Тыңдалым -төрт тілдік дағдының ең алғашқысы. Тыңдалым дегеніміз — ақпаратты құлақпен есту арқылы қабылдау. Біз тыңдағанда, әрбір жекелеген дыбыстарды (әріптер, ритм, пауза) қабылдау үшін құлағымызды пайдаланамыз және оларды қандай да бір мағынаға ие болатын хабарламаға айналдыру үшін миды іске қосамыз. Ғалым Ф. Оразбаеваның айтуы бойынша, түсіну – сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу жүзеге аспайды. Сөйлесім әрекетіне қатысты айту да, оқу да, жазу да, есту де, тілдесу де белгілі бір хабарланған, баяндалған ойды түсінуге негізделеді.
Тілді үйренушілер мен ата аналарда жиі кездесетін қателіктердің бірі тыңдау мен естуді бір нәрсе деп қабылдау. Оған бір дәлел адамның миы әрбір секунд сайын 20 000 аудиториялық ақпаратты қабылдай алады екен. Есту — белсеенділігі төмен іс әрекет. Бір бөлмеде сөйлесіп отырған бірнеше адамдардың ортасында отырмын деп елестетіп көріңізші. Барлық адамдар өзара сөйлесіп жатқанымен, сіз барлық адамның не туралы сөйлесіп жатқанын қадағалай алмайсыз. Сіз барлығын да естіп отырсыз, алайда болып жатқан әңгімелер сіздің жадыңызда тіркеліп жатқан жоқ, тек оларды естіп отырсыз.
Екінші жағынан, тыңдау естігенімізден мағыналы қажетті ақпарат алудың саналы үдерісі болып табылады, яғни тыңдалым сөйлеуші мен оның айтып отырған ақпаратына тыңдаушының зейін қойып белсенді қатысып отыруын талап етеді. Дағдыға бағытталған тыңдалым ақпаратқа назардың шоғырлануын, басқаға алаңдамауды және беріліп отырған ақпараттың мазмұнымен мағыналы байланыс орнатуды да талап етеді. Жақсы тыңдалым көп тәжірибені қажет етеді, және, әрине, үлкен еңбекпен келеді.
Егер сіз бір тілді еркін меңгеріп, сол тілде сөйлей алсаңыз, онда сіз екінші және одан көп тілдерді үйрену қабілетіңіз бар деген сөз.
Сіз өз ана тіліңізді қалай үйренгеніңіз туралы ойланып көрдіңіз бе? Шындығында, Сіз ештеңе «үйренген» жоқсыз сіз бар болғаны сол тілде сөйлей бастадыңыз. Екі үш жасқа толған кезіңізде ана тіліңізде сөйлей бастадыңыз. Алғашында бір екі сөздер, бірақ толықсөйлемдер емес. Бірақ сөйлей бастадыңыз. Сәл кейіндеу сіз ойланбай ақ, жақсы жетістіктерге жете бастадыңыз. Бұл бір сиқыр секілді! Бірақ бұл сиқыр емес. Бұл тыңдаудың нәтижесі. Екі үш жасқа дейін сіз өзіңізді қоршаған адамдарды тек тыңдаумен болдыңыз, сіз өз ана тіліңізде ертеден кешке дейін сөйлесіп жүрген адамдарды тыңдадыңыз. Мүмкін сіз тыңдаған шығарсыз, бірақ бұл жерде ең маңызды рөл ойнағаны сіздің естуден жалықпағаныңыз. Содан кейін сіз сөйлей бастадыңыз. Сіздің тыңдаған еңбегіңіздің арқасында сіз сөйлей бастадыңыз. Екіүш жыл бойына өзіңіз естіген сөздердің барлығы сіздің жадыңызға жазыла берді. Сосын ол сізден сөздер болып қайта шыға бастады. Міне, осы себептен де шетел тілін үйренуде Сіз үшін тыңдалымның (есту) маңызы жоғары екенін байқадыңыз ба?
Мектепте оқитын оқушылардың ішінде тыңдалым дағдысы жақсы қалыптасқан оқушылар бұл дағдысы төмен сыныптастарына қарағанда, кез келген пәндер бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады. Тыңдалым дағдысы жақсы қалыптасқан оқушылар, сонымен қатар, адамдармен қарым қатынас жасауда және мансап жолында жоғарылауда да табысты болады. Тыңдалым дағдысына жұмсалған күш жігердің өз деңгейінде болмағандығынан, білім алушылар тіл үйренуден толық ләззат алмауы да мүмкін.
Тыңдалым сөйлесім барысында айтушыдан қажетті ақпараттарды алу үшін өте маңызды. Тыңдалым кезінде сөйлеушінің дене қимылы, ым ишаралары вербальды емес сөйлеушіні түсінуге көмектесетін қосымша құралдар болып табылады. Сондықтан тыңдаушы үнемі сөйлеушіні назарында ұстауы абзал. Тыңдалым дағдысы дамыған тіл үйренуші қателерді аз жасайды. Сонымен бірге, сыпайылықпен тыңдау адамдар арасында қарым қатынасты жақсартады, яғни тіл мәдениетін қалыптастырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, адамдардың 25% ы ғана тиімді тыңдай алады.
