Home » Оқу-әдістемелік материалдар » ТІЛДІ ДЕҢГЕЙЛІК ОҚЫТУ МЕН ШИЫРШЫҚ ТӘРІЗДІ ОҚЫТУДЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

ТІЛДІ ДЕҢГЕЙЛІК ОҚЫТУ МЕН ШИЫРШЫҚ ТӘРІЗДІ ОҚЫТУДЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫ

Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелердің бірі – өзгермелі әлеуметтік және экономикалық жағдайда өмір сүруге дайын ғана емес, айналасындағы шынайы өмірге белсенді қатысатын, оны жақсартуға ықпал ете алатын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты жеке тұлғаға қойылатын мынадай талаптар алдыңғы орынға шығады: креативтілік, белсенділік, әлеуметтілік жауапкершілік, ой-өрісінің кеңдігі, жоғары кәсіби деңгейлі сауаттылық, танымдық әрекетке қызғушылығының басымдығы.
Сондықтан оқу мен оқытуға деген көзқарас пен қарым-қатынасқа біршама өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды. Сол себепті де, Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту ісі белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта репродуктивтіні конструктивті, яғни сындарлы оқыту алмастыруда. Оның мақсаты — оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Сондай-ақ, пән теориясын білумен қатар, оны өмірде пайдалана алуы үшін оқушы бойында белгілі бір дағдыны қалыптастыру бірінші орынға шығып отыр.
Бағдарламаның басым бөлігі сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтиды. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту, олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дереккөздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.
Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындауға мүмкіндіктері болуы аса маңызды болып табылады. Осы ретте шиыршықты оқыту бағдарламасының маңызы зор.
           Шиыршық қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Оның пікірінше, ең күрделі материалдың өзі дұрыс құрылымдалып, дұрыс ұсынылатын болса, оны тіпті кішкентай балалар да түсіне алады. Сонымен қатар, «жұмыстану негізіне баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматы салынып, дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен басталғаны абзал» (Ж.Аймауытұлы, 1929).
Джером Брунер адамның танымдық қабілеті шартты түрде бөлінген үш сатыдан тұрады деп тұжырымдайды:
— белсенді (жұмыс үдерісінде білім алу);
— бейнелік (суреттер мен бейнелердің көмегімен білім алу);
— таңбалық (сөздер мен сандардың көмегімен білім алу).
Бұл спиральді білім беру бағдарламасы тұжырымының дамуына себеп болған.
          Шиыршық қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасының негізгі ерекшеліктеріне тоқталайық:
           — оқушы мектептегі оқу үдерісінің барлық кезеңінде тақырыпты (пәнді) бірнеше рет қарастырады, қайталап оқиды;
— әрбір қайталап оқыған сайын тақырыптың (пәннің)күрделілігі арта түседі;
— жаңа тақырып алдыңғы тақырыптармен тығыз байланысты және алдында берілген ақпараттың мазмұны аясында қарастырылады.
          Шиыршық қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасының басымдығына тоқталамыз:

