Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б. тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде пайдалану — әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе, тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып табылады. Болашақ тұлға өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білім- білік дағдысын кеңейтеді. Қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын терең меңгерген оқушы қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады. Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушыны жеке тұлға ретінде және оның ұлттық сана-сезімін, өзіндік, дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыруға негіз болатын әлемдегі аса бай, мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары әдебиеттердің қатарындағы қазақ әдебиеті пәнін жүргізудің өзіндік қыры сан қилы.
Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын керемет құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі — ата-ана, сонан соң — ұстаз, мектеп, қоршаған орта екені баршамызға белгілі. Өнер, ғылым бар жұртта өскелең ұрпақ тәрбиені ата-анадан да, мектептен де, араласатын ортасынан да, өздері оқып жүрген қазақ әдебиетіндегі түрлі бай аңыз-ертегілерден де аларына ешкім шүбә келтірмейді. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады.Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Дөрекілікке, бойкүйездікке, жамандыққа аяқ баспайды.
Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам мен түсінік қалыптастырамыз. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындылар арқылы қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері мол. Ұрпақ бойында ұлттық ұғымдарды сіңіру үшін, біз оқушыға өткен тарихымызды танытуымызға тиіспіз.
Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге, жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, баяндама жасауы, ғылыми зерттеу жазып қорғауы т.б.б алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде пайдаланып мұғалімнің шәкірттері де өз бетімен жұмыс істеуге тез үйренеді. Орта буын оқушыларының арнайы ереже дәптерлері, альбомдар, сөздіктері, конспектілері, хронологиялық кестелері болуға тиіс. Сонымен бірге, шығармашылық дәптері бөлек болғаны дұрыс. Оған оқушы өздеріне ұнаған мақал-мәтелдерді, афоризмдерді, шешендік сөздерді де жазып алып жүруге баулу керек. Осы ретте, шығармашылыққа жақын кейбір оқушылар сол дәптерге қоса әңгіме, мақала, күнделік, пікір жазып үйренуіне мүмкіндік туады.
Тіл мәселесі, әсіресе, небір зұлматты бастан өткерген қазақ тілінің мәселесі қашан да өткір әрі өзекті болмақ. Қазақ тілі мен әдебиетінің мектепте оқытылу жайы әркімді де толғандыруы тиіс.
Қазақ тілін оқыту, оқушыларға түсіндірудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру қажеттілігі қазіргі таңда да қарастырылып келе жатқан мәселе. Демек, тіл ғылымының үздіксіз дамуының нәтижесінде адам баласы ой-санасының, дүниетанымының өсуіне байланысты оқыту әдістемесі де қатар жетіліп байып отыр. Өйткені, озат мұғалімдер тәжірибелерінен толығып оның мазмұны мен жүйесі, құрылысы, кеңейіп, байып отырады. Қоғам ілгері дамыған сайын оқыту мазмұны да күнделікті жаңарып, жетіліп отырады.
Озық ойлы адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Осындай қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер етеді. Соңғы жылдары жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда.
Жаңа технологияның басты мақсатының бірі- баланы оқыта отырып оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Яғни, ғылыми негізде білім беру үшін жаңа технологияларды меңгере отырып, оны сабаққа енгізу педагогтар алдындағы өзекті мәселе екені анық.
Қорыта айтатын болсам, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту- бүгінгі заманның ең өзекті талабы. Осы ретте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін дұрыс жүргізе білудің, оқушы санасына жеткізе білудің маңызы зор. Педагогтің шеберлігі, яғни, шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастырып сабақ өтуі, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе… Жоғары деңгейде сабақ беретін оқытушының алдынан шыққан оқушы – болашаққа басқан қадамында шалыс баспай, өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, рухани жан дүниесі бай тұлға болып қалыптасады. Бұл — ұстаз үшін ең үлкен мәртебе! Әрбір мұғалім өзінің шәкіртінің еліне елеулі кірпіш болып қаланғанын көрсе – еңбегінің еш кетпегенін жан жүрегімен мойындары сөзсіз…
Жунусбекова Рымтай,
Қарағанды облысы, Абай қаласы
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
«№14 мектеп-лицейі» КММ