Home » Мақалалар » Тіл-ұлттың жаны

Тіл-ұлттың жаны

 

Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы,өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Жүсіпбек Аймауытов

Тіл-ұлттың ұлт болып қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Тіл жай ғана сөз емес, өмірдің талай сыны мен соқпағынан өткен, заман талабына сай өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, қателесе қоймаспыз. Талай ақынның қыл қаламынан жыр төгілткен, осы тілде қаншама қайнар күш бар дерсің-ау?! Өзің дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ, шама шарқыңа қарап шүлдірлеуден бастайсың. Ол саған ана сүтімен, әкенің қанымен беріледі. Керемет алпауыт күштің иесі боласың. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.

Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.

Тіл – ұлттың жаны. Расында қазақ халқының басына талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі [3]:

Ана тілің — арың бұл,

Ұятың боп, тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деп жырлағандай, рухани қайта түлеу ана тілсіз мүмкін емес. Ұлы ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі де – соның бір айғағы [3]. Өйткені, тіл ұлттың бар құндылығын тасымалдаушы құрал.

Қарапайым күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімізбен қазақша сөйлеспейміз. Отбасы дастарқан басында бір тілде сөйлемейінше және бір шаңырақ астында мұсылманшылық жоралғысы бірдей болмайынша, мемлекеттік деңгейде руханият мәселесінің шешімін табу қиын. Отбасы — шағын мемлекет деген осы.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлттық сана» бөлімінде: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», — деп айтылғандай, қазақи дәстүр сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық рухани құндылығымыз [1]. Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін» дегендей, қазақ жастарының сол сенімді ақтауы перзенттік парызы екендігін басып айтып көрсетеді [3].

Елбасының бұл мақалалық идеясы уақыт талабына сай еді. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдары елдің экономикалық жағдайын жақсарту қажет болды. Нарықтық экономикаға қатысты шығыс және батыстың дамыған елдерінің озық үлгілерін пайдалана отырып, экономикалық тұрақты мемлекет болып келеміз. Хәкім Абай айтқандай:

«…Әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді, әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», — халқымыз ширек ғасырда экономикалық тұрғыда біршама өсті [2].

«ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады», — деп дөп басып жазады. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын аз толғандырмаған еді. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы», «Тілден артық қазына жоқ, Тілден артық қасиет жоқ» деген сөздері бар. Мал-мүлкін, алтын-күміс байлығы мәңгілік, сарқылмайтын байлық емес. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.

Әрине, дамыған елдердің тәжірибесін ескеру қажет. Өйткені, тарихи себептермен біздің біршама кенжелегеніміз рас. Десе де, озық тәжірибені ендіру барысында белгілі бір сүзгіден өткізбей тұтастай қабылдаудың салдарын жете түсінген жөн. Бұл елек ұлттық бояу һәм рухани құндылық. Бұл тұрғыда, кез келген саладағы жас мамандар тарихы алтын әріптермен жазылған ұлы дала ұрпағы екенін ұмытпағаны дұрыс.

Қазіргі таңда Қазақстан талай жетістіктерге жетіп, біраз елге өз атын таныстырып үлгерді. Жұртымыз тыныш, көңіліміз жай, ұйқымыз алаңсыз. Бірақ бұл дегеніміз мүлдем қиындықтар жоқ деген сөз емес. Біздің мемлекеттің басында да өзгелердікіндей айтып ауыз толтырарлықтай мәселелер толып жатыр, мейлі олар экономика, экология, мәдениет, саясат жағынан болсын және олар тек Президенттің не болмаса тек жоғарғы жақтағы шенеуніктердің ғана емес барша қазақстандықтардың ортақ мәселелері. Тек бір адам алға тартып қалған 17 млн xалық артқа тартса бұлардың жақын арада өз шешімін тауып қатарлары сиреуі мүмкін емес, сондықтан қандай  мәселе болмасын оның жауабын табуды өзгелерден емес өзімізден бастайық.

Әрбір мемлекеттің жарқын болашағы оның тілінде. Қазақтың көрнекті жазушысы Ғ.Мүсірепов бір сөзінде: «Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады, келтіремін деп кетіреді, жұбатамын деп жылатады» деген өсиет қалдырған [3]. Егер ұлылардың бізге қалдырған осындай өсиеттерін ұғынған мемлекетті жарқын болашақ күтуде. Кез келген ұлт кеудесінде жаны барда өз тілінің жойылып кетуіне жол бермейді. Тіл барлық ұлттың ұлт болып қалыптасуында сенімді тұғыр мен кепілдің көрсеткіші.

Мемлекеттік тілді дамыту барысында үкімет тарапынан көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Жастар, басқа ұлт өкілдері  арасында қазақ тілін уағыздау БАҚ, теледидарда кеңінен өріс алуда. Қазақ тіліне деген қызығушылық күн санап артып келеді.

Бұл ретте, асыл қазынамыз тілімізді тиімді сақтаудың жолы-отбасында ана тілінде сөйлеп, өз ойымызды сол тілде жеткізіп, қуаныш пен ренішімізді, ізгі тілектерімізді, асыл армандарымызды, дүние, қазақ елі туралы, жетістіктеріміз бен жеңістеріміз туралы ойларымызды осы тілде бөлісіп, келешекке деген жоспарды қазақ тілінде жоспарлап, тілдің туын биікке көтерсек, нұр үстіне нұр болары, хақ. Тілге қатысты ойыңды ақ қағазға түсірген сайын, оның құдыреті мен сиқырлығына таң қаласың. Осы тілде сөйлегенің үшін бойыңа бақыт сезімі ұялайтыны, сөзсіз. Әрине, мақтамамын, мақтан тұтамын. Ол үшін күюге де, жануға да дайынсың. Шынымен, тіл адам бойындағы асыл мұра.

Қорытындылай келсек, заманауи мәдениет халқымыздың рухани жаңғыру және мәдени өмірін түбегейлі өзгертуде. Еліміздің жаһанда гүлденген мемлекетке айналуы, әлемдегі елу елдің қатарына кіру осы мәдениеттімізге байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Қалай дегенімен де қазақ халқының, еліміздің, жеріміздің және тарихы мол мәдениеттіміздің өзіне сай болмысын сақтап, ата-баба мұрағат еткен жалынды өшірмеу тек біз бен сіздің қолымызда.

Мақаламды Қадыр Мырза Әлидің бір сөзімен аяқтағым келіп тұр: «Ұлт болудың бір емес, бірнеше шарты бар. Соның ең басты және ең негізгі шарты – ұлттық тіл» [3].

 

Айнабекова Күлзипа Туленбековна
«Тұран» университеті колледжінің оқытушысы,
филология ғылымының магистрі
Алматы қаласы, Қазақстан

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы.

2.      Абай Құнанбаев үшінші қара сөзі.

3.      Қазақтың ұлы жазушылары мен ақындарының тілге қатысты қанатты сөздері мен өлеңдерінен үзінді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.