Home » Мақалалар » Тілді үйрете бастаудың дер шағы

Тілді үйрете бастаудың дер шағы

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа экономикалық өрлеу – қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты қазақстан халқына жолдауында қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады.Үкіметке әкімдермен бірлесіп үстіміздегі жылдың бірінші жартысында балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиелеумен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруға кірісуді үлкен сеніммен тапсырып отыр. Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы, оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты. Жекетұлғаны дамытуға, қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға байланысты білім мен тәрбие беру баса назар аударарлық саланың бірі. Осы саланың алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбие. Тілді үйрете бастаудың дер шағы осы кезең. Тіл – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы. Ендеше тілді қорғау – ұлттық мүддеміз. Бүгінгі таңда тілді меңгерту, мемлекеттік тілде сөйлету оңай іс емес екендігі белгілі. Сондықтан мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың тілін дамытуда ең алдымен өз Ана тілінде дұрыс, мағыналы сөйлеуді үйрету мәселесін қойған жөн. Балалар бақшасындағы мектепке дейінгі сәбилерді тілге үйретудің мазмұны, жұмысты ұйымдастыру мен оқытудың негізгі әдістері «Балалар бақшасындағы тәрбие бағдарламасында» анықталған. «Балалар бақшасындағы тәрбие бағдарламасы» тілді дамыту жұмысын балаларды айналадағылармен таныстыру жөніндегі жұмыспен, сондай- ақ көркем әдебиетпен біріктіреді және осы жұмыстың формасын анықтайды. «Бағдарламада» тілді оқытудың негізгі екі формасы аталған: біріншісі–тәрбиешімен, балалар бақшасының басқа қызметкерлерімен еркін сөйлесуі, бір-бірімен әңгімелесуі арқылы балалардың тілін дамыту жұмысы, екіншісі-тілді дамыту жөніндегі арнайы сабақтар.Мектеп жасына дейінгі балалардың сөзге қызығушылығы, сөйлеу үлгілерінің ірге тасы осы балалық шақтан қаланатынын ескере келіп, балалардың тіл үйренуге қызығушылығын арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру, тілге тән дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру, сөз үйрете отырып, сөздік қорларын байыту, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру міндеттері алға қойылады.Осы міндеттерді іске асыра отырып, жас ұрпақтың тілін дамытып, Ана тілінде дұрыс сөйлей білуге үйрете аламыз. Сондай-ақ балаларды күнделікті тіл дамыту сабағында алған білімдерін бекіту, сөздік қорларының белсенділігін арттыру, Ана тілінде дұрыс сөйлей білу аясын кеңейту мақсаттары арнайы іріктеліп алынатын әдіс- тәсілдер арқылы жүзеге асырылып отырады.

Мектепке дейінгі мекемелерде өтілетін түрлі сабақтарда кеңінен қолдануға болатын, тіл дамыту сабағында ерекше орын алатын мынадай әдіс-тәсілді атап кетуге болады.

Морфологиялық талдау әдісі:

Жүйелі жіктеу (неден тұрады, әр бөлім қалай жүргізіледі), қиял мен ғажайып қиялды (фантазия) дамыту. Қиялдай отырып шығармашылық әңгіме, ертегілер құрастыру барысында балалардың сөздік қорын молайтып, тілдерін дамыту мақсатын көздейді.

 Мнемотехника тәсілі: мұндай тәсілдер әсіресе мектепке дейінгі балалар үшін айрықша маңызды, өйткені ой есептері сыртқы құралдардың көмегімен тез шешіледі, олар көрнекі материалдарды сөз арқылы жеткізе отырып, тілдік қоры молаяды.

Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдерін дамытып, мағыналы сөйлей білуге үйрету мақсатында осындай әдістерді сабақтарда тиімді пайдалана білу керек. «Тіл үшін,- деп жазады профессор М.М.Кольцова,- дамудың мұндай «қиын- қыстау» кезеңі бала өмірінің алғашқы үш жылы болып табылады: осы кезге қарай негізінен мидың анатомиялық сөйлеу желісінің жетілуі аяқталады, бала ана тілінің басты грамматикалық формаларын меңгереді, мол сөз қорын жинайды. Егер алғашқы үш жылында сәбидің тіліне тиісті назар аударылмаса, кейін олқылықтың орнын толтыру үшін қыруар күш-жігер жұмсауға тура келеді.»

Қорыта айтқанда тілді дер кезінде және сапалы меңгеру балада дұрыс психиканың қалыптасуының және оның кейін жақсы дамуының алғашқы аса маңызды шарты болып табылады. Дер кезі дегеніміз бала дүниеге келген алғашқы күннен бастау, сапалы дегеніміз тілдік материал көлемінің жеткілікті болуы және баланы әрбір жас кезеңіне қарай тілді меңгеруге деген мүмкіндіктерін толық пайдалану. Алғашқы жас сатысында баланың тілін дамытуға назар аудару ерекше маңызды, өйткені осы кезде баланың миы жедел өсіп, оның қызметі қалыптасады.

Жақсылықова Гүлмира Балабаевна,
Нұр-Сұлтан қаласы гуманитарлық колледжі
Мектепке дейінгі педагогика және жеке әдістемелер оқытушысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.