Home » Жаңалықтар » Тыңдаушылар дән риза

Тыңдаушылар дән риза

2017 жылдың 27 қазаны күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында мектеп директорлары, директордың орынбасарлары, әдіскерлер мен пән мұғалімдерінің қатысуымен «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайындағы білім беру ортасының мазмұны» тақырыбымен аралас оқу (Blended Learning) форматында өтіп жатқан біліктілікті арттыру курсы сәтті аяқталып, сертификат тапсырылды.

Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ «Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, курс тьюторы Жанилаш Бекенжанды курс тыңдаушыларының жоба қорғау сәтінде сөзге тартып, сұқбаттасып, аралас оқу жүйесіндегі курстың қалай өткендігі жөнінде сұраған едік:

«Аралас оқу (Blended Learning) форматында өткен курс тыңдаушылар үшін тиімді болды. Өндірістен қол үзбей, бұл формат арқылы тыңдаушы материалды толық зерделеудің жолдарын игерді. Алғаш рет өткізілгендіктен болар 34 тыңдаушы саны көптік етті. Курс тыңдаушылары жоба қорғау барысында берілген тақырыптағы мәселені, көздеп отырған мақсаттары мен міндеттерін таба білмеген. Жүйелілік болмады. Негізгі бөлім дұрыс болса, қорытынды дұрыс болмады. Күтілетін нәтижеге болжам жасай алмай, қорытындыда байланыс болмады. Әр жұмысты іріктеп қараймын деп біраз уақытым кетті. Кері байланысқа шығуға қиындық туғызды».

Курсқа қатысқан 34 тыңдаушыға алғашқы күні сабақ кестесі беріліп, порталға тіркеліп, сол бойынша жұмыс жасап, қорғайтын тақырыптары да берілген болатын. Енді міне, тыңдаушылар тест тапсырып, жобаларын қорғап, сертификатқа ие болды.

Аралас оқу (Blended Learning) форматында өткізілген курс жөнінде тыңдаушылар да өздерінің ойларын ортаға салды.

Мұнайлы ауданындағы №7 орта мектептің бастауыш сынып бойынша мектеп директорының орынбасары Бибігүл Төлегенова: «Курсқа келген алғашқы күні порталға тіркелдік, топ болып қорғайтын жоба тақырыбы берілді. Өзара байланыс жасап тұру үшін бір аудандағы жақын мектептен келген мұғалімдер біріктік. Төрт рет он-лайн жүйесінде кездестік, 6 модуль бойынша тест, өзіндік (ТӨЖ) жұмысын тапсырдық. Алты модульдің әрқайсысында 15-тен, ал қорытынды тестте 35 сұрақ болды. Курсанттар 50 пайыздық балл жинау керек болды. Ал біз 60-90 аралығында балл жинадық. Бұл жоғары деп есептелді».

Мұнайлы ауданындағы №2 орта мектеп директорының орынбасары Жәмила Қозбағарова: «Біз осы аудандағы №6 мектептің директоры Сүйінова Жадыра және №1 мектептің директоры Сәркенова Сәния, осы аудандағы №5 мектептің директоры Бөкен Жамал бесеуміз «Жалпы білім беретін мектеп жағдайында, кіші мектеп жасында даму мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық бейімдеу» тақырыбындағы жобаны сәтті қорғап шықтық. Бәріміз де бір ауданнан болғандықтан біз тығыз байланыста жұмыс жасадық. Берілген жобаны ақылдаса, кеңесе отырып дайындадық. Осындай аралас бағытта өткен курс тиімді, жұмыстан қол үзбей, дәрісімізді де жүргізіп отырдық. Бәріне де үлгірдік. Қиындығы мен қызығы қатар болды. Соңғы тестте қиындықтар болды. Берілген сұрақтардың нақты жауабын табуда қиналдық, көп тер төгудің арқасында жоғары деңгейге жеттік. Курс ұнады».

Түпқараған ауданындағы Е. Өмірбаев атындағы орта мектептің директоры Қанат Әйтекешов: «Бұл аралас оқыту тәртібіндегі курс бұрынғы қатысып жүрген курстардан өзгеше болды. Біздер уақытымызды тиімді пайдалана отырып, өз бетімізше ізденіп, жұмыс жасадық. Сайт арқылы тапсырма орындаған кезде ізденесің, өз біліміңді тексересің. Нормативтік-құқықтық модуль, басқарушылық, психологиялық-педагогикалық, мазмұндық, технологиялық, варативтік модульдер бойынша дәріс алдық. «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың мектепке дайындықтағы мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында жоба қорғадық. Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарымен, оларға арналған нұсқаулықтармен жан-жақты таныстық. Бұл курста бізге бір қиындық туғызған жақтарын айта кетейін: 6 модуль бойынша дәрістер орыс тілінен тікелей аударылғандықтан, мазмұны, сондай-ақ тест сұрақтары да түсініксіздеу болды. Алдағы уақытта орыс тілінен аударылған дәрістердің мазмұнына көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар».

Тыңдаушылардың курс жөніндегі пікірлерінен түйгеніміз, аралас оқу (Blended Learning) форматындағы біліктілік арттыру курсы өте тиімді. Педагог бір мезгілде әрі жұмысын да істей береді, әрі курстан өтіп, өз білімін арттырады.

Тьютор Жанилаш Бекенжанның жұмысын тыңдаушылары жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді.

Біз де курс тыңдаушылары мен тьюторды Аралас оқу (Blended Learning) форматында өткен курсты табысты аяқтауларымен құттықтадық.

 

П. ҚАРЖАУБАЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Маңғыстау облысы бойынша

ПҚ БАИ-дың

Қоғаммен байланыс және

баспа жұмыстары жөніндегі

бөлімнің бас маманы,

Ақтау қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.