Home » Мақалалар » Тіл – ұлт тағдыры

Тіл – ұлт тағдыры

Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

            «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ»-деген қырғыз-қазақ халқына ортақ жазушы Шыңғыс Айтматов. Тіл тағдыры–ұлттың тағдыры. Ұлттың болашағына алаңдайтын адам ана тілінің болашағына да бейқам қарамасы анық. Әлем тілін әлдилеген заманда, кенже тіліміздің келешегін кемеліне жеткізу – әр қазақ баласының парызы. Жаһандық бәсекеге қабілетті елдердің қатарында тереземіз тең дәрежеде тұру үшін тілдің маңызы бөлек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты қазақ халқына Жолдауында қоғамдағы ең өзекті мәселе – үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асырылуына да ерекше тоқтап, «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді»,-деп мемлекеттік тілдің келешегі зор екенін айқындап өтті. Елбасымыздың бұл Жолдауын, саясатын біз бірауыздан қолдаймыз.
             Осы мақсатта Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында мемлекеттік тілге байланысты көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде  Академия қызметкерлеріне тұрақты жүргізілетін мемлекеттік тілді оқыту бойынша курстарды атап өтуге болады. Курс  қазақ тілінде қарым–қатынас жасай алу құзіретін дамыту, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу дағдысын меңгеру, мемлекеттік тілді кәсіби салалық қызмет аясында қолдана алуын дамыту, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін бағалау мақсатында жүргізіледі. Сонымен қатар курс барысында ашық сабақтар өткізіліп тұрады. Ашық сабақтар тілді дәстүрмен ұштастырып, қызметкерлердің сөздік қорларын толықтырып, сөйлеу дағдыларының дамуына ықпалын тигізеді. Сонымен қатар үш тұғырлы тіл саясатын іске асыру мақсатында Академияда ағылшын тілін оқыту курстары да ұйымдастырылады. Академияда атқарылып жатқан бұл істердің нәтижесі қызметкерлердің мемлекеттік тілде іс жүргізуінен байқалады.  Академия қабырғасында жүргізіліп отырған бұл игі істер Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын қолдайтындығын айқын аңағартады және жалғасын табары анық. Осы жолда әр қазақ баласы қам жасауы керек. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры.

 

 Құлжа Әлихан Қайырханұлы
Қазақстан Республикасы
 ІІМ Б.Бейсенов атындағы
Қарағанды академиясының
баспасөз хатшысы
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.