Home » Жаңалықтар » «Тіл жанашыры – 2017» республикалық байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді

«Тіл жанашыры – 2017» республикалық байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді

2017 жылғы 29 қарашада сағат 16.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейінде «Тіл жанашыры – 2017» республикалық байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді.

Қоғамның бұл жоғары марапаты жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосқан еліміздің, сондай-ақ шет мемлекеттердің азаматтарына табысталады. Атап айтқанда, ол қоғамдық негізде қазақ тілін БАҚ, әдебиет пен өнер саласында насихаттаушыларға, Қазақстанда және шетелде қазақ тілі білімінің деңгейін көтеру бойынша оқыту және мәдени-ағартушылық бағдарламаларын әзірлеушілер мен іске асырушыларға, инновациялық және бірегей авторлық оқыту әдістемесін қолданып, оқушылар мен студенттерге мемлекеттік тілді оқытушыларға, сонымен қатар тіл білімі, тарих, этнография салаларының өзекті мәселелеріне ғылыми зерттеу жүргізушілерге, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға бағытталған баспа өнімдерін дайындаушылар мен шығарушыларға, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларға, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға ықпал ететін іс-шараларға демеушілік жасағандарға беріледі.

Байқауды 2007 жылы «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігі бекіткен. Үміткерлерді марапаттау рәсімі екі жылда бір рет өтіп тұрады. Биыл марапаттау салтанаты алтыншы мәрте өтейін деп отыр.

Үміткерлерді көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан құрылған арнайы комиссия іріктейді. Комиссияны «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков басқарады.

Алғашқы рет «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен қазақ тілін зерттеген шетелдік ғалымдар марапатталған еді. Олардың қатарында Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, АҚШ ғалымдары бар.

Келесі жылдары марапатқа тілге шынайы қамқорлық пен жанашырлық танытқан, оның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар, оқытушылар, ақын-жазушылар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, журналистер және мемлекеттік тіл мен қазақ мәдениетін қолдау бойынша ұйымдастырылған іс-шараларға демеушілік жасаған меценаттар ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы,

Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.