары» КММ жетекшісі

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.