«Ана тілі-бәріміздің анамыз, өйткені ол ұлтымыздың анасы»
Н.Назарбаев.
Туған тілдің абыройын асқақтату әрбір адамзаттың қасиетті борышы. Тіл — халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек байлық қана емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын.
Мемлекеттік тіл татулық пен бірліктің тірегі. Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Тіл тағдыры — ел тағдыры. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оны орынсыз шұбарлауға қарсы тұруға тиіс. Әр халықтың, ұлттың, құрмет тұтар өз ана тілі бар. Бала өмірге келгеннен бастап, өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алып, жалпы ұлттық қазақы тәрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі өз ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ең зор адамгершілік мәдениеттің көрінісі болып табылады.
Қанша тіл білсең, өзгеден сонша биіксің. Ең жаманы — еліміздің ертеңгі жастары ғана емес, егде адамдарымызда өзге тілде сөйлеп, ана тілді шұбарлауды шығарды.
«Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз»-деген Ш.Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпақтың санасына дөп келетін сияқты.
Қазақ тіліне мемлекет мәртебесін алып беру оңай болған жоқ. Осы жолда қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Рухы мықты елдің — болашағы зор екендігі анық. Оның да негізгі арқауы тіл. Оның айқын дәлелі — елбасымыздың елмізді тұтастыққа, бірлікке, ынтымаққа негіздей отырып жасалған үш тұғырлы тіл саясаты. Мемлекеттік тілді еркін қолдану, орыс тілінің қолданылу аясын сақтау, ағылшын тілін білу заман талабына туындап отыр.
Кеше ғана жарық көрген елбасымыздың «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» мақаласы да еліміздің ескі тарихтың іздерінен құтылып, жаңару яғни латын әріпіне көшу арқылы болашағымызды айқындайтын бірегей бастама екенін көрсетіп отыр. Латын әрпіне көшу бізге не алып келеді?-деген сұрақ әрбір азаматтың көкейінде тұрары анық. Бірақ біз өз ана тілімізді насихаттауды, оның болашағының жарқын болатынын өз отбасымыздан бастауымыз керек.
Ал қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу біздің жастарымыз көп тіл пайдасы орасан зор екенін түсінеді.
Ең бастысы, адамда ынта-жігер, құлшыныс болса,үш тілділікті еркін меңгерері хақ.
А.Рыспаева
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,
Жаңарық ауылы, №167 орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі