Бүгінде қазақ жері көптеген ұлт өкілдерінің бақытты мекені және олар өз ана тілі мен ата дәстүрін еркін ұстанады. Тілдің адам өміріндегі мәні айрықша, өйткені ол-бабалар аманаты, өлшеусіз қазына, ұлттың жан дүниесі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Тіл –халықтың ең басты үлкен құндылығы. Уақыт өткен сайын тас қашалады, темірді тат басады, өзіне берілген несібесі таусылғанда адам өмірден өтеді. Ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын халықтың рухани мұрасы ретінде тек тіл ғана жалғыз көпір болып қалады»,- деді [1].
«Экономикалық және қаржылық қор, табиғи байлықтар, жоғары технологиялар, қазіргі заманауи жабдықталған әскер- бұлардың барлығы ұлттық рухтың орнын толтыра алмайды. Егер оларды жасаған адамдардың рухы жоғары болмаса, онда бұл айтылғандар ел үшін қызмет ете алмайды. Ал өзінің елін, халқын сезінуге рухтануға тек тіл ғана көмектесе алады» [2].
Қазақстан Республикасының Конституциясы, “Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы, басқа да мемлекеттік бағдарламалар республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін мақсат етеді.
Тәуелсіз Қазақстанда қабылданған алғашқы заңдардың бірі ҚР «Тіл туралы» Заңында [3] Қазақстан халықтарының барлық тілдері еліміздің тарихи-мәдени мұрасы және ұлттық игілігі деп айтылуынан түсінуге болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылдың 29 маусымында №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»[4] мемлекеттік тіл саясатының негізгі мақсаттары, міндеттері және бағыттары атап көрсетілген.
Көптілділік – көпмәдениеттілік тәрбиесін дамыту жолы болып табылады. Қазақстандағы үштілділік идеясын Елбасы алғаш рет 2004 жылы көтерді, сөйтіп оған бірнеше рет қайта оралды. Қазақстан халықтары Ассемблеясының 2006 жылдың қазан айындағы ХІІ сессиясында [5] Елбасы аз дегенде үш тілді меңгеру біздің балаларымыз үшін аса қажет екендігін қайта көрсетті.
2007 жылғы «Жаңа әлемдегі -жаңа Қазақстан» Жолдауында [6] Елбасы «Үштұғырлы тілдер» саясаты» атты мәдени жобаны таратуды кезең-кезеңмен бастауды ұсынды. Осы кезден бастап, өзінің танымалдығымен, тиімділік деңгейімен басқа елдерге үлгі болатын, Тәуелсіз Қазақстанның тілдік саясатының жаңа есептік кезеңі басталды. Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі –жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.
Тіл туралы алғашқы заң 1989 жылы 22 –қыркүйекте қабылданғаннан бері елімізде жыл сайын Тілдер мерекесі аталып өтуде.
Қазақстан Республикасы 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек – Қазақстан Халқы тілдері күні болып бекітілді.Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің өзіндік себебі бар. Бұл күн — » Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деген ұлағатты сөздің иесі, қазақ халқының біртуар ұлы, Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайтын болады.
Тіл саясаты оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады. Еліміздің тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында Лермонтов атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай 3-10 қыркүйек аралығында «Тіл – ұлттың ұйытқысы» атты іс-шара жоспары құрылды. Іс- шараның мақсаты- ана тілінің маңызы мен қоғамдағы орнын, жас ұрпақтың ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуін, балаларды туған тілін сүюге, оны қорғауға және қамқорлық жасауға тәрбиелеу, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан халқына деген сыйластығын, ұлттық қарым-қатынасын нығайту.
Апталықтың әр күніне «Тіл шебері» күні, «Тіл мен діл» күні, «Тілтаным» күні, «Тілдарын» күні, «Таза тіл» күні деген атаулар беріліп, іс -шаралар жоспарланды. Атап айтқанда, мектеп оқушылары арасында «Менің тілім-мәңгі жасайтын өлең жыр» атты мәнерлеп оқу байқауы өткізілсе, қазақ сыныптарында «Үштілділік-заман талабы» шығарма байқауы, «Рухани кодтың түптамыры – мемлекеттік тіл», «Қазақ тілі – рухани негізіміз» тақырыптарында эссе, орыс сыныптарында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – татулық тірегі» тақырыптарында диктант жазылды. «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы ұйымдастырылды. Жоғары сынып оқушылары арасында «Мәселе. Пікір. Ұсыныс» тақырыбында онлайн-сауалнама жүргізілді. Орта буын оқушыларымен «Батырлар жыры -біздің асыл мұрамыз» жыр сайысы өтсе, үш тілді жетік меңгерген мектеп жастары арасында «Сөзмерген» сайысы ұйымдастырылды, әсіресе, «Мақал – сөздің мәйегі» атты мақал- мәтел сайысы қызықты өтті. Оқушылар барлық шараларға белсене қатысып, білімдерін шыңдап, өз өнерлерін көрсете білді.
