Бүгін Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне танысу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Нуркина мен Айзада Құрманова атбасын тіреді. Жұмыс сапарымен келген меймандарымыз білім ордасын аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдымен мұғалімдер мектебімізде жүзеге асырылатын «Экологиялық қобдиша», «Бастау», «CLIL», «ТРИЗ», «PISA» сынды жобалармен таныстырды. Бұл ретте қонақтарымыз оң бағасын беріп, педагогтердің кәсіби даму деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
Келесі кезекте халық қалаулары басқа аймақтардан келген оқушыларға арналған жатақхананы аралады. Жатын бөлмелерді, оқушылардың шығармашылығын, фотокөрмені тамашалап, барлық жағдай жасалғанын айтты.
Бұдан соң қонақтарымыз робототехника, биотехнология, нанотехнология кабинеттеріне бет бұрды. Оқушылар ұсынған әрбір робот құрылғысы үлкен таңданыс тудырды. Депутаттар өзен тазартқыш роботтың бүгінгі таңда Ертіс өзені мен Баянауыл көлдеріне пайдасының мол боларын атап өтті.
Ал оқушылардың ғылыми жұмыстарының барлығына қызығушылықтарын білдірген қонақтар болашақта жобалардың әрқайсысы тәжірибе барысында жүзеге асырылып, өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында үлкен рөл атқаратынына сенімдерін білдірді.
Бұдан соң мектебіміздің жас шеберлерінің туындыларын тамашалап, 9-сынып оқушысы Альтаир Тұяқбаевтың салған суреттерін сыйға алды. Сонымен қатар кітапханада болған меймандарымыз кітап қорымен және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында шығарылатын пән оқулықтарымен танысып, мұндай кітапхана басқа да мектептерге үлгі болатынын атап өтті.
— Біз бүгін Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтерімен қатар оқушыларымен де кездестік. Менің ойымша осы мектепте бар материалдық-техникалық база оқушылардың теориялық және тәжірибелік тұрғыдан білім алуына жасалған үлкен жағдай болып табылады. Мұндағы кітапхананы ерекше атап өткім келеді. Білім ордасында күнделікті өткізілетін кітап оқу уақытында оқушылардан бөлек мектеп қызметкерлерінің де қолдарына кітап алып оқитындары қуантты, — деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нуркина.
Экскурсия соңында халық қалаулары оқушылар мен барлық педагогтерге жаңа шығармашылық табыстар мен мықты білім тіледі.
Сатыбалдинова Арнагүл Айтмұратқызы,
Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы,
Павлодар қаласы