Тыңдалымды дамытатын дағдылар мен амалдар
Дағдылар | Амалдар |
Білім:Сөздің фонетикалық, грамматикалық құрылысын ести отырып қабылдай білу | Түсіну мен жаттау. |
Сөздік:Естіген сөзді мағынасымен сәйкестендіру | Мәтіндерді түсіну үшін тыңдау |
Қарым-қатынастық: тыңдау кезінде алдына мақсат қоя білу және оны айтушы көзқарасымен бірлікте жүзеге асыруға тырысу | Жағдаяттарды шешу үшін мақсат қоя тыңдау |
Тіл үйренушінің бойында тыңдалымды меңгертуге байланысты білім, білік, дағдыларын дамыту келесі әрекеттермен байланысты:
- Тыңдалым – қазақ тілі сабақтарының ажырамас бөлігі болу керек.
- Тіл үйренушілердің тыңдалыммен жұмыс істеу ережелерімен таныс болып, тапсырмаларды белгілі бір тәртіппен орындауынміндеттеу керек.
- Аптасына бір рет болса да тіл үйренуші тыңдаған мәтіні бойынша үй жұмысын орындауы тиіс.
- Оқытушы сабақты жоспарлаған кезде тыңдалым тапсырмалар оқытудың әр деңгейіне қарай іріктеліп берілуге тиіс.
- Тіл үйренушілердің деңгейіне қарай тыңдалым әрекетіне аутентикалық мәтіндерді міндетті түрде кіргізу керек. Бұларға теле-радио хабарларын, бейнежазбалардан үзінділерді тыңдатуды жатқызуға болады.
- Оқытушы ұсынып отырған мәтіннің тіл үйренушінің тілді білу деңгейіне қарай тақырыбын, мазмұнын дұрыс таңдап, тапсырмалардың жеңілден қиынға құрастырылуын қадағалау керек.
- Аудиомәтінді ұсынғанда оларға арналған мақсат та бірге ұсынылады: Мазмұнды толық түсіну, ең басты ойды түсіну, ақпаратты өз қажетіне қарай нақтылап түсіну, болжам жасай білу және т.б.
- Тыңдалымды меңгертуге арналған тиімді техникалық құралдар (аудиодискілер, бейнесюжеттер, ғаламтор мүмкіндіктерін және т.б.) мен оны өткізетін орынды, мезгілді таңдау қажет.
- Тыңдалымды жаңа материалды меңгертуде және тіл үйренушінің білімін бақылау, бағалауда да қолдану керек.
10.Тыңдалым бойынша емтихан аралық бақылау, қорытынды емтихан жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет.
Тыңдалым әрекетін меңгертуге арналған жаттығу түрлері тіл үйренушінің тілді білу деңгейіне, жас ерекшелігіне мақсатына, өмірдегі қажеттілігіне қарай құрастырылады. Сонымен қатар тыңдалатын мәтіндердің тәрбиелік мәні, тіл үйренушінің қызығушылығын арттыратындай белгілі бір мәселесі және сөйлеудің әр түрінің (монолог, диалог, полилог) қамтылуы – мәтін мазмұнына қойылатын негізгі талаптардың бірі. Тыңдалған ақпарат қарымқатынас жасауға негіз болу керек.Жаңа ақпаратты меңгертуге арналған мәтіндерді қайталап тыңдату нәтижесін береді. Бірақ кейбір зерттеулерге назар аударатын болсақ, қайталап тыңдау түсінуді 16,5 %-ға, үшінші рет тыңдату 12,5 %-ға (екіншісімен салыстырғанда) жақсартады, содан кейінгі қайталауларда оң көрсеткіштің болмайтыны байқалған.
Тыңдалымды меңгерту де, бақылау мен бағалау да арнайы жазылған аудио, видеоқұрылығылар, радио, ғаламтор және электронды оқу құралдарымен жұмыс істеуді қажет етеді. Бұл – өз алдына үлкен тақырып. Жоғарыда аталған техникалық және электрондық құралдармен жұмыс істеу тыңдалым әрекетін меңгертуде тиімділігімен қатар, тіл үйренушілердің қызығушылығы мен ынтасын, белсенділіктерін арттырады. Олармен жұмысты тек тыңдалымды ғана емес, сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін меңгертуде, қазақ тілі сабақтарының барлық кезеңдерінде және барлық аудиторияларда жүргізуге болады. Әрбір оқытушы оны өз тарапынан қажетіне, өз әдістемесіне қарай қолданады.
Кайпова Гулдана Сайлбекқызы
Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп лицей
Жалағаш Қызылорда
Әдебиеттер:
- Оразбаева Ф.Ш. Тіл әлемі: мақалалар, зерттеулер.-Алматы: Ан-Арыс, 2009. – 368 бет
- Әлметова Ә. “Сөйлеу әрекет әрекеттері түрлеріне оқыту (әдістемелік құрал). – Алматы: “Арыс” баспасы, 2007.-114 бет”).
- Оразбаева Ф.Ш., Рахметова Р.С., Көпбаева Ж.С., Мазибаева Ж.О. «Қазақ тілі» пәні бойынша қазақ тілін деңгейлік оқытудың білім беру стандарты мен бағдарламасы.-Алматы:Абай атындағы ҚазҰПУ, 2010.-122б.)
- Тілдік дағдыны дамыту: қиындықтары мен шешу жолдары, Астана, 2017