Еліміздің Солтүстік аймағында орналасқан қасиетті Қостанай жерінде қаншама таланттар дүниеге келген. Солардың бірегейі де, біртуар талант иесі, өзіндік ой өрнегін қалыптастыра білген ойы шымыр, қаламы жүйрік журналист Ляззат Максутовна десек болады. Адалдық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, парасаттылық, өткірлік, білімділік, кәсібилік осының бәрі тектілік атты күмбезі көк тіреген зәулім сарайды тұрғызуға жұмсалған құрылыс материалдары іспетті. Міне, осы қасиеттердің бәрін Ляззат Максутовнаның бойынан табасың. Ол қазақ журналистикасының жілігін шағып, майын ішкен жан. Қысқасы, жоқ дүниеден жұп-жұмыр нәрсе жасау тек журналистің ғана қолынан келмек.
ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген Ляззат Максутовна – бүгінде журналистика саласының майталманы, «Білімді ел — Образованная страна» республикалық білім беру қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Өмір бойы тек журналист мамандығында жүріп, бұдан төрт жыл бұрын Президенттің әлемнің дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы идеясымен рухтандырылып, білімсіз ұлттың болуы мүмкін еместігін түсінгендіктен де БАҚ нарығында бәсекеге қабілетті білім беру ресурстарының пайда болуынан – білімді ел жобасын құру туралы шешім қабылдады.
Мұғалімдердің газеті қай кезеңде Ресейде болғанмен де, біз үшін мұның орны жетпес еді. Міне, біздің газет осылайша пайда болды. Бүгінгі күні бұл газет барлық облыстарда таратылатын әрі педагогикалық қоғамдастыққа танымал әрі сүйікті газетке айналды. Сондай-ақ редакция баспа газетімен қатар, bilimdinews.kz. порталын да жаңа деңгейге жеткізіп отырады.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек екені анық.
Баспа ұжымының өршіл мақсат қоюынан көптеген жоспарлар мен ойларымыз жүзеге асырылып, Білімді елдің шығарылымы өз оқырмандары мен Қазақстанның барлық педагогтеріне деген сүйіспеншілікпен жасалады.
Бұл газеттің мақсаты – еліміздегі білім беру саласындағы инновациялық саясатты қолдау, педагогтер мен білім беру мекемелерінің тәжірибелерін және мамандардың пікірлерін насихаттау.
Өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету парыз. Осыны түсінген Ляззат Максутовна қай істе болсын нәтижеге жетуге тырысып, қайсарлықпен бұқаралық ақпарат құралдары алдындағы өзінің міндетін бар күш-қайратын салып орындайтын маман. Білімді ел газетін шығару жолында аянбай тер төгіп, оқырмандар құрметіне бөленіп жүрген жан. «Білімді ел — Образованная страна» республикалық білім беру қоғамдық-саяси газеті «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұжымы үшін мәртебесі жоғары газет. Бүгінде біздің «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институты «Білімді ел — Образованная страна» республикалық білім беру қоғамдық-саяси газетімен ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Облыс ұстаздарының және ПҚ БА институтындағы педагогтердің еңбектері мен мақалаларының үнемі газет беттерінде жарық көруі біз үшін мәртебе.
Құрметті Ляззат Максутовна, алдағы уақытта еңбекте – табысқа, өмірде қызыққа жете беріңіз! Сізге шын жүректен темірдей мықты денсаулық, тағлымды ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз. Өзіңізді қадір тұтатын ұжымыңыздың арасындағы сара жолыңыз жалғаса берсін! Мемлекет пен халық арасында алтын көпір қалап, бағындырар белестеріңіз көп болсын!
Тілеу Туғанбаева,
Алуа Бухарбаева,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды
филиалының қызметкерлері