Home » Ашық сабақтар » Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Мақсаты:

  • Ана тіліміздің қадір-қасиетін біліп, ұлттық тілдің өркендеуіне тілдің мәртебесін көтеруге үйрету.
  • Тіл көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін мақал-мәтел арқылы ой-өрісін дамыту.
  • Қазақстан Республикасының ұлттық тілі – қазақ тілі екенін білу.
  • Тіл тазалығын сақтау, тілімізге деген сүйіспеншілік қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге, атсалысуға шақыру.

     Жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті тәрбиешілер, ұстаздар, бүлдіршіндер! Бүгін, міне, балабақшаішілік тілдер мерекесіне арналған «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты мерекелік шараға қош келдіңіздер!

     Жүргізуші: «Тілін білмеген түбін білмейді» деген. Шынында, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін білмесе, қасірет емес пе? Сол себептен әр адам өз ана тілін қарашығындай сақтауы керек.

Осындай мақсатпен біздің бақшамызда «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты сайыс ұйымдастырылып отыр.

Ешбір іс-шара әділ қазыларсыз өтпеген. Қазылар алқасымен таныстыру.

  • Құрметті қонақтар, балалар, ұстаздар, ендігі кезекте сіздерді сайыстың кезеңдерімен таныстырып өтейік. Сайыс 8-кезеңнен тұрады. Әр кезең бойынша сайыскерлер жауап берулеріне байланысты 1-5 ұпаймен бағаланады.

1-кезең: Таныстыру.

2-кезең: «Бәйге»

3-кезең: «Мақал – сөздің мәйегі»

4-кезең: «Сүйемін туған тілді»

5-кезең: «Кім зерек?»

6-кезең: «Менің сүйікті фильмім»

7-кезең: «Ой толғау»

8-кезең: «Сегіз қырлы, бір сырлы»

Сонымен, сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Беташарын сайысымыздың бастайық,

Көрерменді бір серпілтіп тастайық.

Таныстырсын сайыскерлер өздерін,

Өнеріне ду қол соғып қостайық.

 

1-кезең «Таныстыру»

Қазақтың түрлі-түрлі дәстүрі бар,

Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.

Жауабын таба ма екен сайыскерлер,

Сол себептен қоятын сұрақтар да бар.

2-кезең «Бәйге»    

Бұл бөлімде сайыскерлер 1 минут ішінде қойылған сұрақтарға нақты әрі тез жауап беруі тиіс. Әрбір дұрыс жауап – 1 ұпай.

  1. Қазақтың ұлы ақыны кім?
  2. Қазақтың тұңғыш педагог-жазушысы кім?
  3. Абайдың әжесінің аты кім?
  4. Қазақ әліпбиінде қанша әріп бар?
  5. Қазақстан Республикасының рәміздерін ата?
  6. 100 жасаған ақын?
  7. Қазақ тілі қай халықтың ана тілі?
  8. Киіз үйдің төбесі?
  9. Әнұранның әнін кім жазған?
  10. Қай жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді?
  11. Тұңғыш қазақ ғарышкері кім?
  12. Сүйінбайдың шәкірті кім?

3-кезең: «Мақал – сөздің мәйегі»

Алдын ала дайындалған парақтарды суырып, ондағы мақал-мәтелдің түсіп қалған сыңарын тауып айту.

4-кезең: «Сүйемін туған тілді» (мәнерлеп оқу)

5-кезең: «Кім зерек?»

Бұл кезеңде әр топқа өлең үзінділері беріледі. Ол қай өленің үзіндісі екенін және өлеңді кім жазғанын айту керек.

С. Торайғыров. «Мен қазақпын»

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын.

 

М.Мақатаев. «Үш бақытым»

Ал екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

6-кезең: «Менің сүйікті фильмім». Бұл кезеңде қазақ фильмдерінің үзінділері көрсетіледі. Ол қай фильмнің үзіндісі екенін айту керек.

«Көксерек»

«Қыз Жібек»

«Көшпенділер»

«Менің атым Қожа».

«Ақан сері»

«Батыр баян»

7-кезең: «Ой толғау» Бұл кезеңде әр топқа суреттер беріледі. Сол берілген суреттер бойынша мәтін құрастыру керек.

(Астана, Бәйтерек, Ақ Орда, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің ескерткіштері.)

8-кезең: «Сегіз қырлы, бір сырлы»

Бұл кезеңде әр топ өздерінің дайындаған өнерлерін көрсетеді.

Сайысымызды қорытындылап, жеңімпаз топты анықтау үшін қазыларымызға сөз берейік.

Міне осылайша «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты сайысымыз өз мәресіне де келіп жетті. Тіл – әр ұлттың қайталанбас байлығы. Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екеніне тағы көз жеткіздік. Сау болыңыздар!

Г.А. Малаева

МКҚК №6 «Орман ертегі» МДҰ,

әдіскер,

Ақтөбе қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.