  • оқушы тақырыпты (пәнді) қайталап оқыған сайын ақпарат бекітіліп отырады;
  • тақырыптар жеңілден күрделі идеяларға қисынды жолмен ауыстырылады;
  • оқушыларға сол тақырып аясында бұрын алған білімдерін сабақтың мақсатына жетуде жетістіктерге қол жеткізу үшін қолдану ұсынылады.
    Орта білім мазмұнын жаңарту аясында әзірленген оқу бағдарламалары оқушылардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдыларын қайталанып тексеріліп отыратын шиыршық қағидаты бойынша құрылған оқу моделіне негізделген.
    Оқушылардың сыныптан сыныпқа көшу барысында алға ілгерлеуіне орай, олар өздерінің 4 тілдік дағдыны (айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым) меңгеріп, түсінуіне анағұрлым сенімді бола түседі. Мысалы, «Жазылым» дағдысын қалыптастыруда «Әртүрлі стильде хат түрлерін жазу» бойынша оқушылардың шиыршықты білім беру бағдарламасы арқылы алға ілгерлеуі айқын көрінеді.
                Тілді деңгейлік оқыту — кез келген тілді екінші тіл ретінде оқыту әдістемесінде деңгейлік оқытудың басты қағидаттары ескеріледі.
    Тілді  деңгейлік  оқыту — үздіксіз  білім  беру  жүйесіндегі  ортақ ұстанымдар   аркылы   әр  деңгейдің мақсатын,   міндеттерін,   білім   мазмұнын,   оқытудың   түрлері   мен   әдіс-тәсілдерін, түпкі нәтижелерін анықтауға негізделеді.
    Екінші тілді үйрену барысында тілдік қабілетті сипаттауда Жалпыеуропалық тіл құзыреттілігін бағалау жүйесі (CEFR) кеңінен қолданылуда. Тілді үйренудің барлық аспектілерінде алға ілгерілеуді сипаттайтын 50-ден астам жеке өлшемдер бар. Олар үдемелі түрде күрделенетін оқытуды және бағалауды жоспарлауда қолданылып, тәжірибенің жүйелілігін қамтамасыз етеді. Еуропалык деңгейлер  жүйесіне сәйкес,  отандық әдістемеші-ғалымдар қазақ тілін үйрету үшін алты деңгейді ұстанады:
  • бастапқы деңгей A1, A2;
  • тәуелсіз деңгей B1, B2;
  • тәжірибелі деңгей C1, C2.

Деңгейлерге тоқтала кетсек:

Бастапқы деңгей А1. Күнделікті өмірдегі таныс сөздер мен негізгі сөз тіркестерін түсінеді және қолданады. Өзін және өзге адамдарды таныстыра алады, сондай-ақ жеке өміріне қатысты сұрақ қойып, оларға жауап бере алады.

Бастапқы деңгей А2. Қарапайым сөз тіркестерімен өзінің өмірі, өзінің жұмыс орнына қатысты, сондай-ақ өзге де тез шешуді қажет ететін мәселелерді талқылай алады.

Тәуелсіз деңгей В1. Өзінің тәжірибесін, оқиғаларды, армандарын, сенімдерін, ұмтылысын қысқаша сипаттап, өзінің көзқарасы мен жоспарларын түсіндіре алады.

Тәуелсіз деңгей В2. Өз ойын еркін және тез жеткізе алады, тілдің өкілдерімен кедергісіз, еркін қарым-қатынас жасай алады.

Тәжірибелі деңгей С1. Кез келген естіген немесе оқыған хабарламаларды оңай түсінеді. Хабарламаны еске түсіре отырып, әртүрлі ауызша және жазбаша деректер арқылы ақпаратты қорытып талдай алады.

Тәжірибелі деңгей С2. Әртүрлі тақырыптағы күрделі және көлемді мәтіндерді түсінеді, астарлы мағыналарын біледі. Сөздер мен сөз тіркестерін қолдану кезінде ешқандай кедергісіз өз ойын тез жеткізе алады.
Тілді меңгеру деңгейлерінде үдемелі реттілік бар: тілді жаңадан үйреніп жүргендер мен өзге тілде еркін сөйлеушіге дейін.
Пән бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес қазақ тілін үйрену бағдарламасының мақсаты оқушылардың Жалпыеуропалық тіл құзыреттілігін бағалау жүйесі бойынша белгілі бір деңгейге жетуі болып табылады.
Қорыта келе айтарым, орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілін оқытуда оқушылардың күнделікті өмірде, білім алуда, әлеуметтік-мәдени және іскерлік саласында қарым-қатынас жасау үшін қажетті айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым дағдыларын, танымдық дағдыларын, ойлау қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытамыз.

 Қолданылған әдебиеттер:

  1. Тілді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде «Балабақша-мектеп-колледж-жоғары оқу орны» жүйесінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытуды енгізудің әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал. Астана, 2013
  2. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 2000. – 208 б.
  3. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, «Назарбаев Зияткерлік мектептері»ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы,  2016
  4. «Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы» екінші басылым «Назарбаев Зияткерлік мектептері»ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016
  5. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау басшылығы, ҚР Білім және Ғылым Министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы, Астана 2016

Сейтказина Рысгуль Сейтбековна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша
ПҚ БАИ-дың тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру
кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.