Home » Мақалалар » Тіл жанашырлары осындай болмақ…

Тіл жанашырлары осындай болмақ…

«Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе» деген Ыбырай Алтынсариннің сөзіне үңілсек, бар жауап өзінде тұрғанын көруге болады.

Ол рас,қазақ тілінің байлығының жеті мен шегі жоқ десек қателеспегеніміз, өйткені сонау «Ауыз әдебиетінен» бастау алған, тіл маржандарының орны бір бөлек. Бесікте уілдеп жатқан сәбиді «Бесік жыры» әнімен бастап тәрбиелейтін жанұядағы баланың бас ұстаздары-ата –аналарға басымды иер едім, бірақ қазір барлық жанұя осы қағиданы ұстанбайды. Міне ,осы жағдай кері әсерін тигізіп отырған жандардың бар екендігін дәлелдеудің де керегі жоқ шығар. Ана құрсағынан жаңа шыққан сәбиді өз ана тілінде тәрбиелемегендіктен, өздері де орыс тілінде шүлдірлеп сөйлеп тұрған жас ата –аналарға қарап қайран қаласың! Көпшілік ортада, қонақта, көлікте «Неге баламен өз ана тілінде сөйлетпейсіңдер?» деген ескерту жасасаң болды, нағыз ата жау болып шыға келесің. Ол неліктен? Оның жауабы дайын, ол жастардың үлкен айтқан ақылға тоқтамауынан «Өзім білемін» деген қағиданы ұстанып алып, өзге айтқан ойға тоқтамауынан, екіншіден өзі отырған ортада тілге , тінге, жерге деген сүйіспеншілікті бала бойына сіңірте алмағандықтан деп топшылауға тура келеді. Осындай жастар алдында олардың сүйектеріне, жүректерінен өткізіп айтатын нағыз тіл жанашырлары жиі отырыстар, дөңгелек столдар, жиналыстар, мәжілістер өткізсе, жастарымыз үлкен айтқан сөзге тоқтар еді. Ондай шаралар өткізілмей жатыр деген сөз емес, сөз мәні сол шаралардың жоспарлы түрде, ұтымды өткізілуінде болмақ.

