Баспаева Нурзия Усмановна
Орал қаласы №18 «Балбөбекжайының қазақ тілі мұғалімі
Губарова к.
«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» — деп қазақ халқы бекер айтпаған. Еліміздің, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман тілегі-тәуелсіздікті алып, қоғамды заман талабына сай жаңарту. Заман талабы: ел болашағы — жас ұрпақты мектепке дейінгі мекемеден бастап ана тіліне оқыту, Отанын, туған жерін, елін сүйетін, ана тілін ардақтайтын, салт-дәстүрлерді қастерлейтін, бойында ұлттық сана-сезімі қалыптасқан парасатты азаматты тәрбиелеу.
«Тіл тағдыры — ел тағдыры» — дейді халқымыз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл қанатты сөзді мағынасын терең ашып көрсетеді. Елбасымыз «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» дейді. Ана тіліміздің болашағы туралы бұл ой-тұжырымдары мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге бағыт-бағдар береді.
Балабақшада қазақ тілін үйрену — балалардың болашағына кепіл . Қазақ тілі — ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ана тіліне қамқорлық ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі» демекші, менің парызым — балабақшадағы өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді меңгерту.
«Тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттің де басыбайлы дүниесі емес. Тіл — халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәртебесі — елдің мерейі. Жалпы осы қызмет түрінде мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілін меңгертудің алғашқы оқыту сатысы сөзді жаттау, тілдік үлгідегі ұғымды түсіндіру, өлең, фонетикалық жаттығуларды және т.б. игерту қолданылады. Бұл жұмыс түрлері балалардың дұрыс сөйлеуіне, тілге деген қызығушылығына мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі балаларға қазақ тілді үйретудің басты шарттары топта жағымды психологиялық климат, мейірімді орта, қазақ тілінде тілдесудің қуану сияқты факторлар өз септігін тигізеді. Қазақ тілін үйретуде балалардың сөздік қорларын байыту, сөздіктерінің белсенділігін арттыру, күнделікті өмірде қолдана білуіне бағыт беру, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтырып, тіл мәдениетін жетілдіру, сөйлем құрап, сөйлесу тәжірибесін ұдайы ұйымдастыру. Осының бәрі – балалардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін ұғынып, тілдің жетілуіне жол ашады. Тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудегі талап, міндеттер балабақшамызда жақсы іске асырылуда.
Қазақстан халықтарының Тілдер күні аясында Орал қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мектепке дейінгі ұйым бүлдіршіндерінің арасында ұйымдастырған «Бала тілі — бал» байқауында менің тәрбиеленушім Щурихина Вероника 2 жүлделі орынға ие болды. Тағыда сондай бөбекжайымызда Қазақстан халықтарының Тілдер күні аясында тіл апталығында ұйымдастырылған мәнерлеп өлең оқу, мақал-мәтел, жаңылтпаш айту, қазақша ән салу байқаулары өтті. Біздің тәрбиеленушілеріміз Кругова Вика «Достық» әнімен, Меркульева София «Жаңбыр» атты әнімен, Грошева Настя «Отан» атты, Щурихина Вероника «Ана тілім» атты өлеңімен көрермендерді тәнті етті.
Сонымен қатар ата-аналармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіледі. Ата-аналар бұрышына өтілген материал бойынша жаңа сөздер ілінеді. Балалармен бірге қазақ тілінде өткен мерекелік іс — шараларға қызығушылықпен ат салысады. Бөбекжайда өткізілген өлең оқу байқауына ата-аналар Кругова Марина Николаевна, Филатова Елена Геннадьевна, Щурихина Элита Эдуардовна қатысып балаларды қуантты.
Халық байлығының асыл қазынасы – рухани тіл. Оны меңгеру бесік тәрбиесінен, ана әлдиінен бастап, балабақшада ары қарай жүзеге аспақ. Қазақта «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді», — деген мақал бар. Демек, біз балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін бойына қазақ тілінің қасиетін сүттей сіңіре білсек, еңбегіміздің жемісі алда екенін білеміз.