Мемлекеттік тіл — аса маңызды да өзекті мəселе, тіл — халықтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ол — ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында əрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс.
Ел тəуелсіздігін тіл тəуелсіздігімен астастыра қарап, туған тілдің тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы да біраз уақыт болып қалды. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң» сияқты стратегиялық маңызы бар құжаттардың дүниеге келуі осы бағытта жасалған оң қадамдар. Адамның ой-өрісін, мəдени дəрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мəдениетінің өзектілігі əрқашан ескеріліп, қай халық болса да, бұл мəселені айналып өткен емес. Өнер алды — қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мəн берген. Қазіргі таңда тіл мəдениетінің көкейтестілігі арта түсті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту — Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі», сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Елбасы Н.Ə.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде», — деп тұжырымдайды. Ал қазақ халқының тіл келешегі — мектеп оқушыларында. Көптеген ғылыми-педагогикалық əдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын талдап-зерттей келе, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптауы көңіл аударарлық көпшілігінің тіл мəдениеті төменгі деңгейде деген қорытынды жасауға болады. Олар өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, диалектілермен сөйлегенді сəн көреді. Бұл мəселе туралы көптеп айтылып та, жазылып та жатыр.
Бүгінгі таңда қазақ мектептерінің өзекті мəселелерінің бірі — оқушылардың тіл мəдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тəрбиелеу. Қазіргі заманымызда қойылған басты талаптардың бірі — өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мəдениетті жеке тұлға қалыптастырып, тəрбиелеу. Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, əрекетін, тіл мəдениетін, əдебін қалыптастыру педагогиканың қазіргі кезеңдегі өзекті мəселелерінің бірі болып табылады. Осы мəселелерді назардан тыс қалдырмай, кəсіби-бағдар бере отырып оқыту — тіл үйренушінің мектепте алған білімін тереңдетіп, өзі таңдаған мамандыққа сай лексиканы меңгеруіне, өз көзқарасын танытуға, бейнелі, астарлы қазақ тілінің байлығын меңгеруіне жол ашады. Тіл үйренушінің ой-пікірін белгілі бір тақырып бойынша жүйелі түрде өз мамандығына негіздеуге жұмыстар жүргізіледі. Осы арада жоғарыда айтып өткен жаңа технологияның түрлері кеңінен қолданылады, яғни оқытушының шеберлігі аса қажет етіледі. Оқытушы таңдаған технологияны түрлендіріп, аса шеберлік көрсетсе, соғұрлым сабақ мақсатына жетеді деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, оқытушыға білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр. Кез келген оқыту технологиясы іс-əрекеттің қарқындылығы мен белсенділігін арттырады. Тіл үйренушінің оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын жойып алмау мақсатында, алдымен ұғымға сəйкес түсінікті болуын ескеру қажет, берілетін тапсырманың тəрбиелік мəніне көңіл бөлініп, сезімді, қызығушылықты оятатындай құрылуы керектігі ескерілуі қажет.
Турсумбаева Г.С
Қостанай қаласы 122 орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі