Home » Мақалалар » Тілге құрмет – елге құрмет!

Тілге құрмет – елге құрмет!

Тілді өркендету – баршаның міндеті. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Елбасы халыққа Жолдауында: «Тіліміздің мемлекеттік қызметте де, ғылымда да, білім беруде де орыс тіліндей болып кең қолданылуы үшін, қолдан келетінінің бәрін істеу керек» — делінген. Білім беру жүйесінің көкейтесті мәселелерінің бірі – жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз қазақ тілінде сөйлеп тұр. Десек те бала тәрбиесіне нағыз керегі ана тіліміздегі анимация, мультимедиялық бағдарламалар тіл үйретуге көп әсер етеді. Мектепке дейінгі бала тәрбиелеу тіл арқылы жүзеге асады. Егер баланың тілі бай болса, ойы да кеңейе түседі. Ол үшін өлең, әңгіме, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаш оқытып, таныстырудың маңызы зор.

Баланың алғашқы ұстазы – ата-анасы, тәрбиешісі. Бала мен тәрбиеші сөйлесуі, араласуы арқылы баланың тілі күн сайын жетіледі.

Ғ.Мүсіреповтың сөзімен айтсақ: «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады». Өгей ұрпақ қалыптаспас үшін, баланың тілге деген қызығушылығын арттыруға түрлі ойындар қолдану керек. Ойын арқылы баланың психологиясы қалыптасады. Балабақша қабырғасында түрлі әндер, өлеңдер жаттап, ойындар үйренеді. Бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін – ана тіліміздегі ертегілер. Ертегі арқылы тілін, Отанын сүйетін ұрпақ етіп тәрбиелеуге болады. Ата-бабадан қалған мұраларды қолданып, болашақ ұрпақты еңбекке, адамгершілікке, имандылыққа қалыптастырамыз. Тәрбиешінің Отан алдындағы міндеті – мемлекеттік тілімізді өрге бастырып, тіл дәрежесін көтеру болып табылады. Сондықтан бағдарлама бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекет кезінде ұлттық ойындарды үнемі қолдану керек.

Қорыта айтқанда, тіл – жеке адамның шаруасы емес, мемлекеттің де басты байлығы емес. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Қазақ тілінің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Бала тәрбиесінде осыны ұмытпағанымыз абзал. Тілге шешен, өр мінезді ұрпақ өсіру үшін жас ұрпақты жетілдірудегі ойымды мына өлең шумақтарымен қорытындылағанды жөн санадым.

Ана тілсіз көрсем де бір күнімді,

Дей алмаспын мен өзімді білімді.

Қазақ елі бір қызыңмын демес ем,

Білмей тұрып туған ана тілімді.

 

Кінәлі емес тіліміз де салтымыз,

Жоғалтқан тек ана тілді халқымыз.

Бодандықтан құтылсақ та ұзақ жыл,

Өзгермеді шұбар тілді қалпымыз.

 

Ұзақ жылдар қос тілділік жайлаған,

Өзге тілде талай қазақ сайраған.

Бүгін міне «Үш тіл» деген заң шықты,

Елбасымыз өз халқына жолдаған.

 

Жастарымыз білім алсын деңгейлі,

Деген оймен құлашымыз кеңейді.

Өз тілінде сөйлемеген қазақты,

Ешбір ұлттар дамыған ел демейді.

 

Бар қазақта арман, асқақ, тілек бір,

Халқы батыр, жайсаң елміз тілі өткір.

Ұл-қыздарың сақтап жүрсін өзіңді,

«Қазақ тілі» әрқашанда биік тұр!

Ізбасар Мәдина Құрманғалиқызы,

№34 «Ақ бидай» балабақшасының тәрбиешісі,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.