Home » Эссе » Тіл – тірегіміз

Тіл – тірегіміз

Тіл – адамның адамдық белгісінің жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиын күйге түсер еді? Тіл қоғамда өмір сүреді. Қоғам жоқ жерде тіл жоқ, тіл жоқ жерде қоғам жоқ. Осы екеуі бір-бірісіз өмір сүре алмайды. Тіл болу үшін халық бір-бірімен тек қазақша сөйлеуі керек деп ойлаймын. Өйткені анамыздың ақ сүтімен алпыс екі тамырға тарап, аманат болып келе жатқан тілімізді қорлау, біздің адамгершілік қасиетіміздің жойылғандығын білдіреді.

Ана тілі – ар өлшемі. Менің ана тілім – қазақ тілі.  Қазақ тілі – ең бай тіл. Қазақ тілі – бізге сонау ата бабамыздың аманат болып, келер ұрпақтың асыл мұрасына айналған. Сол асыл мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Ана тіліміздің ғұмырының ұзақ болуы да бізге байланысты. Біз қазақ болып туғанымызды мақтанышпен айтуымыз керек.

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы,

Өссе тілім, менде бірге өсемін,

Өшсе тілім, менде бірге өшемін,-деп ақындарымыз жырлағандай, тілімізді қадірлеп, оның санамыздан жоғалып кетуіне жол бермеуіміз керек деп ойлаймын.

Туған тіліміз – өте қастерлі. Сондықтан оны аман сақтап, ешкімге қорлатпай, оның қаншалықты қасиетті екенін жас ұрпаққа ұғындыру – әр адамның борышы деп есептеймін. Егер жастар асыл қазынамыз – қазақ тіліміздің қадірін білсе, ешқашанда оны ештеңеге айыр бастап кетпейді деп ойлаймын.

Туған тілім – бабам тілі. Туған тіліміз үшін өмірін арнаған  қаншама ақын –жазушыларымыз бар. Басынан қандай зұлмат өтсе де дәстүрі мен тілінен айырылмау, бұл әрбір қазақ үшін немесе жүрегі қазақ деп соғатын адамзаттың баласына тән қасиет секілді. Қазағымның болашағы үшін деп маңдай тері мен қанын бірдей төккен  арыс азаматтарымыз, соның ішінде Ахмет Байтұрсынов атамыз, қазағымның балалары сауатсыз болмасын деп, қатарынан қалмасын деп, басқа елдің езгісіне бергісі келмей, қазақтарды білім нәрімен сусындатқысы келіп, қазақ әліпбиін ойлап тапқан еңбегінің өзі бөлек әңгіме. Қазағымның көгіне өрмелеп шығып күн болам деп, қазақтың жастарын бірлікке шақырып, өзге ұлттың боданында мәртебесінің төмен болмауын, қазақ жастарының болашағын ойлап, қан жұтып кеткен Мағжан Жұмабаев атамыздың еңбегі біз үшін құнды дүние болып қалмақ. Қазақтың репрессияға ұшырап кеткен қаймақтарының жанын қиып, өзінің елі үшін, өзінің тілі үшін жаны ашып, өмірлері өкінішпен өтіп кеткен арыстарымыздың еңбегін, солардың қанымен келген қазақтың тап-таза тілін қорлауға  болмайды. Тіліміздің шұбарлануына біз жол бермеуіміз керек. Солардың ішінде нағыз ұлт жанашыры, ұлжанды қайраткеріміз Мұхтар Шахановта былай деген еді.

Тілің қайда, дінің қайда, қазағым?
Кей халықтың мазағына айналдың.
«Қазақстан» деп аталған соң еліміз,
Қайда сенің ана тілің, қазағым?

Міне, Қазақстанда тұрғанымызбен кейбір қазақтың қара көз қыздары мен ұлдары шүлдірлесіп орысша сөйлесіп жатқанда қарның ашады. Неге біз тәуелсіз Қазақстанда тұрып, орыс тілінде сөйлеуіміз керек?! Сондықтан ағайын, туған жерімізде емін – еркін жүріп, өз тіліміздің қадір-қасиетін біле жүргеніміз жөн шығар. Шет елге кетіп, сонда қалып, өз тілінің құдіретіне жетпей жүрген студенттер де бар. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!»-деген сөз бар емес пе?! Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай,  «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата бабамызды, тарихымызды ұмыту». Яғни бұл жерден айтарым, адам баласы өзі өсіп өнген туған жеріне, ана тіліне еш уақытта қиянат жасауға болмайды. Әйтсе де көпке топырақ шашпайын,  кейбір жастарымыз бар тіліміздің мәртебесін көтеруге қаншама үлес қосып, өсіп- өркендеуіне септігін тигізіп, қазақ тілінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, тілге деген құрметтің шексіз екендігін дәлелдеп жүрген.

Сол айтқандай, менде болашақта дәл осындай тілімнің жанашыры болып, оның шұбарланып кетуіне жол бермеуге бар күшімді саламын. Мен әлі өзімді кішкентаймын деп санаймын. Бірақ қазақ тіліміздің болашағының жарқын болуына кішкене болса да, осы шығармам арқылы өз үлесімді қосқым келеді. Кейбір ұл-қыздарымыздың ана тілімізді білмеуі немесе шала білуі мені қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-анасы кінәлі деген ойда кетіп жатады. Батыр, даңқты тұлғамыз Бауыржан Момышұлы «шыр етіп, сәби дүниеге келгенде анасы баласына қазақ тілінде бесік жырын айтып, әлдилеп, отбасындағы адамдар бір- бірімен қазақ тілінде сөйлессе, бәлкім қазақ тіліне жанашыр тағы бір патриот дүниеге келеді деп ойлаймын» деген еді. Егер тәрбие қазақ тілінде берілсе, баланың өмір сүретін ортасы қазақ тілінде болса, онда тілге деген жанашырлық, құрмет бәрі-бәрі күннің жарық сәулесіндей болар еді.

Кейде қазақ тілінде сөйлеуге ұялып, орыс тілінде сөйлеген қазақтарды көргенде, орыс жазушысы Константин Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі есіме түседі. Сондықтан да, Қазақстанда тұратын әрбір азамат өз ана тілі, қазақ тілінде тілдің мүддесін сақтап, тек қазақша сөйлессе деймін.

Ана тілің арың – бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Қадір ағамызша, өзге тілдің бәрін білсек те, өз тіліміздің мәртебісін қазағымның кең даласында биікке көтеріп жүрейік ағайын. Өйткені тіл – біздің басты тірегіміз.

 

Байдыклышева Гүлден

                                         Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,

Жаңаөзен мектеп-лицейінің

8 «А» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.