«100 кітап» жобасы аясында оқушылар Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» повесін оқып, талдап, үзіндіден көрініс көрсетті. Көріністе ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты суреттеледі. Басына түскен қиындықтан түңілмей, алға қарай ұмтылған қайсар жанның образы оқушыларға жігер береді.
Мектеп кітапханасында қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының шығармашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Айтулы ақынның өнегелі ғұмыры оқушыларды Отанды сүюге, елі үшін қызмет етуге, білім ізденуге жетелейтін күш екені даусыз.
Сондай ақ, «Ұлтын сүйген ұлы тұлға- Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кеште ақынның құнды еңбектері туралы көлемді таныстырылым жасалып, оқушылар ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды, тәлім- тәрбиеге толы мысал өлеңдерінен көрініс көрсетті. Есте қаларлық кеште балалар ұлы тұлға жайлы үлкен ақпарат алып, өмірге қажетті ұстаным, ақыл -кеңес алды.
Апталықтың жабылу салтанаты қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізілді. «Тілге әр күн мейрам» тақырыбында өзбек, орыс, ағылшын, қырғыз ұлт өкілдері ұлттық киімдерімен шығып, өз салт -дәстүрлерімен таныстырылымын жасады.
Қазақ сыныптары қазақ билерінің шешендік сөздерінен көрініс дайындап, қазақ сөз өнерінің құдіретін көрсете білді. Оқушылар арасындағы көркемсөз шеберлері үш тілде өлеңдер оқыды, ән шырқады. Сонымен бірге, Голландиядан келген ерікті (волонтер) Джонатан Мудди келіп, оқушыларға ағылшын тілінде дәріс оқыды.
Апта бойы жалғасқан қызықты шаралар оқушылардың білімдерін арттыруға, тілдерін дамытуға, тіл үйренуге ынталандыратын мотивациялық серпіліс әкелді.Тіл -әр халықтың асыл мұрасы, байлығы, қазынасы. Сондықтан әр адам өз ана тілін ұмытпай, өз туып-өскен жерінің мемлекеттік тілін меңгеруі міндетті. Мемлекеттік тілдің маңызы мен рөлі туралы Қазақстан халықтары
Ассемблеясының ХІІ сессиясында: «Мемлекеттік тіл-бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан, ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» [5], сонымен қатар «Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда «2025 жылға дейін қазақстандықтардың 95% қазақ тілін меңгеруі тиіс»,-деп көрсетілген. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу логикасына сәйкес қазақ тілі Қазақстанда тұрмыстық жағдайларда ғана емес, ол сол сияқты біздің қоғамымыздың барлық салаларында да көшбасшылық бағытты ұстануы тиіс [7].
Әр азамат өзінің ана тілін сүйіп, мемлекеттік тілді, сол сияқты сол елді мекендеген басқа халықтардың тілін құрметтеп, бағалауы тиіс. Бұл ретте адам өзі сөйлейтін тілге ғана емес, барлық тілдерге толерантты қатынас қалыптастыруы керек.
Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі екендігі анық. Үштұғырлы тіл идеясын дамыту үшін мемлекет тарапынан еліміздің әр азаматына көптеген жағдайлар жасалып отыр. Еліміздің ертеңі балаларымызға үштілді меңгерте отырып, әлемдік деңгейге көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтуге, шетелмен ғылыми байланыстарды нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан мектебіміз мемлекетіміздің өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы, рухани бай азаматтарын тәрбиелеу үшін сапалы білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етпек.
Айтбаева Меруерт Маханбетовна
Шымкент қаласы, Лермонтов атындағы № 17 жалпы
Жалпы білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Пайдаланылған дереккөздер:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы, 2012 жылғы 27қаңтар, Астана
- Тіл –ұлттық сана-сезім айнасы. Ref.rushkolnik.ru\v41775\
- ҚР «Тіл туралы» Заңы, 1997 жыл
- «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
- Қазақстан халықтары Ассемблеясының 2006 жылдың қазан айндағы ХІІ сессиясы материалдары. 2006 жыл, қазан.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі -жаңа Қазақстан» атты Жолдауы.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына
Жолдауы. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». 2014 жыл 17 қаңтар