Еліміздің тәуелсіздік алғанына үстіміздегі жылдың желтоқсаныңда 27 жыл болмақ. Еліміз әлемнің төрт бұрышына саяси толеранттылығымен, экономикалық, дипломатиялық, мәдени қарым-қатынастардағы жетістіктерімен уақыт өте келе танылуда. Алғашқы тәуелсіздік алған жылдарда мәдени серпіліс, ұлттық мүдде, тіл мәселесі туралы батыл шешімдер болашақтың еншісі ретінде қаралды.
Ал, қазіргі Қазақстан мүлде басқа. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың қаңтар айында ғана еліміздің жалпы ішкі өнімі 4 пайызға өскендігін хабарлады. Яғни, экономика қалыпты дамуда. 27 жыл ішінде саяси тұрақтылықты дәріптеудеміз.
Солай десекте, ел ішінде әлі де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Бірақ, тіл мәселесі барлығынан жоғары болуы тиісті. Осыдан жиырма жыл бұрын үкімет, парламент отырыстарында қазақ тілі «есіктен сығалап» қарап тұратын. Өкінішке орай, қазақ тілі әлі де өз мінбесіне баяу көтерілуде.
Әлемде тілі жойылу алдында тұрған қаншама халықтар бар. Massaget.kz сайтының мәліметінше: «Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі ұлт тілдерінің жартысына жуығы жойылып кетеді деп болжады. Олардың көпшілігі бұрынғы КСРО құрамында болған елдердегі тілдер. 2010 жылы ЮНЕСКО жоғалу алдында тұрған әлем тілдерінің атласын жасады. Атласқа 2500 тіл мен диалект енген. Бір ғана Еуропада жойылу қаупінде тұрған 212 тіл бар екен. Тағы 13-і таяуарада мүлдем жоқ болады деп болжанды. Тарихта ассимиляцияланған халықтарды білеміз. Халқымыз 17 млн ғана құрағанмен рухы биік, сондықтанда болашаққа үмітіміз зор.
Еліміздің оңтүстік аймақтары қаймағы бұзылмаған, қазақылықты сақтап қалған киелі өлке. Керісінше, солтүстік өңір халқы 74 жыл өмір сүрген әміршіл-әкімшіл саяси жүйенің саясаты салдарынан бүгінгі күнге дейін өз жерінде отырып өз тілінде сөйлемеуде.
Мен, мектепте мұғалімдік қызмет атқарамын. Мектептегі тәрбиенің негізінде оқушылар мектеп қабырғасында қазақша сөйлеседі. Бірақ, мектептен тыс уақытта өзара орыс тілін пайдаланады. Себебі, ата-анасы, туыстары, көршісі қазақ бола тұра орыс тілінде сөйлеуді жөн санайды.
Бұл мәселенің шешімі тек қана – мемлекет тарпынан жасалу керекті реформа емес. Әр қазақ «мен қазақпын» деп қазақша сөйлеп, балаларын қазақша сөйлеуге, қазақылыққа тәрбиелесе, келер ұрпақ өз тілін, ұлтын, мәдениетін құрметтер еді.
Соңғы уақытта, әлеуметтік желілерде қазақ қазақпен қазақша сөйлесейік деген ақпараттар тарауда. Неге туған тіліміздің өрісінің кең қанат жаюына үлес қоспасқа?!
Жатқанова Нұрлыгүл Ғабдужапаровна,
Райымбек батыр атындағы
№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің
тарих және география пәндерінің мұғалімі