Home » Жаңалықтар » Тіл – татулық тірегі

Тіл – татулық тірегі

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы қазан айының 25 жұлдызында Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық жастар форумын өткізді. Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің тіл мамандары, этномәдени бірлестік өкілдері, қала мектептерінің мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері және журналистер қатысты.

         «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, бұл жолғы жамбылдық әкімдіктегі қызметкерлердің жиыны мемлекеттік тілімізді, яғни қазақ тілін насихаттау мақсатында жан-жақты ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама көрермен көңілінен шықты.

Форумға қатысушылар тіркеліп, оларды түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киген «Томирис» би тобы «Достық» атты әдемі биімен қарсы алып, облыстық қазақ драма театрының әртістері «Қазақ елі» композициясын паш етті.

Тіл жанашырлары мен белсенді жастарды ҚР Мәдениет және спорт министрі мен Тіл саясаты комитетінің төрағасы алғыс хаттармен, ал аталмыш облыстың әкімі Асқар Мырзахметов «Құрмет грамоталармен» марапаттады.

«Ана тілің біліп қой,

Еркіндігің, тендігің,

Ана тілің біліп қой,

Мақтанышын, елдігің
Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!», — деп қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли жырлағандай тілді құрметтеп, тіліміздің дамуы үшін еңбек сіңірген бірқатар жамбылдық тіл жанашырларына, жалпы жұртшылыққа арнап құттықтау сөз сөйлеген  аталмыш облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы: «Әлемдегі бес миллионға жуық халық латын графикасын қолданып отырғандықтан Қазақстан да көштен қалмауы тиіс. Сондықтан да осы мәңгілік еліміздің тілі мен тарихын мәңгілік ететін сендерсіндер, жастар! Сондықтан да достығымыз бен бірлігіміздің арқасында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыра берейік!», — деп ағынан жарылды.

Ал, қатысушылар, ұйымдастыру комитетіне алғыстарын білдіріп, тіл туралы қысқаша баяндама оқыды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Мырзабаева Балмира Жүнісбекқызы: «Армысыздар, бүгінгі форумға жиналған жастар және көпшілік қауым! Ең алдымен мен осы форумды ұйымдастырып отырған комитетке, әсіресе,  Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының тіл мамандарына үлкен алғысымды білдіремін. Өйткені, мемлекеттік тілдерді дамыту жұмыстарын жүргізуде, қарлығаштың қанатындай азғантай еңбегімізді елеп-екшеп, арықарай жалғастыруға шабыт сыйлап отырған бүгінгі іс-шараны ұйымдастыру комитетіне көп рахмет! Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың сәуір айында біздің елімізде руханиятқа үлкен реформа жасалды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласы. Елбасының мақаласында еліміздің дамуы үшін   6 құрамды атап көрсетті. Ең маңыздысы – ұлттық бірегейлік пен латынға көшуді кезең-кезеңімен міндеттеп қояды. Міне, не үшін біз латынға көшеміз? Жастар осыны терең түсіну керек. Ең біріншіден, латынға көшу арқылы қазақ тілі – біздің мемлекеттік тіліміз әлемдік қауымдастыққа интеграцияланады. Екіншіден, жаһандану үрдісінде өзіміздің мемлекеттік тілімізді сақтаймыз! Үшіншіден, бүкіл әлемдегі қазақтардың басын біріктіреді. Төртіншіден, Мекемтас Мырзахметұлы ғалым, абайтанушы айтқандай түркі тілдестер монолиттік, тұтастық құруға алып келеді. Сонымен қатар, лингвист ғалымдардың айтуы бойынша, латынға көшу арқылы қазақ тіліндегі бірқатар лингвистикалық бірқатар мәселелерді шешеміз!» — деп латынға көшудің мән-маңыздылығын айта кетті.

 P.S. Жыл сайын тілдер мерекесіне орай Жамбыл облысында үлкен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Тараз қаласының білім бөлімінің басшысы М.Қ.Жинақбаева мен ұстаздар қауымы Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Құрманбекова Сұлушаш Сәтбекқызы мен Тараз қаласы білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  IT-әдіскері Шеримова Гаухар Жылысбекқызына педагогтардың басын қосып, көңілге қонымды іс-шаралар ұйымдастырғаны үшін мың алғыс білдіреді!

 

 

Бошаева Шарипа Бегалықызы,
Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

    

    

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.