Home » Мақалалар » Тіл – біздің тұтастығымыз

Тіл – біздің тұтастығымыз

Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты. Тіл – ұлттың жаны, тіл –ұлттың асыл қазынасы. Бұл қазынаны жоғалтуға болмайды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тілдер мерекесіне орай «Ақерке бөбекжай» КМҚК-да «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» апталығы өтті. Бөбекжайда өткен іс-шара жұмыстарына тәрбиеленушілер мен педагогтар белсене қатысты. Негізгі мақсаты: тәрбиеленушілерге өз ана тілінің қадір-қасиетін, құдіретін ұғындыру, тіл мәртебесін көтеру және білім деңгейлерін сарапқа салу. Басқа тілдерге де құрметпен қарап, әрбір ұлттың  ана тілі баға жетпес мұра екенін сезіндіріп, тілге деген сүйіспеншілігін арттыру.

Қыркүйектің 18-і күні «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты іс-шараның ашылу салтанаты өтті. Бөбекжай директоры А. Назирова педагогтар мен бүлдіршіндерді Тілдер күні мерекесімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

19 күні «Ұлттарды біріктірген – ұлы тіл» тақырыбында суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

20 күні «Ақбота» ересектер тобында ағылшын тілі мұғалімі Аида Берлібаевна «What? Where? When?» тақырыбында ашық ұйымдастырылған оқу қызметін өткізді.

21 күні педагогтар арасында «Тіл – біздің тұтастығымыз» атты дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелде бөбекжай әдіскері К.О. Жылкыбаева тілдің қазіргі таңдағы жағдайы мен мәртебесі туралы баяндама оқыды және әр қатысушының пікірі тыңдалды.

22 күні «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты мерекелік ертеңгілік болып өтті. Онда кішкентай бүлдіршіндер тақпақтар айтып, әсем әннен шашу шашты.

        

К.О. Жылкыбаева

«Ақерке бөбекжай» КМҚК әдіскері

                                                       Қарағанды облысы, Абай ауданы,

Топар кенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.