Міне,   осындай жақсы бір бастама ақпан айында «Достар» мәдениет үйінде Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі- мемлекеттік тіл» атты мәжілісі өтті. Зал іші тіл жанашырларымен толып отырды. Тіл жанашырларының алдында Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру — әдістемелік орталығы директорының орынбасары Асанғазы Оразкүл Асанғазықызының жиналған қауым алдында айтқан мына сөздері «Қазақ барда тіл бар.Тіл барда қазақ бар. Қазақстанда орыс тілінің мәселесі жоқ. Тек мемлекеттік тілдің мәселесі бар. Қазақ тілі –біз менсінбей, біз елемейтін тіл емес. Қазақ тілі –түркі тілдердің ішіндегі ең жауһары, ең шырайлысы. Ата –абабаларымыз мұра етіп қалдырған қазақ тілді қорлап, өлтіріп, есіктің алдына шығарып қоюға ешкімнің қақысы жоқ. Біз текті ата –бабаның ұрпағымыз» деген сөзі жүректерінің түбіне дейін өтіп, әр жүректе «Мен елімнің- париотымын!» деген сезімді өз басым ұялатты   дер едім. Оразкүл Асанғазықызы өзінің қандай жұмыстар орындап жүргендігі жайлы ақпарат бере отырып , өзінің алдында ақпарат беріп кеткен әр сөйлеушінің сөзіне өз пікірін айтып, рахметін білдірді, өйткені әр сөйлеуші өзінің ұжымымен жасаған жұмыстарының жемістері туралы оқып бермей, жан дүниесін қопара отырып, дәлелдеп, баға бере кеткендігі барлығымызға да ұнаған еді. Талай жиындарда отырғанда сөйлеушілер қағаз бетінен бас алмай оқып кеткенде ұйқың келіп, кеткің келетіндігімізді жасырмаймын, ал мына мәжіліс ұйықтағанды оятып, шаршағанның қолтығына дем берді. Нәзік қазақтың ару анасы, бір жанұяның ұйытқысы Оразкүл апайымыздың бойынан қазақтың жігіттерінің бойында бар ержүректік, елге, жерге, тіліне, тініне деген зор сүйіспеншілігі бар, нағыз ел патриотын көргенде мынандай адамдар өмірге бір –ақ рет келеді деген ой түйдім. Өз басым талай жиналыстар көргенмен, бірақ мынандай адамның өне бойына дейін өткізіп айтып, әр адамды жігерлендіріп қана қоймай, сонымен қатар «Қазақ тілі –менің ана тілім, оны әркім білуге тиіс!» деген ойды түйіп шыққан тіл жанашырларының көздерінен , сөздерінен Оразкүл апайға деген рахметі мен мейірімі байқалып тұрды. Өзім тіл маманы болғандықтан ол кісінің әр сөзін, ойын ойымнан жүз рет өткізіп, өз ұжымыма осы кісінің сөзін қаншалықты дұрыс жеткізе аламын деген ой мазалап, ұжым алдында сөйлемес бұрын бар ойымды бір жүйеге келтіріп , жоспарлап, ұжымға қазақ тілін қалай үйретуге болады деген сұраққа әкімшілік дөңгелек стол ұйымдастырып, әр жанның ойын саралап барып, қазақ тілін жеңіл үйрету жолдарын іздеп тапты. Біздің № 1 Құрылыс –техникалық колледжінің басшысы, әкімшіліктің шешімімен ұжымға түсінікті , жеңіл болатын шағын кітапшалар дайындап, кітапшаның ішіне шағын сұхбаттасу жолдары арқылы жұмыстың басын бастамақ болып ұйғардық. Ол кітапшаларда ұжымда, басқа ортада, студенттермен сабақ барысында сөйлесу жолдарын жоспарлап, шағын кітапшалар дайындалды.. Мұғалімдер, қызметкерлер дем алып отырғанда, сабаққа кіргенде, өзінің бос уақытын тиімді пайдалана отырып, өздерін қазақ тілін үйрену жолына тарту жұмыстары жүргізілетін болады. . Ай басында ұсынған кітапшалар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысын, қаншалықты деңгейге көтерілгенін көру мақсатында тағы да дөңгелек стол ұйымдастырып, бір –бірімізбен сөйлесу барысында анықтап, егер жұмыс жақсы жүріп жатса, кітапша ішіндегі сөз саптау жағын өзгертіп, тапсырмаларды сәл қиындатып отырамыз деген шешімге келдік. Ұжымдағы барлық мұғалімдер мен қызметкерлер бір ауыздан ойымызды құптап, бір–бірімізбен қазақ тілінде сөйлесу жобасын жүзеге асыру жолында келелі істер жоспарлануда. . Мен ойлаймын , егер осындай жұмыстар барлық жерде сапалы түрде өтсе, ертең латын ғарпіне көшу барысы да қиындықсыз , жақсы өтеді деп ойлаймын. Латын ғарпінің берері мол екендігін барлық қазақ қауымы түсініп отыр. Тілімізді өзге тілден енген кірме сөздерден тазартып қана қоймай, сонымен қатар орыстанып кеткен ұрпағымызды өз ортасына қайтарудың шешуші жолы осы деуге болады. Елбасымен жоспарлап отырған кітаптардың латын ғарпіне көшіп, ел балаларын латын ғарпінде оқыту процессі басталғанда, тіліміздің қаншалықты таза, әдемі екендігін сезінеміз деген ойдамыз.

Самуратова Сандуғаш Асылбекқызы,
Көкшетау қаласы,
№1 құрылыс-техникалық колледжі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.